ҚарағандыРесми

Қарағанды облысында жастар ипотекасына үміткерлер белгілі болды

Қарағандыда жастар ипотекасын алуға үміткер жастар белгілі болды. Бұл ипотека жұмыс істейтін жастарға арналған. Мұндай жеңілдетілген бағдарламаны Қарағанды облысының әкімдігі «Отбасы банкімен» бірлесіп ұсынғанын атаған жөн. Осыған байланысты бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 1 млрд. теңге бөлінді. Сонымен қатар, «Отбасы банк» 500 млн. қарастырды. 20 миллион теңгеге дейінгі сома 5%-бен беріледі. Бастапқы жарна 19 жылға дейінгі мерзіммен қарыз сомасының 10%-ы.

Жаңа ипотекалық бағдарлама 35 жастан аспаған мұғалімдерге, дәрігерлерге, медбикелерге, спортшыларға, жаттықтырушы-оқытушыларға, мәдениет қызметкерлеріне, журналистерге, ЖОО оқытушыларына, ғылыми қызметкерлерге және әлеуметтік сала өкілдеріне арналған. Құзырлы орындардың мәлімдеуінше, барлығы 1016 өтініш түскен. Соның арасында 75-і талаптар бойынша іріктелді. Енді үміткерлер өздерінің төлем қабілеттілігін растауы керек. Үміткерлерге өлшемшарттар бойынша балдар берілген. Атап айтқанда:

– таңдалған салада жұмыс өтілінің толық жылы үшін – 2 балл;

– өтініш берушіде немесе жұбайында (зайыбында) мүгедектіктің немесе кемтар балалардың болуы – 5 балл;

– «жетім балалар» санаты бойынша коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаж ретінде есепте тұрғандарға – 5 балл;

– бала болған жағдайда – 2 балл (әр бала үшін).

Жеңілдетілген ипотека алуға қатысушыларды қарастырған комиссия құрамында мемлекеттік орган, депутаттық корпус және жұртшылық өкілдері бар.

– Қарағанды қаласының жас мамандарын жеңілдікпен несиелендіру бағдарламасына қатысу үшін 1016 өтініш берілді. Оның 375-і денсаулық сақтау, 354-і – білім беру, 43-і – мәдениет, 22-і – спорт, 15-і – БАҚ, 46-сы – әлеуметтік сала, 105-і – ЖОО қызметкерлерінен келіп түсті, тағы 56-сы тізімге енбеген жұмыспен қамтудың басқа салаларынан келіп түсті, – деді комиссия төрағасы Мейрам Кожухов.

Өз тілшімізден.

Басқа материалдар

Back to top button