ДӘЛІЗДЕГІ ДЕНЕ ТӘРБИЕСІ мектеп те қажет, мектепке қосымша спорт зал да қажет
«…Орта білім беру жүйесіндегі өткір проблеманың бірі – мектептердегі орын тапшылығы. 225 мың оқушыға орын жетіспейді.
Шұғыл шара қабылдамасақ, 2025 жылға қарай орын тапшылығы 1 миллионға жетеді.
Мен 2025 жылға дейін кемінде 800 мектеп салу туралы тапсырма берген болатынмын. Бүгін оның санын бір мыңға жеткізуді міндеттеймін…».
Президент Қ.ТОҚАЕВТЫҢ «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауынан.
Қарағандыға мектеп те қажет, мектепке қосымша спорт залы да қажет. Өйткені, облыс орталығындағы бірқатар мектептердің дене тәрбиесі пәні мұғалімдері дәлізден әрі аса алмай жүр. Кейбірі соңғы рет спорт залына қашан кіргенін есіне де түсіре алмай дал. Жалғыз спорт залында ұдайы екі сыныптың сабағы қатар өтіп жатады. Үшінші сынып қайдан сыйсын?! Арқаның сарышұнақ аязында баланы далаға қуа алмайды, еріксіз дәлізді місе тұтады.
Мектеп тапшылығы білім беру саласындағы шенеуніктердің біраздан бері басын ауыртып жүр. Күрмеулі түйінді қайтіп тарқатпақ? Жалқы сұрақ бізді де мазалайды…
Аты-жөнін атамауды сұраған қарағандылық С. есімді мұғалім дәлізде сабақ өткізудің өте ыңғайсыз екенін айтады.
– Мен төменгі сыныптарға сабақ беремін. Қыста, көбіне, сабағымыз дәлізде өтеді. Залда жоғары сыныптар жүреді. Күн суық, далаға жиі шыға алмайсың. Дәлізде жағдай жасалмағаны белгілі. Жүгіріп, секіру жоқ. Дауысымыз қатты шықса, басқа мұғалімдер ренішін білдіреді. Қуып жіберетіндері де бар. Ойын баласы шуламай жүре ала ма?! Содан мектептің ана бұрышынан мына бұрышына көшіп-қонып жүреміз. Сабақты тек жаттығу жасаумен өткіземіз, – дейді С. Мұғалім.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында «Спорт инфрақұрылымының балалар үшін барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету керек» деп нақты тапсырма берді. Президент тапсырмасына халық қалаулылары да үн қосты. Мектептердегі спорт залдар тапшылығы туралы мәселені былтыр Мәжілістегі «Қазақстан халық партиясы» фракциясының депутаттары көтерді. Депутаттардың айтуынша, еліміздегі мектептердің бір бөлігі аптасына үш рет дене тәрбиесі пәнін өткізуге қауқарсыз. Тіпті, мектептердің 11 пайызында арнайы зал жоқ. Яғни, ел көлемінде 65 мыңнан астам оқушы мектепте спортпен айналысу мүмкіндігінен айырылған.
Спорт залы тарлық ететін мектептердің бірі – Қарағандыдағы №66 орта мектеп. 1326 балаға шақталған білім ордасында 1403 бала оқиды. Мектеп директоры Бейбіт Нұрмұханов проблема барын жасырмады.
– Біздің мектеп кеңес уағында салынған. Сол кездегі талап бойынша жалғыз зал жеткілікті еді. Себебі, дене тәрбиесі пәні бір сыныпқа аптасына екі рет қана өтетін. Қазіргі оқу жүйесінде дәне тәрбиесі пәні аптасына үш рет қарастырылған. Яғни, бұл жағдайда көпшілік мектептердегі спорт залы тар болып шықты. Бала санының көптігі де мәселені күрделендіре түсті. Қажеттілігіне қарай әр мектеп жанынан тағы бір спорт залын салу қолға алынса, нұр үстіне нұр болар еді. Алайда, мұғалім спорт залы жоқ екен деп, сабақты дәлізде өткізуіне тағы болмайды. Қыс кезінде далаға шығып, шаңғы тебу сынды қысқы спорт түрлеріне баулуы тиіс. Бұл, әрине, оқу кестесінің түзілуіне және әр педагогтің ынта-ниетіне байланысты, – дейді Бейбіт Нәсіболлаұлы.
Директор айтып өткендей, білім беру жүйесіндегі жаңашылдықпен қатар бала санының көбеюінен де мәселе қордалана түскен. Қарағандыда қазір құрылыс қарқынды. 20-25 қабатты зәулім үйлер көптеп салынуда. Ал, әлеуметтік инфрақұрылым құрылысы кенжелеп келеді. Бейбіт Нәсіболлаұлы ертеде әуелі әлеуметтік нысандар тұрғызылатынын мысалға келтірді.
– Ештеңені жаңадан ойлап тауып қажет емес. Мәселен, осы №66 мектептің салынып біткен кезіндегі суретін көрдім. Тақыр далада жалғыз мектеп қана тұр. Жұмыс істеп тұр және. Маңайында тұрғын үй, басқа да ғимараттар жоқ. Мектеп салынды, балабақша салынды, содан кейін барып қана айнала үйлер тұрғызылды, – дейді мектеп басшысы.
Директордың сөзін ардагер ұстаз Мәден Шаймиев те қуаттайды.
– Бұрын қажет мекемелерді тұрғызып болған соң үй салатын. Яғни, билік әуелі көшіп келетін халық үшін қажетті жағдайдың бәрін жасағаннан кейін үйге кірісті. Сол ертедегі жүйені ұмыттық. Қазір биік үйлерді қатар-қатар тұрғыза береді, әлгі мен айтқан мектеп, балабақша сынды мекемелерге орын да қалмайды. Тұрғындар санын алдын ала есептеп отырса, соған сәйкес әлеуметтік нысандар бой көтергенде, мектеп тапшылығынан құтылар едік, – дейді байырғы педагог.
Облыстың білім басқармасының дерегінше, жаңа ықшамаудандарда мектептердің де құрылысы ескерілуде. Облыста 2025 жылға дейін 18 мектеп салу жоспары бар. Бірақ, бала санына қарай өзгеріс енгізілуі мүмкін.
– Қазіргі таңда Қарағанды қаласында да мектеп қажеттілігі айқын сезіледі. Сол мақсатта жаңадан салынып жатқан аудандағы №103 мектептің жанынан тағы бір мектеп құрылысы жоспарлануда. Бұл 2 мың балаға арналған мектеп болмақ. Сонымен қатар, «Күнгейде» – 600 орындық, «Таугүлде» 1200 орындық мектеп тұрғызылады. Биылғы 1 қыркүйекте Майқұдықта 600 орындық мектепті ашу жоспарда тұр. Бұл мектеп №34 мектепке түсетін жүктемені азайтады деп күтілуде, – дейді облыстың білім басқармасының басшысы Гүлсім Қожахметова.
Халқы тығыз «Гүлдер – 1» және «Гүлдер – 2» ықшамаудандарындағы балалар оқитын №101 мектептің де келешекте тынысы жеңілдеуі тиіс. Қазір облыстың құрылыс басқармасы мектептің бастауыш сыныптарға арналған корпусының жобалық-сметалық құжаттамасын дайындау үстінде.
Дегенмен, қолда барды ұқсатқан да ырысымызды еселейтіні сөзсіз. Спорт зал жетіспеушілігін жоятын тағы бір шешім мектепке жапсарлас құрылыстар тұрғызу екені бізсіз де белгілі. Мәден Шаймиев мектепке қосымша ғимарат – тығырықтан шығар амалдың бірі екенін айтады.
– Егер жаңа мектеп салуға қомақты қаражат жоқ болса, қосымша ғимарат салуды ойластыру керек. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі деген бар. Жаңадан үй салып жатқан мердігерге талап қою қажет: «мектеп сал немесе бар мектепті кеңейт». Бизнесінің көктеуін ойлаған кез келген кәсіпкер әкімдіктің талабымен келіседі деп ойлаймын. Әйтпесе, бұл мәселені жақын уақта шеше алмаймыз, – дейді ақсақал.
Өз кезегінде Гүлсім Шабданқызы басқарма тарапынан мектептер маңынан қосымша ғимарат салуға жіті көңіл аударылып отырғанын айтады.
– Жаңаарқа мен Шет аудандарындағы спорт залдары жоқ мектептерде жапсарлас құрылыстар жүргізіліп жатыр. Саранда да бір мектептің спорт залы тұрғызылуда. Бұқар жырау ауданының Гагарин ауылындағы мектептің залының құрылысына арнайы қаржы бөлінеді. Осылайша, біз спорт залы жоқ мектептердің проблемасын шешуге күш салып отырмыз, – дейді облыстың білім басқармасының басшысы.
Амалы нешік, басқарма қол қусырып, қарап отырған жоқ. Жоспар бар, нәтижені де көзіміз көріп отыр. Үш жылда 18 мектеп тұрғызу – қыруар қаржы мен қажымас қайратты талап ететін шаруа. Сол қаржы мен қайраттың өтеуі – аязды күндері мектепке қамалып, дәлізде көзі жәудіреп отыратын бүлдіршіндеріміз азаяды. Және әупірімдеп залға кірген мұғалімдер бір залды екіге бөліп, әуреге түспес еді…
Нұрқанат ҚАНАПИЯ.