АймақБалқаш

Батырларды ұлықтауды ұмыттық

2004 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасы қолға алынып, Қазақстан аумағындағы тарихи-мәдени ескерткіштер мен нысандар жаңғыртылды. 2013 жылы «Халық – тарих толқынында» бағдарламасы арқылы әлемнің ең белді архивтерінен төл тарихымызға қатысты құжаттар жүйелі түрде жиналып, зерттелді. Бұл, әрине, өткенімізді бағамдап, ұлы бабаларымызға көрсетілген үлкен құрмет болды.

Азаттық жолында қазақ халқы бірнеше Ұлт-азаттық қозғалысты басынан кешірді. Осы жорықтарда, әр заманда қазақ батырлары еліне қорған бола білді. Тарихи оқиғалардың да көпшілігі Сарыарқада өткені барша жұртқа мәлім. «Ақтабан шұбырынды – Алқакөл сұлама» заманында ел бастаған хандар мен баһадүр батырлар туралы тарихи аңыздар, шежірелер осыны айғақтайды. Абылай ханның да ұлы істерінің басым бөлігі Арқа өңірінде өткені тарихтан аян. Арқа батырлары бұл жорықтардың басы-қасында, бел ортасында жүрді. Бүгінде біз осы батырлардың тұлғасын жас ұрпақ арасында кеңінен дәріптеуді қолға алсақ. Балаларымызды отаншылдық рухында тәрбиелеуге таптырмас құрал болар еді…

Біз осы мақсатта Қарағанды қаласының әр бөлігінде батырларға ескерткіштер орнатуды ұсынамыз. Мәселен, қаланың оңтүстік-шығыс бөлігінде – Жидебай батырға, шығыс бөлігінде – Дос батырға, солтүстік бөлігінде – Жалаңтөс батырға, батыс бөлігінде – Жарылғап батырға ескерткіш қойсақ… Болмаса, қаланың оңтүстік-шығыс кіреберісіне «Арқа батырлары» атты сәулет кешенін орнатуды ұсынамыз. Бұл жарқыратып шіркеулер мен храмдар салып, қолынан келсе, тарихты бұрмалауға тырысатын жандардың әрекетіне тосқауыл болар еді. Батырларымыздың ескерткіші қасқайып тұрса, ата-бабамыз қасық қаны қалғанша шайқасып алып қалған жердің байлығын сорып жатқан миллиардерлер кімнің жерінде, кімнің арқасында шылқып отырғанын көріп, тәубесіне келері анық.

Бұл өтінішімізді бірнеше министрге, облыс, қала әкімдеріне айттық. Бірақ, «баяғы жартас – сол жартас». Қарағанды облыстық тарихи-мәдени мұраны сақтау орталығына да хат жазып, хабарластық. Алайда, олардан да қайран болмай тұр. Сорақысы сол, батырлар «Қазақ энциклопедиясы», басқа да мемлекеттік басылымдарда да «өз көйлегім өзіме жақын» пайымымен көрсетіліп жатады. Мәселен, «Бабалар сөзі» жүз томдығында Жидебай мен Жасыбай бірге аталса, кейінгі тарихи-мәдени жинақтарда Жидебай, Дос батырлар алынып тасталған. Кім, неге алды? Түсініксіз…

Тағы бір айтары, Қазақстанның түпкір-түпкірінен тәу етіп, ауруына шипа іздеген, бала сүюді армандаған мыңдаған адам барып жататын Әулие Жидебай батырдың мазары «Қазақстанның киелі жерлері» картасына әлі күнге дейін енбей отыр. Тарихтан бейхабар «тарихшылардың», мәдени мұрамызды «қорғаушылардың» әрекетінің сиқы – осы. Мұны біз жоңғардың құтын қашырған аталы-немерелі батырларымызды, олардың аруағын қорлау деп есептейміз. Ғұлама Мәшһүр Жүсіп, қазақтың біртуар ұлдары – Ә.Бөкейхан, Ш.Уәлиханов, өлкетанушылар – Г.Потанин, Ю.Попов зерттеп жазған, халық жадындағы Дос батыр мен немересі Жидебай батырды, олардың ерлігін, еңбегін бағалау – қазақ жұртына парыз әрі сын. Бұл батырларымызға НұрСұлтан, Қарағанды, Балқаш қалаларында көше атауларын беретін уақыт жетті.

Сөзімді түйіндей келе, жоғарыда есімдері аталған батырларға Қарағандыда ескерткіштер қойылып, көше атаулары берілуін талап етемін. Және Жидебай батыр мазары «Қазақстанның киелі жерлері» тізіміне енгізілсін деймін. «Ой жарыстырып, пікір қосамын» деген оқырман болса, мархабат!

Әнуарбек ШӘКІРОВ,

жидебайтанушы,

облыстық «Асыл мұра» өлкетанушылар клубының мүшесі.

БАЛҚАШ қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button