Жаңалықтар

2300 ауырды, 731 жазылды

31 шілдеде жаңадан 2 713 жағдай анықталды. Алдында айтылғандай, анықталып жатқан жағдайлардың 70%-ы Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Қарағанды облысына тиесілі. Өңірде 367 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды.

Ведомствоаралық комиссияның мәліметтеріне сәйкес облыста өткен 25-31 шілде аралығында 2 300 жаңа жағдай анықталған. Жазылып шыққандар – 731 адам. Ең көп анықталғаны 26 шілде, ол күні бірден 379 адамның вирус жұқтырғаны белгілі болды. Жалпы, пандемия басталғаннан бері аймақта коронавирустың расталған 155 410 жағдайы тіркелді. Облыстың санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті ұсынған деректер бойынша 28 шілдеде облыс бойынша 675 842 адам, яғни, вакцинациялауға жататын халықтың 75,3%-ы бірінші компонентпен, 633 647 адам, пайызбен белгілесек, 70,6% толық курсын алған. Ревакцинация туралы деректерге келсек, былтырғы жылдан бері 252 406 адам ревакцинация алды. Бұл оған жататын халықтың 54,3%-ы. Ал, биылғы мамырда қайта басталған ревакцинация аясында 23 286 адам егілді.

Дәрігерлер әу баста айтқандай, вирусқа қарсы антиденелер адам ағзасына 6-7 ай қорған бола алады. Бірақ, бұл мерзім өткеннен кейін олардың саны азайып, күші кемиді. Сондықтан, екі дозадан кейін, үшіншісін, төртіншісін де алу қажеттілігі туындайды.

Бұған қатысты Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының нақты ұстанымы бар. Пандемия біткенше біз халықтың жарты жыл сайын ревакцинация жасатып отыруы үшін жағдай жасауымыз керек. Біздің халық өкінішке орай, вакцинациядан кейін ревакцинация жасатпады. Ревакцинация ағзаның қорғанышын арттырады. Ревакцинациядан кейін де қайта ревакцинация жасауымыз керек, – дейді санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаев.
Алдында ғана Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният елде қолданылатын вакциналар арасында тиімділігі жағынан жоғары көрсеткішті отандық QazVaс көрсеткенін атап өткен еді.

Сонымен қатар, «Спутник V» мен Pfizer вакциналарының тиімділігі жоғары. Sinopharm вакцинасы 50-60% тиімділік көрсетті. Вакциналардың тиімділігі оны әзірлеудің барлық кезеңдерінде оларды өндіріске шығармай тұрғанда тексеріледі. Бүгінде елде коронавирустан 12 млн. адам екпе алды. Оның әрқайсы өзінің вакцинадан кейінгі иммунитетін тексере алады, – дейді министр.

Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button