Жаңалықтар

Ұлытау мен Қарағанды облыстарының аумағы анықталды

Қарағанды мен Ұлытау облысының құрамы нақтыланды. Бұл туралы Қарағанды облыстық мәслихатының кезектен тыс XII сессиясында айтылды.

“Қарағанды облыстың әкімшілік аумақтық құрылым мәселесін шешу алгоритмі әзірленді. Жезқазған, Қаражал, Сәтбаев қалаларында, Жаңаарқа, Ұлытау аудандарында 12-13 сәуір аралығында жоғарыда аталған өңірлерді Ұлытау облысына қосу мәселесі бойынша мәслихаттың қалалық аудандық сессиялары өткізілді. Сессия қорытындысы бойынша жоғарыда аталған өңірлердің мәслихаттары мен әкімдіктерінің тиісті бірлескен шешімдері алынды. Қалалар мен аудандардың экономикалық жағдайы ескеріліп шешім қабылданбақ. Сонымен қатар, әкімшілік аумақтық шекараларды көрсете отырып, Қарағанды облысы мен Ұлытау облысының жүйелі картасының жобасы әзірленді”- дейді Қарағанды облысы Экономика басқармасының басшысы Азамат Мұқанов. 

Мемлекет басшысының «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» жолдауында Қарағанды облысының аумағында жаңадан Ұлытау облысын құру туралы айтылған болатын. Президент тапсырмасымен «Әкімшіліктік-аумақтық құрылыстың кейбір мәселелері туралы» Қарағанды облысының мәслихаты шешім шығарды.

Қарағанды облысының әкімшілік-аумақтық құрылымын өзгерту барысында жаңадан құрылған Ұлытау облысының құрамына Жаңарқа ауданы, Ұлытау ауданы, Жезқазған, Қаражал, Сатпаев  қалаларын қосу туралы шешім қабылданды.

Қарағанды облысының құрамында Абай, Ақтоғай, Бұхар-Жырау, Қарқаралы, Нұра, Осакаровка, Шет аудандарымен Қарағанды, Балқаш, Саран, Теміртау, Шахтинск, Приозерск қалаларын қалдыру шешімі қабылданды. 

Алдағы уақытта Ұлытау облысының әкімшілік орталығы – Жезқазған қаласы болмақ. 

Территориялық бөліністерге сәйкес, Қарағанды облысының аумағы 23 904 635 га. Құрамына 7 аудан ,6 қала кіреді. Ұлытау облысының аумағы 18 893 661 га құрап, аумағына 2 аудан және 3 қала енді. 

Сессияның қорытындысында бірлескен қаулы мен шешім Үкіметке жолданады.

Saryarqanews сайтынан алынды. 

Басқа материалдар

Back to top button