Жаңалықтар

Күйге ғашық Кристина

Күйді шертпек түгілі оны түсінуге екінің бірінің өресі жетпейді. Әбіш Кекілбаевтың «Күй» шығармасын алғаш оқығанда жан дүнием астан-кестен болған. Ал, облыстық музыкалық байқауда үздік атанған сарандық Кристина ОСУХОВСКАЯ жұртты таң қалдырды. «Бабалардың көзіндей қасиеті домбыра» атты «Достық үйінде» өткен облыстық жас домбырашылардың бұл байқауында Құрманғазы, Тәттімбет, Қ.АХМЕДИЯРОВ сынды атақты композиторлардың күйлері орындалған еді.

Облыс аумағындағы этномәдени бірлестіктер өкілдері арасында өткен музыкалық байқауға өз өңірінде үздік деген 12 мектеп оқушысы қатысты.

Солардың арасында Саран қаласынан келген Кристина Осуховскаяның бәсі басым түсіп, айы оңынан туды. Ешкімге ұқсамайтын бөлек мәнерімен жұртты баураған Кристина үздік домбырашы деп танылып, І дәрежелі дипломмен және 50 мың теңге ақшалай сыйлықпен марапатталды.

– Саран қаласындағы музыка мектебінің оқушысымын. Домбыра – менің сүйікті аспабым. Бар мұңым мен сырымды соған айтамын. Домбыра шертсем, жеңілдеп қаламын. Байқауда Құрманғазының «Балбырауын» күйін орындадым. Осындай шараны ұйымдастырған Қазақстан халқы Ассамблеясына шексіз алғыс айтамын, – деді Кристина Осуховская.

Ал, II орынның 40 мың теңге көлеміндегі сыйлығы Бұқар жырау ауданы, Ботақара ауылындағы Гагарин атындағы мектеп оқушысы Виктория Аленинаға бұйырды.

Қарағанды қаласы ЮНЕСКО клубының №2 музыка мектебінің оқушысы Ислам Юламанов III дәрежелі диплом және 30 мың теңге сыйақыны қанағат тұтты.

Жеңімпаздарды анықтаған қазылар алқасы құрамында Тәттімбет атындағы академиялық халық аспаптар оркестрінің бас дирижері Ерлан Бақтыгерей, айтыскер ақын Айтбай Жұмағұл, облыстық ҚХА жанындағы аналар кеңесінің Құрметті мүшесі Күліш Төлеуханова және қоғам белсендісі Майра Әбдірахманова болды.

Байқау «Балалар» жылы аясында өткізілгенін атап өткен жөн. Облыстық әр тарабынан келген өнерпаздар бір-бірімен танысып, достасып, мәре-сәре болды.

Барлық қатысушыларға естелік сыйлықтар табысталды.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button