Жаңалықтар

Үздік эссе иегерлері анықталды

Қарағанды қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене тәрбиесі және спорт бөлімінің қолдауымен қалалық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің ұйымдастыруымен М.Әуезов атындағы орталық қалалық кітапханада «Балалар жылы» аясында М.Әуезовтің 125 жылдығына орай заңғар жазушының «Қорғансыздың күні» әңгімесі мен «Қараш-қараш оқиғасы» повесті негізінде эссе жазу бойынша байқау өтті.

Іс-шараға қоғам қайраткері, «Нәтиже», «220 VOLT» компанияларының иесі, «Qasym kitaphanasy» жобасының бас директоры – Ерлан Әшім қолдау көрсетті. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті филология факультеті, қазақ әдебиеті кафедрасының оқытушысы – Камшат Төлеубаева, Ы.Алтынсарин медалінің иегері – Күліш Төлеуханова, «Qasym kitaphanasy» жобасыныңң менеджері Нұрбану Бухаралы және жоғары оқу орындарының студенттері мен оқушылар һәм оқырмандар қатысқан байқау жинақы әрі тартымды өрбіді.

Жастарды қазақтың классик жазушысы М.Әуезовтің өмірі һәм шығармашылығымен таныстыру, рухани жан дүиесін байыту, патриоттық тәрбие беру мақсатын көздеген шараны аталған кітапхананың өлкетану бөлімінің меңгерушісі Айгүл Толеуханова тізгіндеп, «Әлем таныған Әуезов» кітап көрмесімен, «Заманымыздың заңғар жазушысы» слайд-презентациясымен жұртты таныстырды.

Байқауға өтініш білдірген 15 пен 20 жас аралығындағы қатысушылардан 20-ға жуық үміткер іріктеліп, олардан үздік деп танылған 10-ы ақтық сында бақ сынасты.

Байқауда қазылар алқасы жазылған эсселерді қатысушының оқып жеткізу мәнеріне, сахна мәдениетіне баса назар аударып, кемшіліктерін де ескертіп отырды.

Қатысушылардың барлығына Алғыс хат пен «Арқа батырлары» атты кітабы табысталды. Қорытындыда III орынның Ақерке Кәрібай, Айдана Ергашбаева, Ақгүл Аманбаева 15 мың теңгелік сертификатына ие болды. II орынның 20 мың теңгелік сертификатын Зейнеп Бағдатқызы мен Айкенже Оразхан жеңіп алса, I орынға тігілген 30 мың теңгенің сертификатын Айғаным Әуесбек еншіледі. Ал, Бас жүлденің 50 мың теңгелік сертификаты қарсыластырынан оқ бойы озық келген Жанар Жұмабековаға табысталды.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button