Бас тақырыпПрезидент тапсырмасын орындай отырып...

ИНВЕСТОР ӘКЕЛЕР ИГІЛІК Саранда жаңа 5 зауыт салынады

Saran индустриалды аймағы – инвестор үшін тартымды. Өйткені, мұнда өндіріске қажет ресурс түгел бар. Жергілікті биліктің иіліп төсек, жайылып жастық болғанының жемісі – келесі жылы аймақта жаңа бес зауыттың қадасы қағылады. Қазір құрылысы қарқынды жүріп жатқан шина зауыты мен тұрмыстық техника жасайтын кәсіпорынның бұл тізімге қатысы жоқ. Бүгінде зауыттарға бөлінген аумақта инфрақұрылым тарту жұмысы қызды. Жүздеген еңбеккер күні-түні тынбай тер төгуде. Алғашқы нәтиже де көзге көрінді. Мәселен, газ құбырының бір желісі салынып бітті.

ИНВЕСТОР ӘКЕЛЕР ИГІЛІК Саранда жаңа 5 зауыт салынады

Былтыр индустриалды аймаққа инфрақұрылым әкелу бойынша 12 жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Яғни, 12 жоба. Құны – 16 млрд. теңге. Бұл қатарда электр қуаты, су желісі, кәріз жүйесі, газ құбыры, жол сынды қажеттіліктер бар. Қазір жобалардың басым бөлігі еңсерілді.

Мұрат Мағзин, облыстың құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы:

– Биыл 11 жоба бойынша жұмыс ойдағыдай жүріп жатыр. Әзірге, бір жоба – бір газ желісін тарту жұмысы тәмамдалды. Жақын уақытта екінші газ желісі тартылып болады. Жылу, отын осы газ арқылы беріледі. Сондай-ақ, жыл соңына дейін екі теміржол тұйығын, ауыз су және техникалық су желілерін, кәріз жүйесін, электр сымдарын тарту іс-шараларын аяқтауды жоспарлап отырмыз.

ИНВЕСТОР ӘКЕЛЕР ИГІЛІК Саранда жаңа 5 зауыт салынады

Келесі жылдың еншісіне жол салу, абаттандыру және екі кәріз насос станцияларының құрылысы қалады. Мұрат Сәкенұлының айтуынша, насос станциялары күрделі нысан болғандықтан биыл тұрғызып үлгеру мүмкін емес. Аталған станциялар тұрмыстық және өндірістік қалдықтарды сүзіп, тазартады.

Басқарма жол құрылысында да асықпауды ұйғарыпты. Индустриалды аймақтағы жал-жал үйілген топырақты автогрейдерлер тегістеп жүр. Кейін ауыр техника жүретіндіктен жолдың табанын әбден таптап тастамақ.

Электр желісіндегі жұмыстың 70 пайызы орындалды. Ерекшелігі сол – кабель эстакада арқылы тартылуда. Мердігер «Электромонтаж» АҚ-ның өндіріс жөніндегі директоры Руслан Ғабдуллин аталған инженерлік шешім өте қауіпсіз және ыңғайлы екенін тілге тиек етті.

– Электр желісін эстакада арқылы өткізу туралы шешім қабылдадық. Біріншіден, қауіпсіз. Су тимейді, өзге де қазу жұмыстары кезінде кедергі келтірмейді. Екіншіден, еңбек өнімділігі артық. Үзілген, зақымданған тұсын іздеп, жерді қазбайсыз. Қосымша кабель жалғау керек болса, көз алдыңызда тұр. Тез әрі сапалы жұмыс жүргізуге қолайлы, – дейді Руслан Ертайұлы.

Зауыттар құрылысына жалпы көлемі 200 гектардан аса жер бөлінген.

Жақсылық Ахметбеков, «Сарыарқа» ӘКК АҚ департаментінің директоры:

– Индустриалды аймақ аумағы – 207 гектар. Бұл аумақта ел экономикасында сұраныс жоғары тауар өндіретін зауыттар тұрғызылады. Әсіресе, қазіргі халықаралық экономикалық жағдайда маңызды. Зауыттар импортты алмастыруға және экспортқа бағытталған. Мәселен, әлі күнге дейін отандық өндіріс ошақтары мырышталған болатты Ресейден тасуда. Жаңа нысандарда металлургия саласындағы заманауи технологиялар қолданылады.

Құрылыс келесі жылдың наурызында басталады. Ал, аяқталу мерзімдері әртүрлі. Бес зауыттың салынуымен индустриалды аймақ 80 пайызға игеріледі. Келешекте осы жерде мырышталған, полимермен қапталған болат зауыты, пісірмелі құбырлар зауыты, ыстық мырыштау зауыты, қоспалы болат зауыты және фармацевтика кәсіпорны жұмысын бастамақ. Алғашқы төртеуі отандық компаниялар жобасы болса, соңғы зауыт Қазақстан-Үндістан әріптестігі шеңберінде тұрғызылады.

Инвестиция сомасы да қомақты. Әзірге, 200 млрд. теңге мөлшерінде болжанды. Және жаңа зауыттардың іске қосылуымен 4 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады.

Нұрқанат ҚАНАПИЯ

Суреттерді түсірген Александр МАРЧЕНКО

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button