Жаңалықтар

Екі кірпі

Біздің аулада екі кірпі бар. Оларды көрген сайын «Майқұдықта кірпі қайдан жүр?» деп ойлайтынмын. Өйткені, бала кезден кірпіні мультфильмнен көріп өстік. Олар орманда арқасындағы сауыт тікеніне алма мен саңырауқұлақты қадап алып жүретін. Қала ауласында жүруіне қарағанда табиғатынан бөлек, құпияға толы жаратылыс екені анық. Мүмкін, айналасына зияны тимейтін, өзімен-өзі жүретін аңғал табиғи болмысы жанымды баураған болар. Демек, кірпінің бойында бір тазалық бар. Арқа даласында Қарағандының бір тарихи нүктесі есептелетін Әлихан Бөкейхан ауданында кірпінің болуы да тегін емес. Ал, оның арқасындағы қайратты қорғанышы оны менен гөрі мықтырақ көрсететін…

Кейде жол бойында көлік таптап кеткен кірпіні көргенде алдымен көліктің доңғалағы жарылмады ма екен деп ойлайтынымыз өтірік емес. Себебі, біз кейде өз жауыздығымыз жайлы ұмытып, кірпінің темір тікендерін Алла оған адам баласынан қорғану үшін бергендей көрінеді. Өмір осындай қарама-қайшылықтан жаратылған.

Майқұдық тұрғындары кірпіні көрсе, таң қалмайды. Өйткені, олар жаздың күндері үй жануарлары сияқты аула маңында жүреді үнемі. Адамнан қатты сескенгенін аңғармадым. Оған жамандық ойлағандарды да байқамаппын.

Ал, шындығында, оның қайда өмір сүретінін жобалап білсек те, немен қоректенетіні, қалай ұрпақ жалғайтыны қызықты. Сондықтан, оның табиғатына сәл көз жүгіртіп көрелік.

Кірпілер тез көбейетін және көп таралған жануар. Қазақстанмен қатар, Еуропа, Сібір, Кіші Азия мен Қытай жерлерін мекен етеді. Олар түрлі тағамдармен қоректенеді.

Кірпі жылдам қозғалады. Оған жабайы табиғатта тамақ табу қиын емес. Иіс сезу, есту қабілеті өте жақсы дамыған. Судан да қорықпайды. Қоныс ауыстыру, тамақ іздеу кезінде терең емес сулардан де өте өте алады. Сүтқоректілер қатарына жататын кірпілер негізінен түнде ұйықтап, қыста бірыңғай ұйқыда болады. Күн жылынғанда көбіне тамақ іздеп, витаминдер мен майлардың қорын толтырып, қысқа дайындалады.

Кірпілер негізінен қоңыздар, жәндіктер, моллюскалар, рептилилер, кейде құстардың жұмыртқалары және балапандарымен, жеміс-жидектері һәм саңырауқұлақтармен, бақа, кесіртке, жылан сынды бауырымен жорғалаушылармен қоректенеді.

Кірпінің бір ерекшелігі – кез-келген жыланды жеңе алатындығы. Жыланға құйрығынан ұстап шабуыл жасайды. Жылан уын шашпақ болғанда инелері арқылы қорғанады да омыртқасын оңай шағып, жейді.

Ғалымдардың айтуынша, кірпіге улы жәндіктердің шағуы әсер етпейді.

Кірпі өзінің нәзік болмысы және сүйкімді түрімен ерекше тіршілік иесі. Бала кезден кірпінің терісі ілінген жерге жылан жоламайтынын біліп өстік. Демек, оның бойында жылан уына төтеп беретін Құдай берген қорғаны бар. Үйде кірпі ұстаудың бір пайдасы осы болса керек. Ұсақ жәндіктерді де қынадай қырады. Яғни, адам баласына пайдасы көп. Арқа жерінде оның ішінде Майқұдықтың аулаларында кірпілердің жүруінің еш зияны жоқ. Ауламызды зиянды дүниелерден тазартып жүретін досымыз есепті. Кейде таң алдында терезеден қарасам әлі екі кірпі жарықта бірдеңелерді ақтарып жатады. Сырттарынан қарап тұрып сүйсінемін. Қорғанатын темір тікенінің барына қуанамын.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button