Жаңалықтар

«Жасыл ел – 2022»: дамудың жаңа кезеңдері

 «Жасыл ел» жобасының негізгі міндеті жастарды қоғамдық пайдалы еңбекке баулу. Елді мекендерді абаттандыру және көгалдандырумен айналыса отырып, жас ұрпақ отбасылық бюджетті толықтыруға мүмкіндік алып қана қоймай, сонымен бірге әлеуметтік өзара іс-қимыл дағдыларын игереді, өз бойында қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастырады.

«Балалар жылы» деп жарияланған 2022 жыл «Жасыл елге» өзгерістер әкелуде. Жобаны іске асыруға биылғы жылы жергілікті бюджеттен 289 млн. теңгеден астам қаражат қарастырылған. Бұл өткен жылғы көрсеткіштермен салыстырғанда екі есе көп (137,4 млн.). Бұл ретте қаражаттың негізгі бөлігі қалалар мен аудандардың бюджеттерінен бөлінеді. Өз кезегінде бұл жағдай жоба қатысушыларына жалақының уақытылы төленуіне мүмкіндік береді.

1-31 наурыз аралығында құжат қабылдау кезінде 2022 жылғы еңбек маусымына 2,5 мыңнан астам өтініш келіп түсті. Жаңа маусымда ниет білдірушілердің қалың легі байқалады. Бұл оқушылар мен студенттер арасында «Жасыл ел» жобасының танымалдығын көрсетсе керек.

Өтініштерді талдау барысында 2 211 адам жұмысқа орналастыру мақсатында іріктеліп алынды. Мұнда халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан жасөспірімдерді «Жасыл ел» қатарына қабылдау басымдылығын атап өту маңызды. Жаңа маусымда қатысушылардың 39%-ға жуығы мемлекет тарапынан ерекше қолдауды қажет ететін жасөспірімдер. Олар – көпбалалы (380 адам), толық емес (261 адам), аз қамтылған отбасынан шыққан балалар (106 адам), «қандастар» санаты (63 адам) және жетім балалар (52 адам).

Ең көп қамтуды Қарағанды (350 адам), Теміртау (300 адам) қалаларында және Бұқар жырау ауданында (180 адам) ұйымдастыру жоспарлануда.

Бұдан басқа, биылдан бастап «Жасыл ел» жобасы аясында еңбекке ақы төлеудің жаңартылған моделі қолданылады. Енді жалақы жұмыс істеген сағат көлеміне байланысты 60 мыңнан 90 мың теңгеге дейін. Барлық қатысушылар спорттық костюм ретінде қолдануға болатын «Жасыл ел» фирмалық киіммен қамтамасыз етіледі. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 47 млн. теңгеден астам қаражат бөлінді.

«Жасыл ел» XVIII жазғы еңбек маусымының ашылуы 27 мамырда жастар спартакиадасы форматында өтеді. Еңбек маусымы 1 маусымнан 31 тамызға дейін жалғасады.

Қарағанды облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы.

Басқа материалдар

Back to top button