АҚАҢНЫҢ ТОЙЫ – АЛАШТЫҢ ТОЙЫ жұрт күйініп қайтқаны болмаса…
«Ақселеу биігінде – Алаштың күйігі бар…» Иә, осы жолғы 80 жас мерейтойына жұрт бабамен қауышамыз деп Жаңаарқа төріне жан-жақтан жиналған еді, күйініп қайтты. Ақаң аудандық мәдениет үйінің алдына тасмүсін болып орнығуы керек болатын. Бірақ, көпшілік тау тұлғалы Ақаңды көре алмады. Сол себепті, көңілі олқы қайтты. Әлеуметтік желінің әлеуеті күшті болғаны сол, желі қолданушылары сынап та, сыбап та тастады. Оңдырмады. Заңды, әрине. Аудан әкімі Юржан БЕКҚОЖИН өзінің facebook парақшасында мүсінді алып тастағандарын, қайта жасалатынын мәлімдеді. Осылайша, ғұмыры ең қысқа ескерткіш айтулы тойдың үлкен кемшілігі болды.
Дегенмен, той бағдарламасындағы баба рухына арналған ғылыми-практикалық конференция, республикалық жыр мүшәйрасының жеңімпаздарын марапаттау, одан кейін Қарауыл төбедегі іс-шаралар лайықты деңгейде өрбіді.
Ақаңның тойына Ұлт зиялылары, ақын-жазушылар, Сенат депутаттары, Ұлытау облысының атқамінерлері, көсемсөз шеберінің шәкірттері, журналистер қауымы және Ахаңның туған-туыстары жиналды. Барлығы да Ахаңды сағынған. Есті естеліктер, Ахаңның қайраткерлігі, азаматтығын әңгімелеп жатыр. Ескерткіш ашылмай тұрып, қазақтың аймаңдай ақындары Несіпбек Айтұлы, Серік Ақсұңқарұлы рухани ағаларының рухына арнаған өлеңдерін арындап тұрып, жалындап тұрып оқыды. Ал, ғаламат әнші Серік Оспан Ахаңның «Дәурен-ай» әнін асқақтатып сала берді. Аз жазса да, саз жазған сәулелі сазгердің бұл әні, ән құдіретін аспандатқанын Алаш жұртшылығы жақсы біледі. Арқа аспанында – Ақаң рухы. Алайда, көпшілік тастұғырдағы Ұлт жоқшысын көрген сәтте басын шайқап, жағасын ұстағанын жасыра алмаймыз…
Той жырын ескерткіштің олқы шығуынан бастаған соң, ашылу салтанатындағы әңгімені қазір жауып тастағанымыз жөн шығар. Иә, бұл жердегі айып аудан, облыс әкімдігіне тағылады. Таяқтың екі ұшы қайткенде де билік басындағыларға тиіп жатыр. Ескерткіш ауданның, облыстың бюджет қаражатынан салынбаған. Туған-туыстары жасаған. Онымен қоса, не облыстық, не республикалық комиссияның қарауынан өтпеген. Аудан әкімімен ауызша келіскендіктен, осындай қателікке жол беріп отыр. Бірақ, дәл қазіргі уақытта ескерткіш орнынан алынды.
Жарайды, ескерткіш көпшіліктің көңілінен шықпағанымен, Ахаңа деген сағынышты ешкім баса алмайды. Ұлт зиялылары Ахаң рухын, тіпті асқақтатты. Ғылыми-конференция кезінде.
Салиқалы отырысты облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы құттықтау сөз сөйлеп, ашып берді.
– Биыл белгілі этнограф, жазушы – Ақселеу Сейдімбекұлының 80 жылдық мерейтойын атап өтудеміз. Осынау торқалы тоймен барлық Жаңаарқа жұртшылығын ыстық ықыласпен құттықтаймын. Құндылықтарымызды түгендеп, бабалар жолын жаңғырту, оларға тағзым етіп, құрмет көрсету – бүгінгі ұрпақтың басты парызы, ертеңге үлгі ретінде ұсынар ізгі амалы. Бүгінгі мерейтой иесіне көрсетіліп жатқан құрмет – осы айтылған ойдың бірден-бір көрінісі, – деді Берік Әбдіғалиұлы.
Ақаң атындағы конференцияны өзінің рухани бауыры, ғалым Қойлыбай Асан сәтті тізгіндеп отырды. Жиында Ақаңның сан салалы қыры, этнограф екенінен бастап, жазушылығы, журналистикадағы еңбегі, сазгерлігі, бәрі-бәрі, қазақ мәдениетіне, әдебиетіне олжа салған еңбектеріне дейін айтылды. Қазақстан Республикасының оқу ағарту вице-министрі Ғани Бейсембаев, тарихшы, профессор Қойшығара Салғарин, ғасыр адамы Темірғали Көкетаев, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары Несіпбек Айтұлы мен Серік Ақсұңқарұлы, ақын, Ғалым Жайлыбай, Қарағанды университетінің ректоры, профессор Нұрлан Дулатбеков, белгілі қаламгер, сенатор Нұртөре Жүсіп, ҚР Парламентінің Мәжіліс депутаттары Аманжол Әлтай мен Жанарбек Әшімжан, әнші Сәуле Жанпейісова, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Несіп Жүнісбайұлы, жазушы, этнограф Төрехан Майбас, профессор Қаржаубай Сартқожа сөз сөйледі. Мұхамеджан Тілеуханов Ақселеу ағаның күйшілігіне тоқталып, күмбірлете күй шертті. Жоғарыда айтылған қазақтың кілең марғасқалары Ақаңның лайықты бағасын тіпті, асыра сөйлейтіндеріне ешкім дау келтірмесі анық. Солай сөйледі де…
Конференция соңында Ақселеу Сланұлының 80 жылдық мерейтойына арналып ұйымдастырылған мүшәйраның жеңімпаздары марапатталды. Жыр бәйгесіне елдің түпкір-түпкірінен «менмін» деген шайырлар қатысты. Сайлаухан Нәкенов атындағы арнайы жүлдемен Жезқазған қаласынан Абай Ораз, Қалиақбар Әбілдин атындағы жүлдемен Қарағандыдан Ерік Нарын, Асан Жұмаділдин атындағы жүлдемен Түркістан облысынан Арқалық Әмәлиәтұлы, Еркін Игенберлин атындағы жүлдемен Айдар Сайлауов марапатталды.
Ал, III орынға Түркістан облысынан Батырхан Сәрсенхан мен әріптесіміз, «Орталық Қазақстан» газетінің бөлім меңгерушісі Жәлел Шалқардың өлеңдері лайық деп танылды. II орынды елордалық ақын Алма Ақылбайқызы алды. Ал, I орынды «Орталықтың» түлегі, «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі Жәнібек Әлиман иеленді. Бас бәйгені ақтөбелік ақын Азамат Әбілқайыр еншіледі. Мүшәйра жүлдегерлерін аудан әкімі Юржан Асанұлы марапаттап, ақындарға шығармашылық табыс тіледі.
Мәдениет үйіндегі алқалы жиын аяқталған соң, Алаштың ардақтысы жерленген Ақселеу биігіне шықты той мейманалары. Баба рухына Құран бағыштап, қол жайды. Қонақтар Ақселеу биігінің бауыры Жаңаарқада ас-той дүбірлеп өтетін Қарауыл төбеге түсті. Ақшаңқан боз үйлерге кіріп, астан дәм татты.
Аудандық мәдениет үйінің қызметкерлері «Балталы, бағаналы ел аман бол» атты баба рухына арналған театрландырған қойылым қойды. Айта кетейік, қойылым Ақаңның шығармашылығына бағытталды. «Жаңаарқа жері – Жыр елі» атты аймақтық фестиваль де жиналған жұртшылық көңілінен шықты.
Әрине, Ақаңның тойында ат жүгіртпесе, балуан белдестірмесе әбестік болады. Астың да көркі – сол. Аламан бәйгеде жиырма сегіз ат отыз шақырымға шапты. Жаңаарқаның «Айсуат» тұлпары шашасына шаң жұқтырмады. Ал, түйе палуандағы белдесуде Асыл Барменовтің жауырыны жерге тимеді. Барлық жүлдегерлерге, жеңімпаздарға қомақты қаражат табыс етілді.
Иә, Ақаңның тойы – Алаштың тойы. Ескерткіш Ақселеу ағамыздың образын ашқанда ел күйініп емес, сүйсініп қайтушы еді…
Қасымхан ҒАЛЫМ.