Жаңалықтар

Қарағандыдағы беделді мектептердің біріне «Абай академиясы» сериясымен жарық көрген кітаптар сыйға берілді

Еліміздің әрбір жалпы білім беретін мектептерінде атқарылып жатқан игілікті істердің бірі – кітап оқу. Кітап оқу – жас буынның санасына адамгершілік ұғымын сіңіріп, ұлттық мәдениет пен руханият құндылықтарын қоғамда ілгерілетуге бағытталған іс екені анық. Ол жас ұрпақтың талабын қанағаттандыру, рухани байлығын, жалпы ой-өрісін дамытуда талап талғамын қалыптастыруда ең үлкен де ұлы тәрбие құралы екені белгілі.

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанынан құрылған «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институты «Абай Құнанбайұлы мұрасы және қазіргі Қазақстан: жаңаша аспектіде жүйелеу, талдау және басылымға даярлау» атты кешенді ғылыми жобаны жүзеге асыруда. Жоба аясында ғұмырнамалық зерттеулерді, ақын шығармашылығы туралы монографияларды, дерекнамалық еңбектерді, жаңа технологиялық жетістіктерге негізделген оқу-әдістемелік жұмыстарды танымдық сериялық басылым түрінде зиялы қауымға, ғылыми ортаға, барлық деңгейдегі білім алушылар мен көпшілік әлеуметке ұсыну көзделген. Басты мақсат – абайтануға қатысты жаңа сипаттағы сан қырлы аспектідегі ғылыми-зерттеулер арқылы бүкіл қоғамға, әсіресе жастарға Абай мұрасын жан-жақты насихаттау мен танымалдандыру, болашақ жарқын істерге жол салу.

Бүгінгі таңда «Абай академиясы» сериясымен елуге тарта кітап жарық көрді. Кітап авторлары арасында Т.Жұртбай, Е.Сыдықов, Ш.Ыбырай, Ғ.Есім, Ж.Аймұхамбет, С.Негимов, Е.Тілешов, А.Кеңшілікұлы, тағы басқа танымал ғалымдар бар. Тарихи маңызы зор еңбектердің бірі – жерлесіміз, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, заң ғылымдарының докторы, профессор, ҚарУ ректоры Нұрлан Орынбасарұлының «Құнанбай Өскенбаев ісі» атты дерекнамалық зерттеу еңбегі екенін атап өткіміз келеді.

Биыл «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институты жоба аясында жарық көрген барлық кітаптарды қаламыздағы Абай атындағы гимназия кітапхана қорына сыйға тартты. Кітаптарды Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің оқытушысы, PhD, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Алмаз Мырзахмет табыстады. Бұған дейін Абай мектебі мен «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институтының арасында меморандумға қол қойылған болатын. Құнды кітаптардың мектеп кітапханасы қорына қосылуы игілікті істердің басы деп білеміз.

Баға жетпес еңбектер Абай мектебінің шәкірттеріне де, ұстаздар қауымына да, жалпы Қарағанды жұртшылығына игілікті еңбек етері сөзсіз.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ

Басқа материалдар

Back to top button