Жаңалықтар

Науқас неге қашты?

Балқаш қаласының орталық ауруханасынан шу шықты. Ел аман, жұрт тынышта орын алған оқиға дүниені дүрліктірді. Атап айтқанда, әлеуметтік желіде науқастың дәрігерлерден көрген жәбірі туралы әңгімелеген бейнежазба жарияланды. «Отбасымды шақырыңдар» деп, жатудан бас тарттым. Маған екпе салмаңдар дедім. Сосын олар мені ұрып-соқты, байлап қойып, екпе салды. Аузымды жауып тастады. Аппараттан ажыратылсам, өліп қалатынымды айтты, сол кезде түкірігімді жұта алмадым», – дейді Қанат есімді азамат әлеуметтік желіде тараған бейнежазбада.

WhatsApp желісіндегі видеоға назар аударсақ, Қанат Асанбеков есімді азамат 14 шілде күні ауруханаға түскен. Алдымен науқастың қызуы көтерілген соң үйде жұбайы «Парацетамол» берген. «Жедел жәрдем» шақырып, денсаулығын тексертуді ойлаған. Нәтижесінде қабылдау бөліміне келіп, алғашқыда жүрегінде дерт барын айтып, жансақтау бөліміне жөнелтілген. Бұдан кейін туыстарына «кінәрат жүректе емес, асқазан обыры, соңғы стадия» деп айтқан. Туысқандарына Қанат Асанбеков­тің жағдайы ауыр екендігін жеткізген. Ал, ауруханадан қашып шыққан науқастың айтуынша, дәрігерлер қол-­аяғын байлап, төсекке таңып тастаған. Туыстарынан келген асты бермей, тек егіп, система қойған. Жәбірленуші жанындағы адамды ота жасауға алып кеткенде байлаулы қолын босатып, терезені сындырып, қашып шыққан. Жолда көлік тоқтатып, әпкесінің үйіне жеткен. Жұртшылықты дүр сілкіндірген оқиғаның анық-қанығын білу үшін Қанат Асанбековтің қызы Айданамен тілдестік.

– Барлығы видеодан көргендегідей жағдай. Әкемнің есі дұрыс. Жалпы, әкеміз бұған дейін денсаулығына байланысты ауруханаға жатпаған адам. Әкеміз ауруханадан қашып шығатын күні бізге «жағдайы ауыр, дүйсенбіге дейін қан қысымын реттейміз» деген еді. Расы керек, туысқандар жағдайы ауыр деген соң әзірлік жасай бастады. 16 шілде күні кешкісін 16:30­-да әпкеміздің үйіне әкем қашып келген. Бізге науқастың жағдайы қиын деген уақыттан кейін тура 5 сағаттан соң қашып шығып отыр. Полиция бөліміне арыз­-шағымымыз­ды түсірдік. «Іс қозғалды» деген хабарлама келді. Әкеміз қазір тамақ ішіп, үйде күтім жасап жатырмыз. Бізді алаңдатып отырған әкеміздің денсаулығына қатысты диагнозы. Әкемізден алған сараптамасы қалай болады екен деген уайым бар. Отбасымыз мынау оқиғадан кейін үрейден шыға алмай отырмыз, – дейді қызы Айдана.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының Балқаш аймақтық өкілдігі бөлімінің хабарлауынша, науқас ауруханаға ауыр жағдайда түскен.

– Аталған науқас Балқаш қаласының
орталық ауруханасына ауыр жағдайда жеткізілді. Науқастың қан қысымы сол сәтте өте төмен деңгейде болғандықтан, дереу реанимацияға ауыстырылды. Шұғыл медициналық көмек көрсетілгеннен кейін науқастың жағдайы тұрақталды. Мамандар (іш құрылысына КТ және ФГДС) тексеріп, нәтижесінде аурудың асқынғанын және жағдайы қайта нашарлауы мүмкін екенін ескертті. Аурухана әкімшілігі азаматтың туыстарына науқастың денсаулығын назарға алуды және теріс ақпаратты жариялауға жол бермеуге шақырады, – делінген хабарламада.

Білгеніміздей, бүгінде Қанат Асанбеков Қарағанды қаласында дәрігерлердің тексеруінен өтіп жатыр.

Қарағанды облысы Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, аталған факті полицияда тіркелген.

– Балқаш қаласы орталық ауруханасының медицина қызметкеріне қатысты шаралар қабылдау үшін Қарағанды облысы Санитарлық­эпидемиологиялық бақылау департаментіне материал жолданды, – делінген хабарламада.

Науқас неге қашты? Жауапты органдар осы мәселеге қатысты нақты жауап табады деген ойдамыз. Бұл тақырыпты газет назарында ұстайды.

Нұрдос КӘРІМ.

БАЛҚАШ қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button