Жаңалықтар

Кеңесте – жаңа төраға

Қарағанды облысы қоғамдық кеңесіне облыстық SARYARQA телеарнасы директорының орынбасары Жәнібек САДЫҚАНОВ төраға болып сайланды. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Ербол ӘЛІҚҰЛОВТЫҢ қатысуымен өткен қоғамдық кеңес отырысында мәлім болды. Сондай-ақ, комиссия төрағалары сайланды.

Арнайы жұмыс тобы қоғамдық кеңес комиссиясына төрағалық ете алады деген үміткерлердің еңбек жолы мен қоғамдағы белсенділігін ескере отырып, 37 үміткер арасынан таңдаулыларын төрағалыққа ұсынды.

Аталған үміткерлер арасында азаматтық сектор мен партия өкілдері, кәсіподақ көшбасшылары, бизнесмендер һәм журналистер бар. Осылайша қоғамдық кеңестің комиссия мүшелігіне қоғам белсенділерінің аттары іріктеліп, сайлауға ұсынылды. Қоғамдық кеңестің өнеркәсіп, шағын және орта бизнесті дамыту, ауыл шаруашылығы және жер мәселелері жөніндегі комиссияның төрағалығына Ниқанбай Омарханов бір ауыздан сайланды. Әріптестері Ниқанбай Иманғалиұлының еңбек жолын ескере отырып, беделі мен талай жылдық тәжірибесіне сүйеніп, осы лауазымға құп көргенін айтып, құттықтау білдірді.

Сондай-ақ, заңдылық, адам құқықтары және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның төрағасы болып «Қарағанды облысының кәсіпкерлер қауымдастығы» ҚБ президенті Гүлнар Құрбанбаева ұсынылды.

Артқан үміттеріңізді ел алдында ақтауға барымды саламын. Маған бұл кеңестің қай саласы болмасын ісін дөңгелету бұйырса бәріне ризамын. Ең басты талап – халық пен билік арасындағы байланысты үзбей, қарапайым жұртшылықтың жанайқайын билікке жеткізуді алғышартымыз етуіміз керек, – деді Гүлнар Төретайқызы.

Ал, әлеуметтік сала, халықты әлеуметтік қорғау және жұртшылықпен байланыс мәселелері жөніндегі комиссия төрағасы ретінде белгілі журналист Қайрат Әбілдин сайланды. Құрылыс, көлік, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және экология мәселелері жөніндегі комиссияға «Новое телевидение» арнасының директоры Руслан Никонович сайланды. Сонымен қатар, экономика және бюджет мәселелері жөніндегі комиссияға төраға болып «PORTUS» ЖШС директоры және құрылтайшысы Айжан Қиясова сайланды.

Сіздермен осы бір келелі кеңес барысында тағы да жүздесу бұйырды. Кеңес мүшелерін, осы лауазымға сай ел мен билік үмітін ақтайды деген сенімдемін, – деп құттықтауын жеткізді облыс әкімінің орынбасары Ербол Шымкентбайұлы.

Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button