Жаңалықтар

Қыран қазақ – Қарағандыда

6 мектепте «Авиация және ғарышкерлер музейі» бар. Аталмыш мұражайдың 30 жылдығына орай ұйымдастырылған іс-шараға қазақтың Тұңғыш ғарышкері, «Халық қаһарманы» Тоқтар ӘУБӘКІРОВ арнайы келіп қатысты әрі мектеп оқушылармен кездесті. Кездесуге облыстық білім басқармасының басшысы Гүлсім ҚОЖАХМЕТОВА да қатысып, әдемі кештің куәсі болды.

Аталмыш музейге облыстың «Құрметті қызметкері», «Білім беру ісінің үздігі» Мағрифа Кәрібекова жетекшілік етіп келеді. Мұнда ғарышкерлердің тамақ ішетін ыдысынан бастап, барлық дүниелері жинақталған. Құнды құжаттардың көшірмелері, суреттері және бар. Сонымен қатар, оқушылар өз қолымен жасаған зымыран түрлері де осы музейге қойылыпты.

Ғарышкер Тоқтар Оңғарбайұлымен 1992 жылдан бері таныспын. Сол уақыттан бастап, қолға тигендердің бәрін мектепке қойып, музей аштым. Қазір осы музей қаладағы құнды жәдігерлер жинақталған ғимараттың бірі. Мұнда қойылған дүниелердің жартысы Тоқаңның өзінен, жартысы басқалардан алынған заттар. Тоқаң – бүгінгі күннің батыры ғой. Оқушыларға Тоқтар Әубәкіров жайлы айтып, батырлығын насихаттап жүремін, – деді Мағрифа Кәрібекова.

Сонымен қатар, мектепте «Медициналық сынып», «Алғашқы техникалық модельдеу», «Ғарыш сыры» жобалары жүргізілуде. Осы жоба аясында оқушылар ғылыми зерттеу жұмыстарымен айналысады. Қазіргі таңда қалалық, облыстық байқауларға қатысып, жүлделі орындардан көрінуде. Бүгінгі шара барысында оқушылар өнер туындыларын батыр алдында таныстырды.

Балалармен кездескенде өзімді бала секілді сезінемін. Солардың тілінде сөйлеп, солар сияқты ойлаймын. Балаларға ғылыми тілмен сөйлейтін болсам, оларға ауыр болады. Содан кейін кездесудің ешқандай мәні қалмайды. Жүрген жерімде жастардың бойындағы патриоттық сезімін оятып, ғылым мен білімге деген құлшынысын ашамын. Себебі, болашақ осылардың қолында. Уақыттары текке өтпесе екен деймін. Жастардың патриоттық сезімін ояту үшін бір қауым керек-ақ. Неге десеңіз, бүгінгінің балалары ұялы телефон, компьютердің құлағында ойнап, уақыттарын жоғалтады. Бізге осыны қолға алу керек секілді.

Ал, мұражайға келер болсақ, мұндай мұражай мектеп түгілі, кейбір қалаларда жоқ. Осының бәрін біз үшін емес, өсіп келе жатқан кейінгі толқын үшін жасап жатыр. Бұл – үлкен еңбек, – деді Тоқтар Оңғарбайұлы.

Бала қиялы шексіз ғой. Бәрін сұрап, танып-білгісі келеді. Кеш барысында мектеп оқушылары көкейде жүрген сұрақтарын қойды. Ал, Тоқтар Әубәкіров оқушылар сұрағына жауап беріп, жылы естеліктерімен бөлісті.

Бұл – ұмытылмастай күннің бірі. Мектепке келіп, оқушылармен жүздескеніңіз үшін алғыс айтамын. Дәл осы кездесуден кейін, оқушылардың ойы, көзқарасы жақсы жаққа қарай өзгеретініне кәміл сенемін. Өскелең ұрпаққа сіздің жолыңызды берсін. «Болашақ – жастардың қолында» демей ме?! Әр оқушы өзіңізге қарап бой түзесе, болашағымыздың жарқын боларына бек сенімдімін, – деді мектеп директоры Мұратбек Сүлейменов.

Ербол ЕРБОЛАТ.

Басқа материалдар

Back to top button