Жаңалықтар

Ірі компаниялар жұмыс ұсынды

2022 жылдың 21 сәуірінде Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде «Түлек – 2022» жәрмеңкесі өтті. Мұнда 1700-ден астам түлек және 100-ден аса жұмыс беруші кәсіпорын өкілдері қатысты. Әр компания университет түлектеріне бағыт-бағдар беріп қана қоймай, бос жұмыс орындарын ұсынды.Университет түлектерін жұмыспен қамтыған ірі кәсіпорындардың қатарында ЖОО-ның көпжылдық серіктестері – «АрселорМиттал Теміртау» АҚ, «Қазақмыс» корпорациясы ЖШС, «Шұбаркөл Көмір» АҚ, «Пархоменко атындағы Қарағанды машина жасау зауыты», «Имсталькон» АҚ, «Maker» КМЗ ЖШС, «Ж.Әбішев атындағы Химия-металлургия институты» ЖШС, «ERP Company» ЖШС, «Қазақстан темір жолы – жүк тасымалы» ЖШС, «Комплекстік сараптама компаниясы» ЖШС, «QazTehna» ЖШС, «WOOPPAY (ВУППЕЙ)» ЖШС, «Қазпромавтоматика» ЖШС, «Қазақтелеком» АҚ және өңірдің басқа да кәсіпорындары бар.

– 22 жыл бойы біз жұмыс орындарын іздестіруге және университет түлектерін жұмысқа орналастыруға жәрдемдесетін жәрмеңкені белсенді түрде өткізіп келеміз. Бүгін бітіруші курс студенттері жұмыс берушілермен тікелей сөйлесіп, өздеріне қажетті мағлұмат алды», дейді Әбілқас Сағынов атындағы ҚарТУ-дың атқарушы директоры Аристотель Исагулов.

Іс-шараның салтанатты жиыны бас оқу ғимаратының акт залында өтті. Қарағанды қаласының халықты жұмыспен қамту орталығы, «ҚазАрмапром» ЖШС, «GeolProject» ЖШС, «ЕРАМ Kazakhstan» ЖШС секілді кәсіпорын өкілдері сөз сөйлеп, түлектерге бағыт-бағдар берді.

Қарағанды қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Нұржан Сыздықов Жастар саясатының республикалық бағдарламасы туралы айтты. Сондай-ақ, 1 жыл ақылы тәжірибеден өткен түлектер кейін жұмысқа орналасатынын тілге тиек етті. Жұмыс іздеушілер үшін бос орындар тізімі Орталық порталда ұсынылған.

Орал қаласынан келген «ҚазАрмапром» ҚБ Бас директордың коммерция жөніндегі орынбасары Анарбек Мырзағалиев түлектерді республика бойынша жетекші орынға ие сұр шойыннан жасалған ілмекті арматура өндіретін кәсіпорынға жұмысқа шақырды. Кәсіпорын нарықта 100 жылдан астам уақыт бойы табысты жұмыс істеп келеді. Зауыт құймалар алу үшін сұр шойынды балқытуды және құюды жүзеге асырады, одан әрі механикалық өңдеуден өтеді және механикалық жинау цехында тиек арматурасын құрастырады. Сондай-ақ, батыстан келген кәсіпорын өкілі бос жұмыс орындары, жұмыс шарттары туралы және қызметкерлер үшін тұрғын үй жалға берілетін айтып өтті. Бұдан бөлек, жаңа өндіріс ашу және штатты кеңейту жоспарланған.

Ал, бүгінде өнімді қызмет атқаратын «GeolProject» ЖШС Бас директоры Дмитрий Шелухин осы университеттен түлеп ұшқан. Ол оқуды бітірген соң екі жылдан кейін «GeolProject» ЖШС, «Қарағанды ізденістер институты» компаниясын құрды. Бұл компания базасында «Геодезия» және «Геология» бағыттары бойынша жоғары білікті мамандарды даярлайтын Оқу орталығы ашылған. Университет түлектері біліктілікті арттыру курстарынан өтіп, тиісті сертификаттарға ие болады.

Сондай-ақ, ҚарТУ-дың тағы бір беделді серіктесі «ЕРАМ Kazakhstan» ЖШС жыл сайын ЖОО түлектерін жұмысқа орналастыру бойынша жәрмеңкелерге қатысады. Тренинг-орталықтың жетекшісі Марина Попова компанияның қызмет саласы және бос жұмыс орындарына үміткер жастарға заманауи еңбек нарығында қойылатын талап бойынша сөз сөйледі. Ол жоғары курс студенттері мен мамандығын ауыстырғысы келетін жастарға трендтегі технологиялар мен бағыттар бойынша өткізілетін тренингтерге шақырды.

Биыл жәрмеңке жылдағыдан өзгеше. Мұнда университет түлектері факультеттерге бөлінді. Жәрмеңкеге қатысқан кәсіпорындар стендтер мен презентациялық материалдар бойынша таныстырды. Қатысушылар әңгімелесу барысында жұмыс берушілермен тікелей сөйлесіп, бос жұмыс орындары туралы қажетті мағлұматқа қанықты. Өз кадрларын жаңартуға мүдделі отандық компаниялар түйіндемені қабылдай отырып, кандидаттардың іскерлік қасиеттерін нақты бағалады, сұрақтар қойды және практикалық ұсынымдар берді.

Түлектермен еңбек шартын жасасқан компаниялар Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің түлектерді дайындайтын кәсіби ісіне оң баға берді.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ.

Басқа материалдар

Back to top button