Ақпарат саласының ақтаңгері
Биылғы күзде жазушы, журналист, Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Шерхан МҰРТАЗАНЫҢ туғанына 90 жыл толмақ. Ол өз шығармалары арқылы өзі ғұмыр кешкен XX ғасырдағы дәуір келбетін, қоғам тынысын айрықша бейнелей алды. Ұлт мүддесі мен тұтастығын бірінші кезекке қоя білген осынау тұлға өткен тарихымыз бен жүріп өткен жолымызды шынайы кестелей алған сарабдал сарбазға айналды. Оның көркем шығармалары («Қара маржан», «Қызыл жебе», «Сталинге хат», «Бесеудің хаты», «Домалақ ана», «Ай мен Айша»), аудармалары т.б. жайлы біршама жазылды. Біздің ойымызша толыққанды зерттеліп бітпеген сала оның ақпарат саласындағы ерен еңбегі дер едік.
Ш.Мұртазаны жұртшылық, бәрінен бұрын, ірі көсемсөзші, тегеурінді басшы (газет, журнал, телекомитет т.б.) , қайсар мінезді жан, тоталитарлық тәртіп үстемдік құрып тұрғанда да өз ұстанымынан қайта қоймаған қажырлы журналист ретінде жетік біледі. Ол талай талантты жастарға ұстаз бола алды. Сол жастар баспасөз саласында қаламдарын ұштап, кейінірек ірі журналист, танымал қаламгерлерге айналды. А.Сейдімбек, Ф.Оңғарсынова, О.Бөкей т.б. Олардың қатарында жерлесіміз Мағауия аға Сембай да бар-тын. Өздерін Ш.Мұртазаның мектебінің түлектері санайтын қаншама қарымды журналистер бар, оның бәрін тізіп шығу мүмкін емес… Жалпы, осынау танымал қайраткер туралы ой-толғамды да шағын мақалаға сыйғызу мүмкін емес, біз тек басты-басты деген мәселелерге тоқталдық. Оның артында қалған журналистік жазбалары өте мол. Соның біразы көзінің тірісінде «Ақындар мен әкімдер» атты кітабына енді. Ал, оған кірмей қалғаны қаншама?! Алайда, бәрін емес, тек осы кітапқа енгенінің өзінен-ақ Ш.Мұртазаның ірілік феноменін аңғаруға болады. Автордың ірі тұлға деңгейіне көтерілуі оның болмысындағы ұлтшылдық сипаттардан бастау алған дегенді баса айтқымыз келеді. Білімпаздық, ізденгіштік, болжампаздық пен саясаткерлік қана емес, бәрінен бұрын, ұлтшыл жанға қайсарлық, мызғымас ұстаным, мол таным, кесек мінез керек. Осылардың арқасында ғана Ш.Мұртаза өз биігіне көтеріле алды дер едік. Тоталитарлық тәртіптің зардабын тартуы, бар ауыртпалықтың анасына түсуі, ауыр кезең, жетімсіздік, өте ауыр балалық шақ – бәрі-бәрі тек оның басына ғана емес, сол кездегі көп қазақтың маңдайына жазылған-ды. Ол жайттардың Ш.Мұртазаны жастайынан жасытпай, керісінше, қайраттандырып, жігерлендіргені, шыңдағаны рас. Алайда ерте қалыптасқан, ұлты үшін, халқы үшін өзін еш ойланбай құрбандыққа шалуға бел байлай алатындығы оны күрескерлік биікке көтерген сыңайлы. Өзгеге баға бергенде әркімнің салыстырмалы жайттарға үңілетіні анық. Өз халқының асқақ рухын, мәрттігін, жамандық ұғымынан алыс қонғандығын, адамзат тарихында көшпелілер мәдениетін қалыптастырған биік зияткерлігін танып, біліп, болмысына сіңірген адам ғана ұлтшыл атанады. Біз сөз еткелі отырған «Ақындар мен әкімдер» кітабынан жоғарыдағы қасиет, сипаттардың автор үшін қаншалықты киелі, қасиетті, қастерлі екенін аңғардық. Мұндағы ақындар – қалың елінің қамын ойлап, мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтындар. Ақынды ақын қылған қалың елі. Демек, ақын мен халық – бір ұғым, тұтастық символы. Ал, әкімдер – билік өкілдері. Билік пен халық бірлікте болса, руханиятта да, саясатта да, экономикада да бағындырар белесің көп болмақ. Аталмыш кітаптағы «Ақындар», «Әкімдер», «Елім, саған айтам, Елбасы, сен де тыңда!..», «Тәуелсіздік толғақтары» сияқты бөлімдер автордың қоғаммен, адамдармен, болып жатқан түрлі құбылыстармен түрлі қарым-қатынас, көзқарасын білдіріп қана қоймайды, сонымен қатар, белгілі бір дәрежеде тәуелсіздік жылдарындағы алғашқы кезеңнен бастап, бертінге дейінгі уақытты қамтитын аралықтағы қазақ баспасөзінің жүріп өткен жолына да үңілтеді. Сонау тоқсаныншы жылдардың басындағы хал-ахуал, экономиканың ортақ үйлесімінің бұзылуы, Орталықтың жылы-жұмсақты өзгеге қимай, өзіне тартуы, алып империяның күйреуі, құдіретті партияның келмеске кетуі, шовинистік пиғыл, өктемдіктің белең алуы, жалған патриотизмнің көрініс беріп, жағадан алуы, шикізат базасы боп келген Қазақстанның сол уақыт аясындағы мүшкіл халі, барлық сала бойынша дағдарыстың дендеуі – бәрі де халық пен билікке, олардың іс-әрекетіне баға берген, тығырықтан шығар жолды іздеген шынайы ұлт зиялыларына үлкен сын болғаны мәлім. Кейінгі буын өкілдеріне олардың бәрі қазірде жеңіл-желпі оқиға боп көрінер, ал, шынайы ауыртпалық, күрделі жағдай сол кезде барлығының бел ортасында болған аға буын өкілдеріне аян. Шер-аға сияқты ірілер барлық жағдайды жұдырықтай жүректерінен өткізіп, шындықтың қанын сорғалата отырып жазды, жар салды.
Турашыл өткір мінезімен, кесек әрекетімен Шерхан аға ешкімнің алдында бүгежектеген жоқ. Ешкімнен тайсалмады. Пендешілікпен жіберген ағаттықтары болған шығар, алайда өзінің азаматтық ұстанымынан айнымаған жан екеніне жазылып, жарық көрген дүниелері дәлел бола алады. Кезінде айнымас досы, сыйлас замандасы Камал Смайыловпен жазысқан хаттары «Егемен Қазақстанның» бетінде жарияланып тұрды. Қалың жұртшылық жабыла оқып, келесі нөмірін тағатсыздана күтетін. Жұмыссыздық, жемқорлық, парақорлық, заңсыз сатылымдар, реформа қалай жүзеге асуда т.б. екі автордың жазысқан хаттарында айтылғандардың бір парасы ғана бұлар. Шер-ағамыз нақты түрде ашына айтады. Камал ағамыз алыстан орағытып, әлем елдеріндегі жағдайлардан мысал келтіре отырып, болашаққа сеніммен қарай жауап қайтарады. Өткір мінезді, тура айтатын Шер-ағамыз Камал досына: «Алғашқы мақалаңда сен Күннің көзінен шылым тұтатып тұрғандай асқақ едің… Соңғы хатыңда сен, Камал, періштелер мекендеген Көктен төмендеп, күнәһарлар жайлаған Жердің бетіне жақындаған сыңайлысың…» деп жауап жазғанында екі дос, замандастың жазбаларына сүйсінбеген, рақаттана күлмеген жан болмаған шығар?! Ешкім мінездеме бермесе де, екі танымал азаматтың хаттарынан қандай жан екенін, қандай мінездің иесі екенін бірден байқауға болатын. Арыстандай айбатты Шер-ағаның Парламентте ең өзекті мәселелерді тайсалмай айтып, талай жанға ұнамағаны да жасырын емес-тін.
«Қызыл жебе» романы үшін қызыл империя кезінде Ш.Мұртазаның біраз қудалауға ұшырағанын бірі білсе, бірі білмес. Ал, тәуелсіздік жылдарында еркін тыныстауға мүмкіндік туса да , «Мен біраз зардап шегіп ем романым үшін» дегенді абзал ағамыз ешкімге де айтқан емес, сірә, бағамды өсіріп қайтем дегені шығар?..
Ол барша саналы ғұмырын қаламға арнады. Қаламның құдіретіне сенді. Киесі бар деп есептеді. Қазақ баспасөзін құрметтеді. Ол азулылық көрсетсе, марқайды. Жасықтық көрсетсе, шамырқанды. Аяусыз сынады. «Жалпы айтсақ, кереметтей маңдайы жарқырап бара жатқан басылым шамалы. Қазақ журналистикасының аурулары: саяздығы, жасқаншақтығы, көрінген біреуді көпірте мақтай беретіні, қауіпті қылмыстарды әшкерелеуге бармайтыны т.б. бұрыннан белгілі.» дегенді айтқан да Шерхан аға болатын. Классик қаламгер О.Бөкей де Шер-ағаның тәрбиесін көрген, бәлкім соны бағалағаны шығар, ұстаз ағасы алпысқа толғанда өзіне жасаған жақсылығын айта кеп: «Міне, Сіз 60 деген асуға шықтыңыз, төменге қараңызшы, Аға, мен көрінем бе екем?!» деп елжірей қалам тербеуі жеке өзінің ғана емес, Шер-ағадай абзал азаматқа деген адал бауырларының, журналист қауымының сүйіспеншілігі деп қабылдағанымыз орынды.
Журналистің міндеті жұртшылықты ақпаратпен қамту ғана емес, оның ақ-қарасын ажырату, қиындықтан шығудың жолы қандай, соған қатысты ой-толғамдарын ортаға салу. Шер-ағаның жер бетінде бармаған елі аз шығар, іссапардың қорытындысы бойынша жазған дүниелерінен бірнеше ерекшелікті байқауға болады: біріншіден, біртұтас түркі әлемі, түркі тілдес елдердің мызғымас одағын құру идеясы; екіншіден, әлемдік елдер қауымдастығына танылу үшін экономикалық, саяси, рухани саладағы дербестігіңді орнықтыру. Шетелдік азамат сенің ұлттық ерекшелігіңе, болмысыңа үңіледі. Еліктеп, солықтаудың қажеті жоқ, керісінше, сенің асқақтығың мен рухыңның биіктігіне өзгелер еліктесін деген ұстаным; үшіншіден, қазақтың ұлы даналары қалдырған өсиет бүгінде өз жалғастығын табуда ма? деген сауалға жауап іздеу.
Ол әлем елдеріндегі руханияттың ірі өкілдерінің шығармашылығын өз халқымыздан шыққан атақты жандардың шығармаларымен салыстыра отырып, ой-толғамдар жасады. Ортақ ұстаным, идеялық өзекті іздеді. Ұлтының ұлылығына көзі жетті. Шер-ағаның айбаттанып, ешкімнен ықпай, бұқпай өзекті проблемаларға қыруар дүниелер арнауы сол ұлылықты сезінгендіктен. Жасырудың реті жоқ, әлем елдерінде қазірде болып жатқан түрлі келеңсіздік, қантөгіс, текетірес – бәрі де ғаламат қуатты үйлесімнің бұзылуынан. Қарапайым тілмен айтсақ, иманның аздығынан. Бір игілікті іс атқарылса, оның кемістігі белгілі болып жатады.
Ш.Мұртазаның бұл орайда қалың жұртшылық үшін зор қызығушылық тудырған дүниесі «Бір кем дүние» деген атпен берілген толғамдар циклі еді. Өмірден көрген, білгені, көкірекке түйгені бар автор мына беймәлім, мазасыз әлемдегі болып жатқан оқиға, құбылыстарға баға беруге тырысады. Ол баға адам бойындағы кереғар қайшылықтарға, ізгілікке бөгет боп, кедергі келтіріп отырған жайттарға үңілуге алғышарттар жасайды. «Бір кем дүниенің» маңызы мен мән-мағынасы да осында.
Шағын дүниеге көптеген ой-толғамдарды сыйғызу мүмкін емес. Сондықтан да мейлінше ықшам айтуға тырыстық. Артына мол мұра қалдырған Шерхан ағаға, болашақта бастау алар шерхантану іліміне қосқан титтей де болса үлесіміз болсыншы деген ниетте болдық.
Қарлығаш ХАМЗИНА,
Ә.Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты.