Жаңалықтар

Инватакси қызметке кірісті

 Нұра ауданында инватакси пайда болды. Оның қызметтерін жеке көмекшісі бар 1-ші топтағы мүгедек адамдар, сондай-ақ, арбалы мүмкіндігі шектеулі балалар пайдалана алады. Бұл туралы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы хабарлады.

Инватакси қызметін алу үшін Нұра ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне жүгіну қажет.

«Тұрғындар бізде еркін формада өтініш жазып, жеке куәлік пен дәрігерлік кеңес комиссиясының қорытындысын қоса беруі қажет. Осыдан кейін олар инватакси қызметтерін тегін пайдаланады. Инватаксиге одан әрі тапсырыс беру үшін олар біздің бөлімде құрылған диспетчерлік қызметке (8-72144) 2-16-79 нөміріне қоңырау шалуы керек», – деп хабарлады Нұра ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі.

Нұра ауданында инватакси қызметін ұйымдастыруға «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы көмектесті. Кәсіпорын мамандандырылған «Газель» сатып алуға қаражат бөлді. Автокөлік «Нұра ауданының мүгедектерді қолдау қоры» ҚҚ балансына берілді. Қор көліктің шығындарын көтереді.

«Біз инватакси қызметімен биыл 75 адамды қамтуды жоспарлап отырмыз. Сұраныс көп болуы мүмкін. Біздің ауданда барлығы 1046 мүгедектігі бар адам тұрады», – дейді аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі.

Өз тілшімізден.

Басқа материалдар

Back to top button