Ресми

Партияда – жаңа төраға

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев партия төрағасы ретінде өкілеттігін тоқтатып, партиядан шығу туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді. Президент бұл қадамның символдық мәні бар екенін атап өтті. Себебі, Мемлекет басшысы ешбір партияға басымдық бермегені жөн.

«Яғни, саяси тұрғыдан бейтарап болуы қажет. Мұндай қағида сайлауға қатысатын барлық күштерге тең мүмкіндік туғызады. Саяси жүйеде әділдіктің орнауына жол ашады. Партия атқарушы билікке тәуелді болмаса, оған халықтың сенімі нығайып, беделі артады. Сондықтан, Үкімет пен әкімдіктердің жұмысына қатаң бақылау жасай алады. Президент партия қатарынан шыққанымен ұйымның стратегиялық бағдары өзгермейді деп ойлаймын. «AMANAT» – еліміздің саяси өмірінде ерекше орны бар ұйым ретінде қала беретіні анық. Саясаттағы сабақтастық сақталып, партия ел игілігі үшін жасап жатқан істерін жалғастыра береді», – деді Президент «AMANAT» партиясының кезектен тыс съезінде сөйлеген сөзінде.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «AMANAT» партиясының төрағалығына Мәжіліс спикері Ерлан Қошановты ұсынды. Съезд қатысушылары бұл кандидатураны бірауыздан қолдап дауыс берді.

«Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, делегаттар, осынау тарихи кезеңде партия тізгінін маған сеніп тапсырғаныңыз үшін зор алғысымды айтамын. Бұл мен үшін үлкен сын және аманат. Ел сенімін абыроймен атқарайық», – деді Ерлан Қошанов.

Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «АMANAT» партиясынан шығатынын мәлімдеген болатын.

Басқа материалдар

Back to top button