Бас тақырыпМәселе

“Ерекше балаларға” ерекше назар қажет

2003 жылы елімізде аутизммен ауыратын 77 бала болса, бүгінде 9 мың бала осы дертке шалдыққан. Әсіресе, соңғы 5 жылда онымен ауыратын балалардың қатары күрт көбейді. Сөйте тұра, аутизм спектрінің бұзылуын (АСБ) ертерек анықтау, емдеу, қосымша жаттығу, дамыту, білім беру бағытында қордаланған мәселелері шаш-етектен. Сол мәселелерді биыл – «Балалар жылында» Білім және ғылым министрлігі ерекше назарына алды. Аутизм мәселелері бойынша арнайы республикалық үйлестіру кеңесі құрылып, тек аутизмге қатысты арнайы жол картасы бекітілетін болды.

2 сәуір – Дүниежүзілік аутизм мәселесі туралы ақпарат тарату күні. Аутизмнің қалай, қайдан пайда болатыны әлі күнге беймәлім. Бірақ, ол кез келген отбасында, кез келген балада болуы мүмкін. Аутизм туралы ақпарат, диагностика мен тіркеу, одан бөлек, қажетті көмек көрсету деңгейі көңіл көншітпейді. Оны Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов те атап өтті.

– Егер балалардағы нашар есту, көзі көрмеу, тірек-қимыл және басқа аурулар үшін инфрақұрылым, әдістемелер, стандарттар, бағдарламалар, мамандар мен арнайы ұйымдар бұрыннан болса, аутизммен ауыратын балалармен жұмыс істеуде жағдай басқаша, – деді министр аутизм тақырыбында ұйымдастырылған конференцияда.

Ведомство басшысы бұл кемшіліктерді жойып, онымен ауыратын балаларға кешенді көмек берудің жолдарын атады. Оның айтуынша, әуелі ғылыми зерттеулер жүргізу маңызды. Сол себепті министрлік аутизм спектрінің бұзылуын зерттеу жөніндегі арнайы ғылыми бағдарламаға қаржы бөлу жұмыстарын қолға алады.

Ерекше қажеттіліктері бар балаларға көмектесетін мамандарды даярлау ісінде де өзгерістер болады. Бүгінгі таңда арнайы педагогтерді оқытып шығаратын 19 жоғары оқу орны бар екен елімізде. Тек соның біреуінде ғана ресурстық орталық жұмыс істейді. Асхат Қанатұлы бұл университеттің барлығына коррекциялық кабинет форматында ресурстық орталықтар ашуды тапсырды. Орындалмаса лицензиясынан айрылатынын да ескертті. Сондай-ақ, биылдан бастап жоғары оқу орындарына аутизмі бар балалармен жұмыс істеуге маманданған шетелдік профессорлар шақырылып, бағдарламалар мен әдістемелерді дайындауға және студенттерді оқытуға көмектеседі. Осы дертке қатысты арнайы магистрлік бағдарламалар әзірленеді.

Ел бойынша түрлі дертті, оның ішінде аутизмді анықтап, мемлекеттің көмегін ұсынатын 211 психологиялық-педагогикалық коррекциялық кабинеті (ПМПК) жұмыс істеп тұр. Бүгінгі күнгі нормативке сәйкес, 60 мың балаға – бір ПМПК. А.Аймағамбетов алдағы уақытта 50 мың балаға бір ПМПК болатынын да тілге тиек етті. Және ресурстық орталықтар, арнайы инклюзия кабинеттерінің қызметкерлеріне мақсатты гранттар бөлінетінін де айтты. Ең бастысы, коррекция көмегі мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істейтін болады. Яғни, осы дертке шалдыққан балалармен сапалы коррекциялық жұмыстар жүргізуге дайын ұйымдар бюджеттен тиісті қаржы алады. Жақын уақытта оңалту орындарына ұзын-сонар кезек азайып, көмекке мұқтаж балалар көп күтіп, уақытын өткізіп алмайды деген үміт пайда болды. Әйтпесе «ерекше бала» өсіріп отырған ата-аналардың айтатын басты мәселесі де осы еді.

– ПМПК қабылдауын 3 ай күттік. Енді коррекциялық орталықты 3-4 ай күту керек. Бізде ата-аналар баласын емге апару үшін кезегін жылдап күтеді. Өздері баланы ерте жастан қаратып, дамыту керек дейді де соған мүмкіндік жасамайды. Ақылы орталықтарға баруға үнемі мүмкіндік бола бермейді. Бітпейтін, шешімі жоқ бір шеңберді айналып жүрген сияқтысың. Балаға да, ата-анаға да қиын, – дейді Айдана Қамзина.

Ерекше қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істейтін мамандар тапшы. Бұл мәселені мектеп ішінде педагог-ассистенттердің көмегімен шешпек. Биыл олардың қатары артады. Оның үстіне енді мектепке дейінгі ұйымдарда да педагог-ассистенттер еңбек ететін болмақ. Министр мінберінен айтылған тапсырма іске асса, қаншама баланың болашағын жарқын етуге мүмкіндік туар еді. Аутизм емделеді, бірақ, оған көп қаражат пен күш-қуат қажет. Қоғамның әдетте қабылдамай, ондай балалардан сырт айналатыны өз алдына бөлек мәселе. Айтқанымыздай, ертерек анықталып, ем басталса, бала сөйлей де алады, қоғамға бейімделіп, қатарластарымен бірге өсе алады. Бұл – біздің емес, осы сала мамандарының сөзі.

Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button