Ресми

Елімізде «Үздік педагог» байқауы басталды

Еліміздегі ұстаздар арасында жыл сайын өткізілетін «Үздік педагог» байқауы бастау алды. Үздік атанған ұстаздарға 3 млн теңге көлемінде сыйақы беріліп, төсбелгі тағылады. Былтыр еліміздің әр өңірінен қатысқан 64 мұғалім 3 млн теңгеге ие болды.

Биылғы байқаудың ерекшелігі – қатысушы ұстаздар электронды түрде өтінім бере алады.

 

Конкурсқа мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының штаттағы педагогтері қатыса алады. Биыл цифрландыру бағытында үлкен жұмыс атқарылды. Байқаудың барлық кезеңі, нақтырақ айтқанда, қатысушыларды тіркеуден бастап республикалық кезеңнің қорытындысын шығаруға дейін толығымен цифрландырылған.

Құжаттарды қабылдау 12 қыркүйекте басталып, 2022 жылғы 22 қыркүйекке дейін жалғасады. Байқау туралы ақпарат еліміздің барлық 380 мың мұғалімі пайдаланатын kundelik.kz жүйесіне енгізілген.

Байқау тарихында алғаш рет барлық кезең, яғни қатысуға өтінімдерді қабылдау, тіркеу, конкурс құжаттарын тапсыру, бағалау https://teachercontest.iac.kz/ веб-порталында жүзеге асырылады.

«Бұл байқаудың маңызы зор, өйткені ол үздіктердің ішіндегі ондаған үздік педагогтің еңбегін тануға мүмкіндік береді. Жүлде қорын ұлғайттық және бұл мықты мамандардың мамандыққа келуіне түрткі болып, осы кәсіпте ондаған жылдар бойы еңбек етіп келе жатқан мамандарға көрсетілген құрмет болады деп сенеміз. «Үздік педагог» атағына білім беру ұйымдарында жұмыс істейтін және құжаттарды тапсыру кезінде кемінде бес жыл үздіксіз педагогикалық өтілі бар педагогтер үміткер бола алады. Бұл – балабақша, мектеп, колледж мұғалімдері. Байқау аясында мұғалімнің білім саласын дамытуға қосқан үлесі, ұстаз қызметінің тиімділігі мен оның кәсіби шеберлігі ескеріледі. Бір айта кетерлігі, жылдан жылға үміткерлер саны ғана емес, олардың дайындық деңгейі де артып келеді. Бұл жалпы білім сапасы мен педагог мәртебесінің артқанын көрсетеді. Биыл байқауға қатысатын әрбір педагог сауалнаманы толтырғаннан кейін конкурстың одан арғы динамикасын бақылай алады», – деп түсіндірді ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Орта білім беру комитеті төрағасы Гүлмира Кәрімова.

Байқау үш кезеңнен тұрады. Екі байқаудың қорытындысы бойынша ең жоғары балл жинаған мұғалім республикалық деңгейге өтеді.

Айта кетейік, республикалық «Үздік педагог» байқауы 2012 жылдан бері өткізіліп келеді. Осы уақыт аралығында байқау аясында мектепке дейінгі және орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының 600-ге жуық үздік педагогі анықталды.

Өз тілшімізден.

Басқа материалдар

Back to top button