Руханият

Ұстаз (Оныншы жазба)

Ел бүгіншіл, менікі – ертеңгі үшін.

Ахмет БАЙТҰРСЫНҰЛЫ.


Құрма пейіштің асы.

Біреуге құрма жеме деп айтуың үшін алдымен өзің құрма жемеуің керек. Біреуді бірнәрсеге тәрбиелеместен бұрын алдымен сол нәрсеге өзіңді тәрбиелеуің керек. Әркімнің талаба болғысы бар. Әрине, ымдәрісі табылса. Сол ымдәрісің талабасына сөзін өткізу үшін алдымен ымдәріс дәрежесіне өзі көтерілуі керек. Дүмшенің алдын көрген дүмшеліктен аспайды.

***

Талабаның патша баласы болса да әкесінің тілін алмауы мүмкін, алайда ымдәрістің жөні бөлек. Ымдәріске сол патшаңыздың өзі ақыл салған.

Менің түсінігімде сол дәрежеге, сол дәргейге Ахаң, қазақтың Ақселеуі жете алды.

***

Қазақ даласында қазақ баласына ой салатын бір әпсана бар.

Ертеде еліне жаққан бір патша болыпты. Сол патшаның жалғыз ұлы жазылмас бір дертке ұшырайды.

Патша қол астындағы барша бақсы-құшынашты жинайды. Олар сырқат көзі кәдімгі пейіш асы – құрма деп біледі.

Құрма жеуін қоймаса тура отыз күннен кейін баланың пәнилік дәмі таусылады, – дейді.

Мұны естіген ақылды патша құрманы қойдырудың жолын іздейді.

Өзі қой дей алмайды.

Өйткені әкесі.

Құрма жеме деп және айта алмайды.

Өйткені құрма пейіштің асы.

Өйткені құрманы өзі жеп отыр.

Құрманы қол астындағыларының бәрі жеп отыр.

Кеше де жеген.

Бүгін де жеп отыр.

Ертең де жейді.

***

Патшада кемі қырық қарашаның ақылы бар емес пе?

Алдына ұстазды шақырады.

Болған жайды баян қылады.

***

Содан патша күн санайтынды шығарады.

Отызыншы күнінде де баласы құрма жеп отырады.

Содан баланың ұстазын шақыртады.

Бұл қалай? – деп сұрайды.

Ертеңнен бастап құрма жеуін қояды, – дейді ұстаз.

Уәдесін берді ме? – дейді патша.

Бұл жөнінде әңгімелескен жоқпыз, – дейді ұстаз.

Сонда қалай қояды? – дейді патша.

Мен балаңызға құрма жеме деп айтуым үшін өзім құрма жемеуім керек ғой. Міне, менің құрма жеуді тоқтатқаныма отыз күн толды. Оны балаңыз көріп отыр. Себебін білгісі келеді ме? Келеді. Сол себепті бүгін айтамын, – дейді ұстаз.

***

Біздің қоғамымызда да сондай бір бейкүнә ауру бар.

Былай қарасақ сол ауруымызды сезінетін сындымыз.

Былай қарасақ сол ауруымызды елемейтін сындымыз.

Ол ауруымыз – салғырттық!

Ол ауруымыз – бойкүйездік!

Өзіңнің мұрныңның суына ие бола алмай отырып, түшкіргенге не деп айтарсың?!

***

Жақында ғана Қарағандыда елеулі бір оқиға болды. Серік аға Ақсұңқарұлы Мемлекеттік сыйлық алды. Соны қуаныш қылып айтып жатсам адам деп айтып тұрған бауырым:

Е-е…Өшіреті келген шығар, – дейді.

Тағы да бір әңгіме.

Қарағандыда бір жүнтөстің бір қазақ баласына пышақ салған оқиғасы өтті. Соны естіген көршім:

Бір сайқалға таласқан болды ғой, – деп қарап тұр.

Тағы да бір әңгіме.

Бір бауырымыз қосақ ішінде ақша жегендер қатарында сотталып кете барды. Соны естіген бір тумамыз қоңырау шалып тұр:

Сиыр жеп қойған ба? – деп.

Сонда бұл не?

Не сонда біз не қуанатын, не ренжи алмайтын халыққа айналғанымыз ба?

Бұл салғырттық, бұл бойкүйездік бізге қайдан келіп жүр?

***

Теледидарды қазір көре қоймайтын хәлге жеттік. Көрмеймін демейсің, көрген құрлы қажытып жібереді.

«Астарлы ақиқат» деген сүйкімі кетіп бара жатқан бағдарлама бар. Кейінгі кезде дамбал ішінде адасып шықпай қойды.

Соның бір көрсетілімінде «қайынатасының қалай қойынатасы» болғаны туралы сюжет көрсетілді.

Студияда сарапшылар отырды.

Содан не болды дейсіз ғой?

Ойласаңыз таппайсыз.

Ел іші ғой…

Ондай-ондай ханның қызында да болады ғой…– деп мыжыды.

Ау, оның жауабын баяғыда Құнанбай бабамыз беріп кеткен жоқ па деп айқайлағың келеді.

Аман болып жатсақ, бұл арна әлі жабыла қоймайтын болса «қайынененің қалай қойыненге» айналғанын да көп ұзатпай көрерміз деген ойда қалады екенсің.

Студияда басқа да жұртшылық отырды. Соның біреуі дауыс көтермеді-ау…

Ең құрмаса:

Қардың шашын бір талдап жұлайық…

Болмаса:

Қақпастың сақалын бір талдап жұлайық…

Болмаса:

Қақпасты әтек қылып жіберейік…

Деген бір жан табылмады.

***

Осыдан бес ғасыр бұрын көшіп жүрген қазақ жұрты әлі көшіп жүр. Қыстақтан ауылға, ауылдан қалаға. Сол көшпелі жұртының үш ғасыр көлеміндегі сапырылысын бағамдауға Ақаңның ғұмыры жетті. Қалған екі ғасырға жетпей қалды. Өресі емес. Ғұмыры.

Қазақ жері баршылық, бірақ сол ұланғайыр жерге қазақ сыймай отыр.

Іргеде отырған жау қауіпті дейді Ахаң. Ол кісінің есебінше көршілес аю мен аждаһадан гөрі іргеде отырған «өзағам» қауіптірек. Себеп жеткілікті. Бабаларымыз аюмен де, аждаһамен де сабаласудан әрі аспаған. Ал өзағаларымызға қарсы мемлекет болып құрылғаннан бері соғысып келеді. Өзбек деген ел де, ұлт та жоқ. Олар қазақ руларының құрмасынан тұрады. Қазақтың өзбекті алар қауқары осыған келгенде құрып қалады. Өйткені қазақ баласы ешқашанда бауырына қол көтермеген.

Сол өзбектің бүгінде Ошқа таласы бар…

Тәжіктің бүгінде Бұқараға таласы бар…

Қазақтың Тәшкенге неге таласы жоқ?..

Бұл сауалды Ахаңа да қойғанбыз.

Тәшкеннен қандай қазақылық көріп отырсың? Ол жақта қазақ сөзін сатып алмасаң басқа лаж жоқ. Ол жақтың қазағы баяғыда-ақ өзбек болып кеткен. Қазақ болам деген өзбек қазақ даласына баяғыда-ақ өтіп алған. Тіпті, бір ініміз министр де болып отыр. Өзбек болып қалса да далада қалмайтын еді. Бүгінде енді соның түбірін қазуда…

Бұл не? Көре алмаушылық па?

Жоқ, бұл да бойкүйездік.

Қазақ болам деп келіп тұрған қарындасын кеудеден итерушілік.

***

Беларусь аспаны күркіреп тұрды.

Батька тақтан кетсін!..– деп.

Іле Владивосток, Хабровск аспанынан тыныш кетті.

Путин! Губернаторды орнына қой! – деп.

Сол айқай Мәскеуге де жетті.

Путин! Навальныйға бостандық бер! – деп.

Одан Алматы көшесі де жұртқа лық толды.

Бұл Қазақстанға ұқсамайтын еді.

Бұл қайдан келді деп қарасақ…

Лотерея ойнатыпты…

Ұтысқа автокөлік тігіпті…

Осыншама халық ұтыстан дәмелі екен.

Бұл не?

Сол баяғы селт етпейтін салғырттық.

***

Өркениет бастауларын қос өзендер арнасынан алған.

Ауылдағы баршылық ұстадан басталған.

Ұста табылса ұстаханасын салған.

Ауылдағы барша жұртқа ұрысуға болар. Жекіруге болар…

Тек ұстаға емес.

Қандай майдан жүріп жатса, ұстаны ұрыс даласына алмаған.

Есті жеңімпаз жеңген жерінде қатын-қалашты сүйрей бермей ұсталарын да жиып-теріп әкелген.

Жау ұстасы болса да оққа байламаған.

***

Неге деген сауалға жауап та дайын.

Ұстасы бар ауыл жүдемеген.

Ұстасы бар ауыл аш болмаған.

***

Қазақ баласы ұстазға жарымаған.

Ұстасын да ұстаған.

Ұстазын да ұстаған.

Алдыңғысына күрек ұстатқан.

Кейінгісін қабырғаға тұрғызған.

Сол отырғандардың жартысы ұста болса жартысы ұстаз еді.

Сол ұстаздар ұлт ұстазы деңгейінде еді.

***

Қазақ баласы сол олқылықтың орнын әлі күнге дейін толтыра алмай келеді.

Әнуар Әлімжанов ағамыз «Ұстаздың оралуын» жазса тегін болмаса керек.

Ақжан Машани бабамыз әл-Фараби бабамызды еліне қайтарса оның да тегін болмағаны.

Ұстаз деген рух деген сөз.

Ұста деген өнер, білім деген сөз.

***

Ұста мен ұстаздың түп-тамыры бір.

Ұстасы жоқ ауыл жетім.

Ұстазы жоқ ұлт жетім!

***

Ұлт ұстазы десек есімізге бірден Бірінші Ахаң оралады.

Екінші Ахаң да осы қатарда болуға тиіс деп ойлаймын.

***

Ескендір Зұлқарнайынның Аристотелі болды!

Хан Абылайдың Бұқар жырауы болды!

Патшамыздың жүгінген ұстазын естімедім.

Бәлкім, Ұстаз ұстағанда патшамыздың балалары да құрма жемеуші ме еді?!

17.02.2021 ж.

Төрехан МАЙБАС,

жазушы.

Басқа материалдар

Back to top button