Жаңалықтар

«Бала дауысы» шақырады

1 сәуірден бастап жыл сайын жас өрендердің басын қосатын «Бала дауысы» ұлттық балалар ән байқауының жетінші маусымы басталады. Байқау музыкалық және шығармашылық дарыны бар балаларды анықтау және оларға қолдау көрсетуді, шығармашылық әлеуетін жүзеге асыруға және болашақта талап-қабілеттерін дамытуға көмектесуді көздейді. Демек, бұл байқау әнге құмар баланың болашағы үшін үлкен мүмкіндік болмақ.

Айта кетейік, байқаудың іріктеу кезеңі 5 сәуір мен 15 мамыр аралығында қашықтан өтеді. Ән конкурсына еліміздің түпкір-түпкіріндегі 8 жас пен 12 жас аралығындағы балалар қатыса алады. Іріктеу кезеңіне қатысу өтінімін www.baladauysy.kz сайты арқылы беруге болады.

Ал, қашықтан іріктеу кезеңінің қорытындысы 20 мамырда анықталады. Арнайы қазылар алқасының шешімімен әр өңірден бір-бір орындаушыдан өткізеді. 17 жас талапкер финалға жолдама алады.

1 маусым мен 1 қазан аралығында 17 финалистке арнап вокал, хореография, актерлік шеберлік сабақтары, белгілі мәдениет және өнер қайраткерлерінің шеберлік-кластары, фотосессиялар, телевизиялық роликтердің түсірілімдері ұйымдастырылатынын да айта кетейік. Концерттік бағдарлама Алматыдағы Көк Төбе саябағында өтеді.

«Дәстүр бойынша осы кезең ішінде әрбір финалға қатысушыға жеке дизайн бойынша имидждік және сахналық костюмдер тігіледі, бейне контент әзірленіп, отандық композиторлар жазған жаңа балалар әндері сыйға тартылады. Конкурс аясында жазылатын барлық авторлық композициялар байқаудың сайтына орналастырылады, оларды сол жерден көруге мүмкіндік те бар», – дейді ұйымдастырушар.

Байқаудың финалдық концерттік бағдарламасы қазан айының 8-ші жұлдызында Алматы қаласындағы Республика сарайында өтеді. Балалар көрермендерге есте қаларлық тамаша шоуды сыйға тартады деп күтілуде. Сондай-ақ, балалар Илья Башкатовтың басқаруындағы бэндтің сүйемелдеуімен танымал қазақстандық композицияларды сольдік жанрда орындайды.

Әрине, байқау болған соң, әр бала жеңіске үмітті болары сөзсіз. «Бала дауысы» конкурсының Гран-при иегеріне еліміздің ең беделді оқу орнының бірінде грантқа түсуге мүмкіндік және әйгілі ертегілер елі Лапландияға жолдама табысталады. Ал, Дипломанттарға 11 аталым бойынша мүсіншелер мен бағалы сыйлықтар тарту етіліп, болашақта шығармашылық дамуына қолдау көрсетілетін болады.

Естеріңізге сала кетейік, «Бала дауысы» байқауы әлеуметтік жоба, яғни балалар мұнда тегін бақ сынайды. Олай болса, балаңыздың жұлдызы жарқырағанын қаласаңыз, жоғарыда көрсетілген сайт мекенжай бойынша өтінім қалдырыңыз. Бәлкім, балаңыздың бағы жанып, аймағымыздың абыройын көтерер.

Қасымхан ҒАЛЫМ.

Басқа материалдар

Back to top button