Алтын сақа қалмасын айдалада
Өшкеніміз жанып, өткеніміз қайта оралды. Сан ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа мұра болып келе жатқан ұлттық құндылықтарымыз жаңғыру үстінде. Солардың бірі – ұлттық ойындарымыз. Ат спортынан бөлек, қазақ баласының ой өрісінің дамуына ерекше ықпал еткені – асық ойындары. Кейінгі жылдары кенжелеп қалса да, бүгінде қайта қолға алынып, жандану үстінде.
Ертеде «асық ойнаған азар» десе, бүгінде «асық ойнаған озар» деп айтуға әбден болады. Себебі, балаларымыздың әлеужеліге тәуелділігі ұлттық болмыстың жоғалуына әкеп соғуда. Ой санасын желідегі сұрықсыз ойындар әбден жаулап алған. Қимыл қозғалыссыз, күні бойы шұқшиып отырғаны. Содан барып, жасөспірімдер арасында атын естіп білмеген түрлі арулар дендеп барады. Балалар далаға шығып ойнаудан қалғалы қашан…?!
Ал, ертеден келе жатқан асық ойыны балалар арасындағы қарым қатынасты арттырып қана қоймай, денсаулығына пайдасы орасан зор. Бұл ежелден мал шаруашылығымен айналысқан ата-бабаларымыздың қолданысында келе жатқан көне ойын түрі. Тіпті, қазақ халқы сәби дүниеге келместен бұрын, асық жинаған. «Асық ойнар тұлымды келер өмірге», «асығың алшысынан түссін» деген ырым-жоралғылардың астарында үлкен тәрбиелік мән жатса керек-ті. Жас өскіннің ой-қабілетін шыңдап, мергендікке, ептілікке, сыйластыққа, алғырлыққа, сабырлылыққа тәрбиелеген. Күн ұзаққа осы бір ойын түрін жанына жолдас еткендердің де жоғарыдағы қасиеттер қанына әбден сіңіп үлгереді екен. Үнемі отырып-тұру, жүрелей отыру, тізені жартылай бүгу, жиырылу, ширығу жас балалардың денесін шынықтырып, аяқ-қолдағы буын ауруларының алдын алады. Яғни, осындай қимыл қозғалыс семіздіктің де алдын алып, шымыр да шыныққан адамның қан айналымы дұрыс жұмыс жасауымен, жүйке жүйесінің тыныштығына алып келеді.
«Ұлттық болмыста ешқандай басы артық дүние болмайды»
– Асық ату – бұл негізінен ауыл балаларының сүйікті ойыны. Біріншіден, ол бірін-бірі достасу-сыйласуға, бірін бірі қадірлеуге, ұйымшылдыққа, тәртіпке үйретсе, екіншіден көз мергендігіне, қол мергендігіне үйреткен. Енді тағы бір айтатын нәрсе – халқымызда «Асық ойнаған азар, доп ойнаған тозар, бәрінен де қой бағып, құйрық жеген озар» дейтін сөз бар. Ол кезде асық ойнады, доп ойнады. Ол, бүгінгідей футбол сияқты халықаралық деңгейге шыққан, кәсіпке айналмаған кез. Қазір ол спорттың түрі болып, жұрт одан мамандық алып, күнкөрісті түзеп, кәсіп етіп жүр. Сол кезде олай емес еді. Бұл ойынның түр есебі ретінде ғана бағаланған, ал бала бүкіл өмірін, ұзақ күнгі тірлігін ойласпайды, сондықтан да баланың ойын бүгінгі тірлікке, күнкөріске аудару үшін әлгіндей мақалды шығарған-дейді, түркітанушы ғалым Қойшығара Салғараұлы.
Бүгінде Қарағанды облысының ұлттық және ат спорт түрлерінің федерациясы жанынан орталық құрылған.
– Аймақтағы 9 қала мен 9 ауданда асық үйірмелері жұмыс істеуде. Ауыл баласы әу бастан асық ойнайды. Әлі де асық ойынына деген қызығушылықты арттыру мақсатында жұмыс жүргізудеміз. Ол өз нәтижесін берді деп айта аламын. Ұлытау ауданында өткізілетін «Жезкиік» атты этномәдени халықаралық фестивалінде «Асық ату», «Бес асық» ойын түрлерінен жарыстар өткізіледі. Бұдан бөлек облыстық, республикалық дәрежеде де жарыстар өткізіліп тұрады, – дейді асық спорты жөніндегі облыстағы бас бапкер Амангелді Махметұлы.
Уақыт көшіне ілесіп көмескіленгенімен, асық ойындарын дамытуға мектептер де ден қоя бастады. Арнайы үйірмелер жұмыс жасауда.
– «Асық ойыны» үйірмесіне 15 бала тұрақты қатысады. Ұлттық спорт түрінің пайдасы зор. Алдымен, ұжымдық өзара тіл табысу мәдениетін қалыптастырады. Сондай-ақ, көз жанарына оң әсер етеді. Қол қимыл моторикасын дамытады. Бастаған ісінің соңғы нәтижесіне мән береді. Тіпті, қарттарымыздың қимыл-қозғалысы ширақ, есте сақтау, көру қабілеті жоғары, ине сабақтап, іс тіксе «сүйегі асыл» деп жатамыз. Міне, осының барлығы жас кездерінде асық ойнап жетілгендерінің бір шарапаты деуге әбден болады. Асық ойыны жас талғамайды, «Омпа», «Атқапыл», «Иірмекіл» ойынын жастар жағы қолға алса, «Бес тас», «Хан талапай», «Қақпақыл» ойындарын үлкендер де ойнайды. Жалпы, үйірме жұмысын жандандыруда нақты жоспар, айқын мақсатымыз бар. Ол алдағы күннің еншісінде. Бүгінде үйірме жұмысы өз нәтижесін беруде. Ашылғанына аз уақыт болса да Қарағанды қаласы оқушылар арасында өтетін «Мектеп лигасы» бойынша биылғы жарыста, бес тас ойынында жүлделі І, ІІ орындарды және асық атудан ІІ орынды иелендік. Бұл жалғыз менің ғана емес жанымдағы серіктесім Серік Сейтқалиевтің де еңбегі–дейді, Абай атындағы №104 мектеп гимназиясындағы «Асық ойыны» үйірмесінің жетекшісі Мадияр Шаяхметов.
Асық түріне қарай ешкіемер – ешкінің, қойлақ – қойдың, құлжаз– құлжаның, топай, сомпай–сиырдың, шүкейт–киіктің асығы, ал тұрысына қарай алшы, тәйке, бүк, шік, көлеміне қарай кеней, сақа болып бөлінеді.
Асық ойындары федерациясы құрылып, нақты ережелері бекітілгеннен кейін елімізде түрлі дәрежедегі жарыстар өткізуде. Көнеден жетіп, бүгінде қайта қолға алынып жатқан асық ойындарының тек ел ішінде ғана емес халықаралық дәрежедегі спорттық ойындар сапына көтеруге мүмкіндік мол. Себебі, бұл ойын түрін Орта Азия халықтарының барлығы атап айтқанда, өзбек, тәжік, қырғыз елдері ойнап келеді. Яғни, әлемдік деңгейге шығаруға болады. Тек ынта болса болғаны.
«Қой асығы демеңіз, қолыңа жақса сақа тұт, жасы кіші демеңіз, ақылы асса аға тұт» деген сөздің астарында үлкен мән жатыр. Асық ойынының ұлттық дәрежесін көтеріп, халықаралық ойындар тізбесіне енгізуге исі түркі халқы ұйытқы болса екен деген тілек бізде.
Сағыныш ӘБІЛ.