Жаңалықтар

Отандық өнім – өсуге сенім

Қымбатшылық қысып тұрған уақытта импортқа тәуелді болмай, отандық өнімді тұтынған әлдеқайда тиімді. Қолда барды ұқсатып, ел игілігіне жаратып жатқан кәсіп түрлері жетерлік. Соның бірі – Қарқаралы қаласында орналасқан құрылыс материалдарын өндіретін «Түсіпбай» шаруашылығы. Басшысы жас кәсіпкер Секербай ЖҰМАҒАЛИ.

Отбасылық кәсіпті қолға алған жас азаматтың бағыт берер әке-шешесі Тілек және Үміт Түсіпбаевтар. Балаларын ерте жастан еңбекке баулыған отағасының тынымсыз тірлігі бір басына жетерлік. «Ерте тұрған еркектің бір ісі артық, ерте тұрған әйелдің ырысы артық» деген тәмсіл басты ұстанымдары. Бұл отбасының тірлігі таң алакеуімнен басталады. Тілек аға қыстақтағы шаруашылыққа жол тартса, Секербай цехтағы қызу еңбектің көрігін қыздырады. Ал, Үміт апайдың мойында қос шаруашылықтың есеп-қисап, құжаттама жұмыстары. Тиянақтылық пен жауапкершілікті қатар алып жүрген кәсіпкер отбасының шығарған өнімдеріне деген сұраныс өте жоғары. Бірнеше жылдан бері күлден кірпіш, блок құйып, өңір халқын қамтамасыз етіп келеді. Биылдан бастап су жүйесіне арналған су өткізгіш сақина құюды бастады. – Кәсіпкерлікті кеңейту мақсатында биыл су өткізгіш сақина жасауды қолға алдық. Алматы қаласынан арнайы құрылғы сатып әкелдік. Қажетті шикізат: құм, балласт, шебень, цемент, темір тор, арматураны сатып аламыз. Біз шығарған өнімдердің барлығына сұраныс жоғары. Бастысы сапасына жіті мән береміз, – дейді Тілек Түсіпбаев.

Аталмыш шаруашылық «Қарқаралы-Жарлы» бағытында су тартып жатқан «Сапа Құрылыс-2007» ЖШС мен арнайы келісім-шарт жасап, құрылысқа қажетті құбырды өндіруде. «Алыстан арбалағаннан гөрі жақыннан дорбалағанды» жөн көрген серіктестік бүгінгі күнге дейін 100 данасын алған. Бастысы, шаруашылықтың өнімі серіктестік көңілінен шықса керекті. Сонымен қатар, аудан халқының да сұранысын қанағаттандырып, отыр. Күніне 20- 25 дана сақина құбырын құяды. Диаметрі 1-1,5 м. Көлеміне қарай бағасы да әртүрлі.

– Бүгінгі күні 7 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырмыз. Еңбекақылары 120-150 мың теңгенің көлемінде. Түскі асы мен арнайы жұмыс киімдері тегін. Бір айта кетерлігі бірнеше жылдан бері жер мәселесін шеше алмай келеміз. Блок, кірпіш, су құбырын шығаратын орынды айына 90 мың теңгеге жалға аламыз. Кірпіш пен блокқа қажетті шлакты тоннасы 1000 теңгеден жылу қазандықтарынан жеткіземіз,– дейді кәсіпкер. Бүтіндей бір аудан халқын сапалы отандық өніммен қамтамасыз еткен кәсіпкердің басты проблемасы – жер. Отандық өнім өндіретін шағын кәсіпкерлікті қолдауда аудан басшылары кенжелеп жатқандай. Қалдықсыз өңдеуді жүзеге асырып, отандық өнім шығарып, жұмыссыздар қатарының азаюына елеулі үлес қосқан кәсіпкер өз қаражатымен, өз еңбегімен ауқымды жұмыстарды жүзеге асыруда. Тапсырыс берген тұтынушысына құрылыс материалдарын жеткізіп беру мен орналастырып беру ақысыз. Ел экономикасын ысыра тұрып, аудан экономикасының дамуына үлес қосқан шаруашылыққа қажетті жер мәселесін шешіп берсе, әлі де тың жобалар мен іргелі істерді жүзеге асыратыны анық.

Сағыныш ӘБІЛ.

Басқа материалдар

Back to top button