Жаңалықтар

Сынықты емдеуде жетістік көп

Жазым деген аяқ асты. Әсіресе, мұндай жайтқа балалар жиі ұшырайды. Жарты жыл ішінде сүйегі сынған балаларға 385 шұғыл ота жасалған. 2011 жылдан бері профессор Х.Мақажанов атындағы көпсалалы аурухананың балалар ортопедиялық бөлімшесінің хирургтері сынған сүйектерді қалпына келтіруде остеосинтез технологиясы арқасында «иілгіш шегелердің» немесе ТЭН-дердің (TEN) көмегімен көптеген баланың аяққа тұруына септігін тигізді. Бұл туралы Медициналық сақтандыру қорының Қарағанды облысы бойынша филиалының баспасөз қызметі мәлімдеді.

Балаларға МӘМС жүйесі бойынша медициналық көмек тегін көрсетіледі. Шұғыл отадан бөлек, 160 балаға жоспарлы түрде ота жасалған. Ал «иілгіш шегелермен» немесе ТЭН-дермен остеосинтез технологиясы сынған сүйекті арнайы шыбықтармен немесе «шегелермен» сәйкестендіреді және мықтап бекітеді. Ол шегелер сүйек бір-біріне толық бекігеннен кейін ғана алынады.

– Бұл технология 12-13 жасқа дейінгі балалардағы түтікше тәрізді сүйектердің диафиздік сынықтарын емдеудің озық стандарты болып табылады. Ол ауруханада жату мерзімін 5 күнге дейін қысқартады, сүйек сынықтарының қайталама қозғалуын болдырмайды. Сонымен қатар, рентгенді жиі жасаудың қажеті жоқ. Тағы бір артықшылық – ерте қозғалу мүмкіндігі. Сынық сәйкестендіріліп бекітілгендіктен, пациенттер отыра алады, қозғала алады, – дейді балалар ортопедиясы бөлімшесінің меңгерушісі Шолпан Мұқашева.

Бөлімшедегі емделіп жатқан пациенттердің бірі 12 жаста. Футбол ойнап жүріп, сол жақ жамбас сүйегі сынған. Оған дәрігерлер остеосинтез технологиясының көмегімен ТЭН орнатқан. Дәрігерлердің айтуынша, науқас ауруханаға ығысқан сүйек сынықтарымен келген. Сынық сәйкестендіріліп бекітілді, бірнеше күннен кейін ауруханадан шығады.

Осы ауруханада жамбас жілігі сынып, ТЭН бекітіліп емделген ең кішкентай науқас 1 жас 3 айлық сәби болыпты.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ.

Басқа материалдар

Back to top button