Жаңалықтар

Оқулықты допқа алмастырды

Спорт – денсаулық кепілі, бейбітшіліктің елшісі. 20 қазанда бастау алған мұғалімдер арасындағы спартакиада осы екі ауыз сөзді ұран етті. Жарысқа 300-ден аса адам қатысып, спорттың 3 түрі волейбол, шағын футбол, үстел теннисінен бағын сынамақ.

Облыс көлемінде ұзын ырғасы 18 000-нан астам мұғалім қызмет атқаруда. Спартакиаданың аудандық, қалалық кезеңдеріне 2000-ға жуық жан қатысқан. Облыстық спорт шарасында жеңімпаз атанған команда Тараз шаһарында өтетін республикалы кезеңде өңір намысын қорғайды.

Бұқаралық сипат алған бұл шара бірнеше жылдан бері педагогтер қауымдастығы арасында игі дәстүрге айналды. Екі күндік спорт мерекесіне өңірдің Қарағанды, Шахтинск қалалары, Бұқар жырау, Қарқаралы, Осакаров, Шет, Абай аудандары, арнайы мамандандырылған лицейлер мен интернаттардың, зияткерлік мектептер топтары атынан табан тіреген саламатты өмір салтын ұстанатын мұғалімдер жиналған.

Облыcтық білім басқармасы жанындағы «Сарыарқа дарыны» ғылыми-практикалық орталығының басшысы Айдос Қуанышбаев: «Әр ұстаз тәні мен жанын шынықтыру арқылы өзінің шәкірттері мен айналасына үлгі болады. Байқасаңыз, әр қатысушы құдды бір олимпиадаға қатысатын ақтаңгер спортшыдай сақадай сай дайындалып келген. Республика күніне орайластырылған бұл шараның мән-мазмұны ерек», – деп атап өтті.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button