АРЫСТАРДЫ ІЗДЕЙ ШЫҚҚАН СОЛ САПАР… (эссе)
Республикада 19 облыс, 64 аудан құрып, 40 қала салдырған ұлтымыздың ұлы перзенті Дінмұхамед ҚОНАЕВҚА бір шаһардың атауы бұйырмағаны әркімнің көкейінде жүретін. Президентіміз Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты жолдауында: «…Қапшағай қаласы халқымыздың біртуар перзенті – Дінмұхамед Қонаевтың есімімен тығыз байланысты. Егер жұртшылық Қапшағайға Қонаевтың есімін беру керек деп ұсыныс айтса, мен бұл пікірге қосыламын» деген-ді. Сөйтіп, республика картасында тағы бір қала Қонаев есімімен аталды. Халық тілегі орындалды, үкілеген үміті ақталды. Бүгін оқырманға ұсынып отырған дүниемді жолдау сыйлаған қуаныштан туған бір үзік сыр деп қабылдаңыздар.
СӨЗ БАСЫ
Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген бақыт жылы еді. Тамыздың «шілдесі» жер апшасын қуырып тұрған шақтың бірінде аудан әкімі Сағадат Дүйсебеков өзіне шақырған-ды:
– Кіндік қаны Ақтоғайдың топырағына тамған арыстарымыз – Әлихан, Әлімхан, Жақыптармен халқымызды табыстыратын уақыт келді. Асыл перзенттерімізді еске алып, рухына тәжім етсек, аудан жұртшылығының да мерейі өсіп, рухы аспандайды. Жол білесің, аудан тарихынан да хабарың бар, Алматыдағы ұрпақтарына сауын айтып, әрі олар туралы деректері де қоса зерделеп келуді саған жүктегелі отырмыз, – деді әкім.
Бұл – арыстарды іздей шыққан сапар еді. Алматыға жеткенше ойым сан-саққа жүгіріп, ақын жерлесіміз, қаланың тұрғылықты тұрғыны Жеңіс Қашқыновтың қазығына атымды байладым. Көпті көрген ел азаматы ғой: «Жолы да, жасы да үлкен Әлихан атамыздан бастағанымыз жөн», – деп, ертесінде атом ядролық зерттеу институтының директоры, Әлекеңнің немере інісі Райымжанның ұлы Сырым Бөкейхановты қызмет орнында кездестірдік.
Сырым Әлекең жайлы өзі білетін картаны қуана алдымызға жайып салды.
– Элизавета Әлиханқызы Бөкейханова – белгілі экономист ғалым Смағұл Сәдуақастың зайыбы, полковник шеніндегі әскери дәрігер. Ұлы Отан соғысына бастан-аяқ қатысқан. Ұлы Үкітай – Қаныш Сәтбаевпен бірге Жезқазған өңірін зерделеген талантты геолог. Оған Ү.Бөкейхановтың 1938 жылы СССР Министрлер кеңесінің мәртебелі мәжілісінде «Жезқазған қазынасының болашағы туралы» баяндама жасағаны дәлел. Сол кезде «Известия» газетінде жарияланған хабар қиындысы менде сақтаулы, – деді Сырым.
«Алаш азаматтарының соңынан шам алып түскен заман еді ғой, Үкітайды кейін Жезқазғаннан қиырдағы Хакасияға жер аударды. Жат жерде жүріп, белгісіз жағдайда қаза болғанынан ғана хабардамыз. Әкем «асылдың тұяғына бізден бір уыс топырақ бұйырмады» деп күрсініп отыратын. Бауырым Нұрлан екеуміз бір қыдыру уақытты сарап қылып іздедік. Өкініштісі сол, Үкітайдың қай жерге жерленгені туралы деректерге қолымыз жетпеді. Жоқшының іздегені алдынан шықса, одан үлкен қуаныш бола ма?! Бұл күнде Үкітайдан қалған жалғыз тұяқ Петр Бөкейханов Мәскеуде тұрады екен. Ғарыш космодромында ғылыми инженер. Байланыстамыз. Ал, Әлихан атамыздың маңдайын иіскеп үлгермеген Евгений атты шөбересі де бар», – деп Сырым бізге ерекше қуаныш сыйлады. Телефоны мен мекенжайын дәптерімізге қондырып жатқанымызда: «Әлихан атасының туған елі мен жерін көруге олар да құштар. Дәм жазса, өзім де барып қалармын. Ұмытып барады екенмін. Әлағаның еңбектерін тұқияннан бүгінге дейін зерделеп, том-том кітап шығарып жүрген Сұлтанхан Аққұлұлы деген жазушы бар. Шақыруды ұмытпаңыздар», – деп ескертті.
Алғашқы қадамымыз осылай сәтті басталған-ды…
ЖАҚЫПТЫҢ ДАСТАРҚАНЫ
Әсте жолаушыға уақыт өтпейді, ал, жоқ іздегенде уақыттың жетпейтіні бар. Ертесінде Жақып Ақбаевтың қарашаңырағының түтінін түтіп отырған қызы Аргония апайдың мекенжайын тауып, босағасын аттаған едік. Алматы педагогикалық институтының профессоры, көп жылдар сонда қызмет істеген, зейнет демалысындағы Аргония апай мінезді кісі екен. Жақып атамыз жарық дүние есігін ашқан Ақтоғай ауданынан келгенімізді естігенде тілімізді тістетті.
– Біз – қарқаралылықтармыз. Сонда туып-өскенбіз. Қарағайдан өріп салған зәулім үйіміз болатын. Ақтар қашып, қызылдар қуған заманның шетін бастық, қой үстіне бозторғай жұмыртқалайды деген Кеңес дәуірінде де тұрымтай тұсына, балапан басында кеттік қой. Аспандағы қара бұлттың ыдырап, күннің шуақтанғаны кеше ғана емес пе?!, – деп алды-артымызды орағытып өтті. – Қарқаралыдағы әкеміздің үйін өз атымызға жекешелендіріп, музей ашу ниетімен аудан әкіміне өтініш жолдағаныма екі айдың жүзі болды-ау, сірә. Бастапқыда өздеріңді елден қуанышты хабар әкелгендердің бірі болар деп ойлағанмын, – деп апай екпіндей сөйлеген сөзіне үтір қойған тұста мән-жайын жіліктеп түсіндірмес бұрын үш арыстың қатар тұрған суреті бар шақыру билетін апайдың алақанына салдық. Дауылды күнде теңіздей толқыған көңілі лезде басылды: «Қайран, әкешім! Бізден басқа да іздейтін ұрпақ бар болғанына Аллаға мың шүкір!».
Көзіне жас алып, әкесінің суретіне маңдайын тигізді. Бір сәт үнсіздік. Алматының әлсін-әлсін айналып соғатын ақ жауынының тарыдай тамшысы терезе әйнегіне тырс-тырс етіп, ойымызды бөліп қояды.
– Әкем өмірінің соңғы айларын көп жылғы қуғын-сүргіннен соң Алматыда, екі бөлмелі пәтерде өткізді. Салдырап, қу сүйегі ғана қалған. Өкпе ауруының әбден меңдеген кезі еді. Сондай күндердің бірінде шақырылмаған қонақ келеді. Ташкенттегі Көкілташ діни медресесінде білім көтеріп, қайтар жолда Алматыға соғып, ескі танысы – әкемді іздеп үйіне келген ғой. Сұрастырып білсем, Қарқаралы уезіне қарайтын бұрынғы Темірші болысынан екен. Жаңылмасам, есімі Нығметолла. Емсек кісі. 10-15 күн әкемнің қасында болып, түрлі шөптен дәрі-дәрмек жасап, ем-дом жасады. Қайтқанда да басы-қасында болды, – деді апай. Құлағым елең ете қалған. Сонда да апайдың сөзін бөлмей, соңын тостым. Кезінде Темірші болысына қараған өңірде, қазіргі Ақтоғай ауданының «Қызыларай» кеңшарының «Еңбек» бөлімшесінде «қожа» деген тіркемесі бар Нығметолла деген ақсақалдың тұратынын білетінмін. Аргония апайдың айтқаны сол жанға тура келіп тұр.
«Тағдыр дейтін бір тылсым күш бар. Оған бас имейтін пенде жоқ, – Аргония апай үзілген әңгіме желісін жалғастырды. – Әкеме туған жерінің топырағы бұйырмаса да, елінің азаматы жаназасын шығарып, І Алматыдағы ескі қорымға арулап, өз қолымен жерледі. Күрсінген күндерде ол да дәтке қуат болды».
Аргония апай басынан кешкендерді әңгімелей жүріп, үстелді де жасап үлгерген-ді. «Әкемнен қалған жалғыз жәдігер осы», – деп молынан пішіліп, шеттері ерекше кестеленген дастарқанды үстелге жайып жатты. – Бұдан екі жыл бұрын «Қарқаралыдан «әкеңіз туралы кітап жазып жүрмін» деп, бір бейтаныс жан келгенде жайғанмын. Енді, әкемнің дастарқанынан дәм тату сендерге бұйырыпты. Алла шебер ғой. Әкем туралы деректердің көбі – «Атамұра» кітап баспасы корпорациясының президенті Мұхтар Құл-Мұхамедтің қолында. «Алаштың ардагері Жақып Ақбаев» деген кітап жазып жатырмын. Кешікпей шығады» деп, мені қуантып қояды. Сол азаматты Ақтоғайда өтетін шараға шақыруды ұмытпаңдар», – деп ескертті.
«ӘР ШАҢЫРАҚТЫҢ ӨЗ КИЕСІ БАР»
Халық аузында «Сұрай-сұрай Меккеге де барасың» деген бар. Қарқаралының тумасы, биология ғылымдарының кандидаты, Қазақ ауыл шаруашылығы академиясының корреспондент-мүшесі, қазақтың арқар-меринос қойын шығарған авторлардың бірі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері Әбдулғазиз Ыбырайұлы Жандеркиннің шаңырағында да болдық.
Отағасы қайтыс болғалы біршама уақыт өтіпті. Бәйбішесі етжеңді, нар тұлғалы жан екен. Жеңісті жыға таниды. Келген шаруаны да Жеңістің өзі жеткізді.
– Ее, қарақтарым, ақсақал барда кімдердің дастарқанынан дәм татып, төріне шықпадық. Мүсілім қайнымның (Ермеков) соғым басына Димаш Ахметұлымен бірге Әлімхан атамызды да отбасымен шақырып, дәм татқызатын дәстүрі бар еді. Біз де бір-екі мәрте құрметті қонақтармен дастарқандас болғанбыз. Мүсілімнің келіні Қарлығаш қара шаңыраққа лайықтап қондыра салған құс дейсің. Дастарқанда кілең ұлттық тағамдарды жайнатып қоятын. Ширақ та сыпайы Қарқаралының қызы Қарлығаш Димекеңнің патшайымына ұнап қалса керек. Бірде: «О, тұйғын келін! Ара-тұра біздің де үйдің қонақтарын жөнелісуге қол ұшыңды беріп жүргейсің» деп іш тарта сөйлегені есімде. «Келіні жақсы үйдің керегесі – алтын» деп ата-бабамыз тегін айтпаған ғой. Асылдың тұяғы Мүсілімнің ұлы мен келіні әкесі мен анасы талай-талай қуаныш пен бақытты өткерген қасиетті қара шаңыраққа қоныс аударғандарын естіп «Құтты болсын!» айтып шыққанбыз. Уақыт өтеді, өмір озады деген осы. Қарақтарым, әр шаңырақтың өз киесі бар, Мүскеңнің ұлы мен келіні таяуда Қырғызстаннан докторлық ғылыми диссертацияны қатар қорғап келді», – деп бәйбіше тағы бір жаңалықтың шетін шығарып қойды.
АЛЫПТАРДЫҢ КӨЗІН КӨРГЕН
Келесі күні жарқыраған шоқжұлдыздардың бірі, Қазақстан ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары, көп жылдар бойғы Алматы зоотехникалық-мал дәрігерлік институтының ректоры, профессор, Қазақ КСР еңбек сіңірген ғылым қайраткері Әлімхан Нұрмағамбетұлының немере інісі Мүсілім Әмірханұлы Ермеков тұрған, еңбек еткен қасиетті қарашаңырағын аяғымызға салмақ түсірмей-ақ тауып алғанбыз.
Шуақты отбасының ендігі иелері – 35-40 жас шамасындағы ұлы Мұрат пен зайыбы Қарлығаш ақжарма көңілдерімен қуана қарсы алды (одан бері өткен жиырма жыл уақытта адам аттарынан ағаттық жіберіп алсам алдын ала кешірім сұраймын – авт.). Адам көңілі көтеріңкі болса, тың ойлар басында ойнақтап, тіліне де тиек бітетіні бар. Ең алдымен үй иелерін докторлық ғылыми атақтарымен құттықтап, Ақтоғайда өтетін үлкен шараның құрметті қонағы болуға шақыру билетін ұсынғанбыз. Көздері оттай жайнап, «елдің игілікті іске жұмылған ықыласы мен ниеттері қабыл болсын» деді екеуі де жарыса. Дастарқан басында шүменнің балапанындай тіпті шүйіркелесіп кеткенбіз.
– Димаш ағам мен Әлімхан атамыздың арасында бұрыннан бояуы кеппеген сыйластықтары болса керек. Көз алдымда екеуі қол алысатын, кеуде түйістіріп тұрып алып, амандық-саулық сұрасатын. Алатаудың биік шыңындай қос тұғырлы тұлға – Димаш ағам Әлімхан ағасын қолтығынан жеңіл демеген күйінде төрге оздырып, қатарына өзі жайғасатын. Бұл – сыйластықтың ғажайып көрінісі еді. Ол кісілерге қызмет көрсету – менің жауапты да әрі сүйікті қызметіме айналатын, – деп Қарлығаш өткен күндерді еске алды. – Димаш аға ернеуі жұқа, құлын тұяқ кесеме сиыр сүтінің кілегейін қатқан қызыл күрең шайды, ал Әлімхан атамыз қос саусаққа ғана лайықтаған құлағы бар гүлді пияламен ішкенді ұнататын. Асықпай ұрттап қойып, сөз кезегі келгенде ғана әңгімеге араласатын. Арасында әзіл-оспақтарды қосып, дастарқандастарын күлдіріп те қоятын еді. Үлкендердің әңгімесіне құлақ түру тегі әбестік қой. Сонда да Димаш ағаның бірер әңгімесі ойымда. Жас кезінен атқұмар болып өскенін бір әңгімесінде аңғартты…
Ол кезде Димаш ағаның үйі қаладан 50-60 шақырым «Водонной» деген жерде тұрыпты. Әкесі қолына 5-6 мініс ат ұстаған екен. Студент ұлының Мәскеуден Алматыға жолы түскенде Ахмет ақсақал теміржол вокзалынан әредік ерттеулі атпен қарсы алып жүріпті. «Бірде, – деп Димаш аға күліп алды. – «Мына атпен шауып, әбден сілікпесін шығарыпсың ғой, жылы орынға байлап, таң асыр» деп еді әкем зілсіз ғана. Өткен күндердің қызығы мен қуанышы жүз жасаған ғұмырға да сыймайды. Алайда, оның да ұмытылмайтын кейбір тарихи сәттері болады. Бабаларымыздың атамекені – Бақанас, олар сонда мәңгілік тыныс тапқан. Мектеп бітірген жылы әкем: «Толағай жасқа толдың, ата-бабаларыңның алдынан өт, Бақанастың талына атынды байла» деп арнайы жібергені бүгінгідей ойымда.
Екіншісі – Балқаштың Қоңырат руднигі – еңбек жолым әліппесін ашқан жерім. Ол бір еңбектің қызығы мол жылдар еді. Кеншілердің дені сол төңіректегі Қоңырат ауданының тұрғындары болатын. Қойдай қоңыр мінезді, шетінен білек күштері мықты, тас көтер десең, тау қопаратындар еді. Балқаштың мыс қорыту комбинатының құрылысы қатар жүріп жатқан кез. Рудниктегі алдыңғы қатарлы кен бұрғылаушыларды сонда орналастырып жүрдім. Еңбек ақысы жоғары, әрі пәйектері мол болатын. Барлығы да көл жағалай тігілген шатырларда тұрып еңбек етті. Әсте олар «анау жетпейді», «мынау жоқ» деп мазаламай, жан-тәнімен алға ұмтылатын ғажап бір жаңа ұрпақ өсіп келе жатқан дәуір еді ол.
1938 жылы 24 желтоқсанда Балқаш мыс қорыту комбинатының іске қосылғанын көз көріп, қолымен ұстағандардың бірімін. Балқаш мыстың тұңғыш құймасын мәскеуліктерге сыйға тартса, көшірме құймасын маған табыстаған-ды. Қымбат ескерткіш қой, қазір үйде сақтаулы. Тұңғыш мемлекеттік наградам да Қоңырат руднигінен бұйырды. «Үздік еңбегі үшін» медалін 1939 жылы Кремлде Калинин жолдас табыстады. Әлі күнге Балқаштың мысынан өндіріс кеншілерінің еңбегі маған қымбат әрі ыстық. Жалпы, балқаштықтардан қол үзген емеспін. Жыл аралатып барып, кеншілердің талап-тілектерін тыңдап, аманаттарына құлақ асып жүрдім», – деп Димаш ағаның рахаттана желпіне сөйлегенін осы жолы көрдім, – деді Қарлығаш.
ДИМАШ АҒАНЫҢ БАТАСЫ
«Алты Алаштың үш бірдей арысының рухына туған жерінде ел-жұрты тағзым еткелі жатқанын Димаш аға естісе, ұлтжанды кісі ғой, қуанышында шек болмас», – деп еді Қарлығаш. Бұлттан шыққан күндей жарқ еткен осы бір сөз бәрімізді бір шешімге тәуекел дегізген-ді. Шұлау шалып, Қыдыр қонған шаңырақтың келіні келесі бөлмеде әлдекімдермен телефон арқылы кіріп-шығып сөйлесіп жүрген. Әлден соң өңі бал-бұл жайнап: «Димаш ағамен сөйлесіңіз», – деп телефон тұтқасын маған ұсынды. Асыл ағаның майда қоңыр үні, жайлап тыныс алғаны, әлдебір қағаздарды парақтап жатқаны естілді…
«Ертеңгі күні кестеленіп қойылған екен. Түскі сағат 12-де ғана бос орын қалыпты, келе бер» деген сөзін іштей қайталаумен әлек болдым. Енді, қайтып мойын бұрмайтын сәттің қуанышынан денем бір ысып, бір суыды.
Алмағайып сезімге оранып түн баласы жөндеп көз іле алсамшы. Ертесінде минут санаған уақыттың шабан аттай жүрмейтінін білдім. Жүрексіну мен көңілдің қобалжуы әлдилеген қалпы асыл ағаның Төлебаев көшесі, №129 үйдегі киелі де қасиетті шаңырағының табалдырығын «Біссімілла» деп аттадым…
Құрыштан құйылған мүсіндей сымбатты дене бітіміне аспан түстес «Адидас» спорттық жейдесі ерекше жарасып әрі жасартып тұрған Дінмұхамед Ахметұлы қарсы шығып, қол алысты. Жасы сексеннің сеңгіріне шықса да жүріс-тұрысы ширақ, денесі тіп-тік. Маған әлдеқайда жас көрінді. Торсықтай шекесінің жазығы желкесіне қарай көсіле жазылып, толқынды шашы теңізге сұғына енген мүйістей көрінеді. Жар қабақтана біткен қабақтың үстіндегі қою қара қастың астынан тұңғиық қара судай жанары тұр мөлдіреп. Қас қағым сәт, асыл бейне.
Бір қабырғасы не түрлі асыл тастар байлығы жинақталған шынылы шкафқа қарама-қарсы қабырғадағы кілемшеде Димаш ағаның бейнесі жүз құбылады. Шағын үстел, жұмсақ орындық, тобылғы түстес күрең шай.
Кілемшені Димаш ағаға 80 жасқа толғанда жамбылдықтар қолдан тоқып, сыйға тартыпты. Басқадай көз ұратын әлем-жәлем дүние жоқ.
Менің қысыла-қымтырыла отырғанымды сезді ме, алғашқы сөзді өзі бастап, ел-жұрттың амандығын, одан соң ауылдағы тіршілік тамырының қалай соғып тұрғанын аса ыждаһаттықпен сұрады. Мен қысқа-қысқа жауап қайтардым.
– 1936 жылы Балқаш көлінің түбіндегі жаңадан ашылған Қоңырат руднигінде студенттік практикамды өткізіп, келесі жылы тау-кен мамандығым бойынша жолдамамен келіп, кен бұрғылау станогында қатардағы жұмысшыдан еңбек жолымды бастадым. Жақын маң Қоңырат ауданы деп аталатын. Жұмысшылардың дені аталған ауданның тұрғындары еді. Олар қойдай қоңыр мінезді, көтерімді келетін. Қараменде деп аталатын бабаларының әруағына сыйынып, пір тұтатыны есімде қалыпты, – деп жайма шуақ әңгімелеп отырды.
– Сіз айтқан Қараменде бабаға биыл күзде тобықтылардың ата жұрты Шыңғыстаудағы ағайындармен бірлесіп, Ақтоғайда ас беріп, келесі жылы басына мазар тұрғызбақшы, – деп сөз реті келгенде мен де ойымдағыны бүгіп қалған жоқпын.
– Дұрыс болған! Ол – іргелі елдің белгісі, тәуелсіз елдің жемісі, халқың қолдаса, өркендерінің өскені, – деп сәл ойланыңқырап алып, сөзін қайта сабақтады. – 1956 жылдың көк мешін деп атап кеткен қысы қоғамдық малға мүшел болғаны бар. Көптің бірі болып Қоңырат ауданының бірінші хатшысы да қырға алынып жүрген-ді. Ұлты татар демесе, жан-тәнімен қазақ болатын. Бағына қарай партияның аз ұлттың интеллигенциясына көңіл аударып тұрған кезі еді. Қатаң сөгіс алып, қызметінде қалды. Қазір сол кісі бар ма? – деп сұрады. Арада алпыс жылдам астам уақыт өтсе де, күні кеше көргендей неткен қабілет, зеректік десеңізші.
Димаш ағаның сөз төркінің түсініп, сол уақытта Махами Яхин деген адамның аудан басқарғанын және 80 жылдардың басында жасы 80-нен асып қайтыс болғанын айттым. Үнсіз бас изеді.
– Алаштың біртуар, тарихи азаматтарына ас берсеңдер, ол – оң іс. «Өлі риза болмай, тірінің ісі оңалмайды» деген бар. Десек те, бір сұрақ көңілімде тұр, – деді маған назар аударып. – Жоғары жақтың нұсқауымен бе, әлде ел ықыласынан туған шаруа ма бұл?!
– Аға, басқа емес, халықтың ұйғарымы ғой. Биыл – бетке ұстағанымыз – Әлихан Бөкейхановтың туғанына 125 жыл, Ақбайдың Жақыбына – 115 жыл, Әлімхан Ермеков болса, Жамбыл ата жасынан бір сүйем биікте тұр. Биыл – баталы жыл», – деп ойымды жеткіздім. Димаш аға осы жолы тұғырынан ұшатын қырандай желпініп сала берді.
– Республика көлемінде үш арыстың құрметіне жасалатын тұңғыш тұсаукесер той де. Елден бұрын мына алмағайып кезеңде Алаш ардагерлерінің туған жерінде туын тіккелі жатқан елің ер екен. Халқына шырақ бақыт әкелсін, – деді де әңгіме желісін Әлихан Бөкейхановтан бастап, шахмат тақтасындағы ойындай кезекпен сөзін жалғастырды.
– Әлихан Бөкейханов – ұлт азаттық қозғалысының басшысы ғана емес, Алты Алаштың пірі, рухани көсемі болды, оны тарих та мойындайды. Мен Әлиханмен бір-ақ рет жүздестім. Оның өзі қас-қағым сәт қана. Қазақстанның көрнекті мемлекеттік қайраткері Смағұл Сәдуақасов дүниеден озған күні еді. Бастапқыда Разгуляев зиратында жерленеді десе, жеме-жемге келген күні неге екенін қайдам, Дон зиратына ауыстырған.
Мәскеуде тұратын және оқитын қазақ жастары марқұммен қоштасуға нөпір болып жиналды. Солардың арасында шағын топ оқшау тұр. Үздік-создық келушілер осы топқа әдейілеп бұрылып, қол алысып өтіп жатты. Шыңылтыр аяз бет қариды. Көпшілік арасынан сына тауып, мен де сол топқа тақай түстім. Мәскеуде үлкен қызмет атқаратын Тұрар Рысқұлов пен Нығмет Нұрмақов ағалар көзге оттай басылды. Ортада дембелше денелі, қияқ мұртына ақ кірген, шоқша сақалы салалы, жүдеу өңді ақсақал сол қолымен жастау әйелді қолтығынан демесе, оның оң жағынан Тұрар сүйемелдеп тұр екен. Ақсақалдың сол жағынан Нығмет орын алыпты. Көбіне ақсақалға күбірлеп сөйлеп тұрған Нығмет еді. Ана кісі оған басын изеп қана жауап беріп тұрды. Келушілер ең алдымен ақсақалдың қолын ұстап, содан соң кезекпен көңілдерін білдіріп өтіп жатты. Орта жастағы, ұлты орыс нәсіліне ұқсас жан ақсақалдың қолын ұзақ ұстап тұрып, көңіл айтты. Мен де осы сәт иін тірескен ортада жас шамасы өзіммен шамалас жігіттен «Мына кісі кім?», – деп иек қақтым. «Танымайсың ба? – деп таңқалды. – Атақты Әлихан Бөкейханов қой, қасындағы қызы Элизавета, марқұм Смағұлдың зайыбы».
(Жалғасы бар)
Махмұт ЖАРЫЛҒАП,
Халықаралық “Қазақ тілі” қоғамының Балқаш қалалық филиалының төрағасы.