Облыс әкімінің орынбасары Ербол Әліқұлов өңірдің белсенді жастарымен кездесті

Әлемнің екінші ұстазы әл-Фарабидің «Еліңнің болашағын білгің келсе, жастарыңды көрсет…» деген сөзі бар. Еліміздің санасы сергек, жаңа технологияларды меңгерген білімді жастары біздің болашағымыз. Облыстағы белсенді ұл-қыздармен облыс әкімінің орынбасары Ербол Әліқұлов кездесті.

Қазтұтынуодағы Қарағанды университетінің базасында жастар қауымымен өткен мәнді шараға белгілі ғалымдар мен қоғам қайраткерлері қатысты. «Жастық шағың – жарқын жаздың бейнесі, құтты жаздың ала алсаң, жоқ бермесі», – деп Сәбит Мұқанов атамыз айтқандай, кез келген саланы еркін меңгеріп, кез келген бәсекеге тегеурінмен төтеп беріп жүрген жалындаған облыс жастарымен «Тәуелсіз Қазақстанның дамуына қосқан менің үлесім» тақырыбында келелі әңгіме өрбіді. Жігерлі жастардың басын қосқан шараның мақсаты – өз саласында биік белестерді бағындырған табысты қазақстандықтарды таныстырып, жетістігін жария ету арқылы өңір жастарын ынталандыру, білмекке ынталы, білімге құмар жастар арасындағы ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз ету кездесудің өзегі болды.

Шараға қатысушылар Тәуелсіздіктің тұғырлы болуы жолында аянбай еңбек ету, табысты әрі абыройлы қызмет жасау, жан-жақты дамыған тұлғаның жетістікке жету жолындағы тәжірибесі жайлы тұшымды ойларын айтты. Сонымен қатар, әлеуметтік жобаларды іске асыруда өңір жастарын ынталандыру, өңірде жастарды қолдауға арналған бастамаларға жаңа ұсыныстар әзірлеу, ҚХА институтының жастардың өзекті әлеуметтік міндеттерін шешуге қатысуын көрсету, ақпараттық өрісте «Бірлігіміз әр алуандықта» тезисін бекіту, өңір жастарының дағдылары мен құзыреттерін арттыру секілді өзекті мәселелер айтылды.

Спикер ретінде елімізге танымал ғалымдар, қоғам қайраткерлері, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері және түрлі қызмет саласында жетістікке жеткен жастар қоғамдастығының көшбасшылары да өз ойын ортаға салды. Олар табыс тарихын баяндап, жеке тәжірибесі жайлы айтты, өз кезегінде жастар да түрлі сұрақ қойып, ашық пікір алмасты.

Іс-шара соңында Қазақстан халқы Ассамблеясынан белсенді мүшелеріне қоғамдық келісімді нығайту ісіне қосқан үлесі үшін арнайы Алғыс хаттар табысталды.

Сағыныш ӘБІЛ

Ortalyq.kz