Жаңалықтар

758 студент “Қазақстан халқына” қорының грантын иеленді

«Қазақстан халқына» қоғамдық қоры білім беру гранттары қайырымдылық бағдарламасы аясында әлеуметтік осал топтан шыққан ақылы негізде оқыған 758 студентке грант берілді. Грант иегерлерінің тізімі қордың ресми сайтында жарияланған болатын.

Ал, бөлінбеген гранттарды және студенттердің өтінімдерді қабылдау мерзімін ұзарту туралы өтініштерін ескере отырып, қоғамдық қор 8-20 қыркүйек аралығында ақылы бөлімде оқитын студенттер арасында қосымша байқау жарияламақ.

Өтінімдер 2022 жылдың 1-30 тамыз аралығында жүргізіліп, қордың серіктестері – «Taiburyl» ҚБ және «Эндаумент КАЗГЮУ» КҚ платформасы арқылы қабылданды.

Байқауға мүмкіндігі шектеулі, кәмелетке толғанға дейін ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, ауылдық жерлердегі аз қамтылған отбасылардан шыққан, сондай-ақ, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған толық емес жанұядан және мүгедек ата-анасы бар отбасынан шыққан студенттер қатысты.

«Бағдарламаға 79 ұлттық, мемлекеттік және жекеменшік жоғары оқу орындары қатысты. Гранттың артықшылықтарының бірі оны «пысықтау» бойынша талаптың болмауы.

Сонымен қатар, бөлінбеген гранттарды және студенттердің өтінімдерді қабылдау мерзімін ұзарту туралы көптеген өтінішін ескере отырып, «Қазақстан халқына» қоры ақылы бөлім студенттері арасында қосымша байқау жариялау туралы шешім қабылдады. Байқау 2022 жылдың 8-20 қыркүйегі аралығында жалғасады. Осы кезең ішінде байқау критерийлеріне сәйкес келетін студенттер taiburyl.kz сайтына өтініш бере алады», – делінген қордың ресми сайтында.

25 тамызда қор бакалавриат бағдарламалары бойынша жоғары білім алу үшін 745 талапкерге стипендия мен гранттар тағайындады. Білім беру гранты ауылдық жерлердегі аз қамтылған отбасылардан шыққан, кәмелетке толғанға дейін ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, сондай-ақ, мүмкіндіктері шектеулі, оның ішінде мүгедектігі бар талапкерлерге ұсынылды.

Еске сала кетейік, «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры 2350 білім беру грантын бөлді.

 

Өз тілшімізден.

Басқа материалдар

Back to top button