Бас тақырыпМәселе

Жүн кәдеге жарамай жатыр

«Қазақстанның алдында тұрған аса маңызды міндет – өнеркәсіптік әлеуетімізді толық пайдалану. Осы саладағы табыстарымызға қарамастан, ішкі нарықтың зор мүмкіндіктерін әлі де болса толыққанды жүзеге асыра алмай келеміз. Өңделген тауарлардың үштен екісіне жуығы шетелден әкелінеді».

Президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Жолдауынан.

Жердің бетін тырмалап, астын қазып, байлықты тонналап алмай тұрғанда, қазақ төрт түліктің ырзығымен күн көрді. Жесе – тамақ, кисе – киім, тонса – жамылғы, үйі де киізден болатын. Бүгінгі күні тек тамақтан өтер ас қана. Ал, қой жүнінен жасалған ұлттық бұйымдарды алдағы уақытта тек музейден көреміз бе?! Қайтеміз?

 

Жауыр болған тақырып

Президент «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Жолдауында «Қазақстанның алдында тұрған аса маңызды міндет – өнеркәсіптік әлеуетімізді толық пайдалануымыз керек» деген болатын. Бұл мәселеге, осы қой жүні де кіруі керек. Алайда, жылдар бойы жыр болған жүн жыры аяқталар емес. Бір ғана мысал, бұдан 12 жыл бұрын, нақты айтсақ, 1990 жылдың ақпан айында «ҚазАгро» ұлттық холдингінің сол уақыттағы басқарма төрағасы Асылжан Мамытбеков: «Теріні біз қазір-ақ сатып алуға дайынбыз. Ал жүнге келетін болсақ, 1990 жылдары бізде 63 мың тонна биязы жүн шығарылатын болса, қазір оның мөлшері 7 мыңның ар жақ-бер жағында. Яғни, бұл сала 9 есеге құлдырап отыр. Оның үстіне қазір нарықта синтепон сияқты қылшықтан дайындалған материалдар қаптап кетті. Көңілге медеу болатын бір мәселе – соңғы уақытта табиғи түрде жылу беретін материалдарға деген сұраныс артып келеді», – деген болатын.

«Айта, айта Алтайды, Жамал апай қартайды» дегендей сол уақыттан бері Ауыл шаруашылығы министрлігінде бірнеше министр, «ҚазАгро» ұлттық холдингінде талай төраға ауысты. Әлі сол бітпейтін жыр. Қор болған қой жүнін осы күнге дейін кәдеге жаратудың жолын таппай жүрміз…

Олай деуге себеп Сенат депутаты Мұхтар Жұмағазиевтің жақында ғана айтқан сөзі. Ол былай дейді: «Елімізде 4 мыңға жуық ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші қой өсірумен айналысады. Ал жүн өңдейтін 13 зауыт қана бар. Оның төртеуі ғана жүнді қайта өңдеудің толық циклімен айналысады. Яғни, таралған жүнді немесе дайын өнімді өндіре отырып, биязы жүнді қайта өңдеу мүмкіндігі бар. Қалған кәсіпорындар – киізден және қылшықты жүннен илеп аяқ киім шығаратын фабрикалар. Демек, Қазақстанда жүннің терең өңделуі іс жүзінде тек киіз илеу өндірісімен ғана шектеледі».

Биязы жүнді қой аз

Мәліметке сүйенсек, бүгінгі таңда елімізде қой басының жалпы саны 18 млн. болғанымен, биязы және биязылау жүнді қойлар 2,2-2,3 миллион ғана. Жалпы, алынған 40 мың тонна жүннің 7,1 мың (18%) тоннасы биязы жүнге тиесілі, яғни жуылған жүн есебімен өндіріске жарамды 3,5 мың тонна жүн өндірілуде. «Халық шаруашылығына қажеттілігін ескеріп, ғылыми тұрғыдан келсек, еліміздегі биязы және биязылау жүнді қой саны 8 млн. бастан жоғары болуы тиіс еді. Өйткені халықты, әсіресе балаларды сапалы киіммен қамтуға жылына әр адамға кемінде 2 келі қой жүні (табиғи жүн есебімен), оның ішінде 1,5 келі биязы және биязылау жүн өндірілуі керектігі анықталған. Сонымен, биязы және биязылау жүнді қой басы қажетті мөлшерден төрт есеге дейін аз болып отыр. Ең сорақысы, жыл сайын өндірілетін 40 мың тонна жүннің 26 мың (67%) тоннаға жуығы жарамсыз (утиль) болып қалуда», – дейді Мұхтар Жұмағазиев. Айтқаны орынды, көктем келіп, қой қырқу басталғанда, шаруалар қой жүнін қайда жіберерін білмей дал болады. Біреуі өртесе, бірі қап-қап өнімді қоқысқа лақтырады.

«Бізде қолға алынған жоқ»

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Сырым Бошпанов бұл өзекті мәселе дейді.

Бұл Қазақстандағы ғана емес, әлемді толғандырған мәселе десек болады. Бүгінгі күні қой жүнін өндеу немесе оны өткізу туралы мәселе бізде, яғни, Қарағанды облысында қолға алынған жоқ, – дейді Сырым Бошпанов.

Қолда бар алтынның қадірін білмейміз. Мысалы, Аустралия әлемдік нарыққа жүннің 1 килосын 18 доллардан өткізеді. Аталған мемлекет ондаған жылдар бойы әлемдегі жүн көлемінің шамамен 25 пайызын өндіріп келеді. Сонда жыл сайын 3 млрд. доллардан астам сомаға өнім шығарып отыр.

«Отандық алыпсатарлар биязы қой жүнінің 1 килосын 100-150 теңгеден қабылдайды. Мұндай бағамен жүн тапсыру шаруаға тиімсіз. Қой қырқу науқаны кезінде шаруа жұмыскерді жалдау үшін қойдың бір басына шамамен 300-500 теңге жұмсайды. Осыдан кейін жүнді өткізу жолдарын іздестіреді. Соңында жүнді өртеп тынады», – дейді сенатор Мұхтар Жұмағазиев

«Мал өсірсең қой өсір, өнімі оның көл-көсір…»

Осылай деген қазақтың қой саны 90-жылдары 34-36 миллионға жеткен еді. Әлемнің 12 еліне экспортталған жүннің 60-65%-ы жоғары сапалы, бағасы қымбат биязы жүн болатын. Ал қазір елімізде 15 фабрика жыл сайын 37-40 мың тонна жүн өндіреді екен. Ел ішінде сол жүннен иірілген жіпке деген жыл сайынғы сұраныс 200 тоннадан асады. Алайда осы сұраныстың бар-жоғы 5%-ын қамтитын жүн өңделіп отыр. Жалпы, биязы жүннің бағасы әлемдік нарықта сапасына байланысты әр келісі 4-15 доллар десек, Қазақстанда бар болғаны 1 доллар, тіпті одан да арзан.

«Қарағанды қаласында қой жүнін қабылдайтындар бар ма?» деген оймен, жарнама қарап кеттік. Табылды. Бірақ, ешкінің түбіті мен жүнін жинайтындар.

«Біз тек ешкі түбітін келісін 8 мыңнан, жүні мен қылын 4 мыңнан сатып аламыз. Баға бірде түсіп, бірде көтеріліп кетеді. Ал, қой жүніне сұраныс жоқ. Қалада қабылдап жатырмыз дегендерді естімедім» дейді өзін Бауыржан деп таныстырған алыпсатар.

Қой өсіріп, көл-көсір пайда табамын деген шаруаның бүгінгі көрген күні осы. Жүн өндірісінің бір тетігін таба алар емеспіз. Алда – қой қырқымы. Бірақ, сол өнімді тағы өртейміз бе?

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button