Жаңалықтар

«Шахтер» шаң қаптырды

10 сәуір күні қарағандылық «Шахтер» стадионында «Шахтер» мен атакенттік «Мақтаарал» алғаш рет кездесті. Бұл – Қазақстан чемпионатының 5-ші кезеңі. Ойын пандемия салқынынан саябырлаған жанкүйер қауымға қайта серпіліс бергендей.

Сонымен, ойынның 20 минутына дейін есеп ашылған жоқ. Екі команда да бір-біріне дес берер емес. Ал, ойынның 21 минутында бұрыштан берілген допты қарсылас қақпасына дәл тепкен «шахтерлық»11 номердегі Джордже Чосич бірінші боп есеп ашты. Алғашқы голдан-ақ «мақтааралдықтар» абдырап қалды. Есеп 1:0.

Бір ерекшелігі мұнда кеншілер командасының жаңа құрамы сап түзеген. «Мақтаарал» да құрамын ең үздік ойыншылармен жасақтапты. Атап айтсақ, қақпашы Алмат Бекбаев, команда капитаны Руслан Юденков, шабуылдаушы Драмане Коне, Артем Розгонюк, Ғалымжан Кенжебек. Ойынның тартысқа толы боларын осыдан-ақ байқауға болады. Ине шаншар орын болмастай қалың қауым жиналмаса да, бір жанкүйердің қолдауы он ойыншыны жігерлендірердей күшке ие. «Шахтер» деп жазылған жалауды желбіретіп, дауылпаздатқанда бөрілі байрақ көрген Сүйінбайдай арқа қозып, атқа қонғыңыз-ақ келеді. «Мақтааралдың» да жанкүйерлері біршама. Сарғыш қоңыр жалау ұстап, қара ала бөкебай таққандар тағатсыздана күтуде ойынды.

Ала доп аяққа тиісімен кеншілердің «сен тұр, мен атайын» ойыншылары шабуылды үсті-үстіне төпелетіп бастады. Доп «мақтааралдықтарға» тиіп, қарсыластың қақпасына 3 бірдей ойыншы ентелеп келсе де, нәтиже шығара алмады. Тіпті, олар атакенттік ең үздіктер Драмане Коне, Расамбек Ахматов, Едіге Оралбай болса да. Коненің бұл жолғы соққысы сәтсіз болды. Осы тұста «шахтерлық» қақпашы әрі команда капитаны Игорь Шацкийдің ептілігін айта кеткен абзал. Мысықша секіріп, қақпаның қай тұсына болмасын бағытталған допты қақты да тұрды. «Шахтерлық» Михаил Габышевтың сәтсіз соққысынан соң, доп алаң сыртына шығып кетті. Ал, бұрыштан өзі берген допты алаңның екінші шетінен жылдамдығымен тосқан Чосич өзі иемденіп гол салды. Алғашқы кезеңнің 31 минутында кеншілер командасының үздік ойыншыларының бірі Тимур Досмағамбетов тағы да 2:0 етіп есеп еселеді. Ал, ойынның 44 минутында, яғни, кезең соңында «шахтерлық» Микола Ковталюк керемет көрініс көрсетті. Ол Петрос Аветисян берген пасты баспен қақты. Нәтиже – гол. Есеп 3:0. Жанкүйерлердің қаққан дабылы жансызға да жан берердей еді. Жан-жақтан «Шахтер, алға!» деген дауыстар толастар емес. Осымен ойынның алғашқы таймы да мәресіне жетті.

Сонымен, ойынның екінші кезеңі. «Мақтааралдықтар» ширағандай. «Шахтерлықтардың» қосалқы ойыншылары Айдос Таттыбаев, Амир Адуев, Абылайхан Назымханов шықты бұл жолы алаңға. Ортаға доп тасталысымен кеншілер қақпасын қарауылға алып, ауысымдағы ойыншы Ғалымжан Кенжебек жүгіріп келеді. Бұл олар үшін екі келмес мүмкіндік. Қақпаның қалтарысын көздеген ала доптың мысын Шацкийдің шапшаңдығы тағы басты. Допты көтере соққан біздің қақпашы командаласы Петрос Аветисянның алдына түсірді. Аяққа ала доп тигені сол еді Петрос қиядан қызыл көрген қыранша «мақтааралдық» қақпаға шүйлікті. Соңындағы қарсыластарын үлгертпей, допты дәл теуіп таблодан 4 санын жарқ еткізді. Есеп 4:0. Бұл «Шахтердың» биылғы дайындығының көш ілгері екенін және ойыншыларының қабілетті екендігін айқындағандай. Ойын жан беріп, жан алардай-ақ. Толассыз шабуыл мен қорғанысқа толы. Ойын соңында «Мақтаарал» командасы қателік жіберіп, кеншілер пенальти тепті. Айдос Таттыбаевтың бұл соққысы тарихи соққы болды. Есеп 5:0. Ал, ойын соңында қонақжай қарағандылықтар қонақтарға бір соққысын қиғандай болды. Кеншілер қақпасының алдында ұзақ таласқан қос команда ақыры «Мақтааралға» сый көрсетті.

Ойын аяқталды. Есеп 5:1. Алғашында ашына айғайлаған жанкүйерлерде артынан қазақылықтары басып, жөн десіп тарқасты. «Шахтердың» шамасы шаң қаптырардай-ақ. Осы қарқынды алдағы «Таразбен» болар ойында тағы көрсетуін тілейік. 

Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button