Ресми

Ұлттық қор табысы балалардың есепшотына қалай аударылады?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Ұлттық қор табысының 50 пайызын балалардың есепшотына аударуды ұсынды. Аталған жоба 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске қосылады. Ұлттық қор кірісінің бір бөлігі балалардың есепшотына қалай аударылады?

 

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың айтуынша, ұлттық қор кірісінің бір бөлігі балалардың есепшотына жылына бір рет түседі және ол доллармен есептеледі.

«Жыл сайын есептеу жүргізіледі. Өткен жылдың инвестициялық кірісі алынып, шоттар арасында бөлінеді. 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап балаларға 2023 жылдың табысынан қаражат есептелетіні белгілі болды», – деді Ә.Қуантыров.

Министр инфляциядан қорғану үшін қаражат доллармен есептелетінін айтты.

«3 мың доллар – орташа есеппен айтылған қаражат. Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Руслан Желдібай айтқан мәліметке сай көрсеткіш әлі де қосымша есептеледі», – деді Ә.Қуантыров.

Оның айтуынша, бөлінетін қаражат сомасы 2024 жылы баланың жасына қарай есептеледі.

«Бұл жүйе 2024 жылдан іске қосылады. Осы кезде аталған жүйеде бала бір немесе екі жыл ғана (18 жасқа толғанда) болуы мүмкін. Бұл тұрғыда есепшотқа аударылатын қаражат сомасы да аз болады», – деді министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Мемлекет басшысы өз Жолдауында Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударуды ұсынды.

«Қаржы әр бала 18 жасқа толғанға дейін аударылып тұрады, оны мерзімінен бұрын есепшоттан шығарып алуға болмайды. Жинақталған қаржы балалар кәмелет жасына толғаннан кейін олардың баспана немесе білім алуына жұмсалатын болады. Бұл қаражат өскелең ұрпақтың үлкен өмірге қадам басуына мүмкіндік береді. Қор, шын мәнінде, ұлттық мәртебеге ие болып, халқымыздың игілігіне қызмет етеді. Бастаманы мұқият әзірлеу қажеттігін ескере отырып, жобаны 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап іске қосуды тапсырамын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өз тілшімізден.

Басқа материалдар

Back to top button