Жүлде салған зілтеміршілер
Елімізде ауыр атлетика жақсы дамыған. Талай әлемдік додада зілтеміршілеріміз топ жарып жүр. 17 жасқа және 20 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында жақсы нәтижелер көрсеткен қарағандылықтар Қазақстан командасы қоржынына бес медаль салды. Олар – Қарағанды облысының кешенді спорт мектебінің оқушылары.

Айтулы жарысқа әлемнің 21 елінен білегі мен белі мықты 261 спортшы қатысты. Қазақстан құрамасы атынан 21 спортшы қатысса, олардың үшеуі – қарағандылық. Қасиетті Арқа жерінің намысын қорғаған үш спортшының үшеуі де жүлдегер атанды.
17 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында 102 келіге дейінгі салмақта Никита Абдрахмановқа тең келер ешкім болған жоқ. Ол 354 кг (158+196) жинап, жұлқып көтеруде үздік атанып, абыройымызды асқақтатты. Сондай-ақ, Никита 20 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында күміс медальді жеңіп алды.
Дәл осы санатта зілтемірші Клим Башаргин 89 келіге дейінгі салмақта жұлқып көтеруде III орынға табан тіреді.
Ал, Дарья Балабаюк 49 келіге дейінгі салмақта қарсыласына сәл ғана есе жіберіп, күміс медаль иегері атанды.
Бұл саңлақ спортшыларды Александр Кирюхин, Константин Гончаров және Иван Снегуров сынды білікті жаттықтырушылар жаттықтыратынын атап өткен жөн.
Бұған дейін, маусым айында Мексикада өткен сайыста ұлдар мен қыздар арасындағы Әлем чемпионатында Никита Абдрахманов (2006 ж. т.) жаттығулардың екі түрінде жеңіске жетсе, Дарья Балабаюк (2007 ж. т.) қола жеңіп алған еді.
Жәлел ШАЛҚАР.