Жаңалықтар

Жылыжайдың жаңа ғұмыры

Абай ауданының кәсіпкерлері Әлия ЖҰМАТАЕВА мен Қазбек АСЫЛБЕКОВ қараусыз қалған жылыжайды қалпына келтіріп, северин сұрыпты қияр өсірмек. Болашақта олар қызғалдақ пен павлония өсіруді де қолға алмақ.

Олар қараусыз қалған шахта құрылыс басқармасының жылыжайын қалпына келтіруге 5 жыл уақыт жұмсаған.

Жылыжайдың еш жерде баланста емес екенін білдік. Алдымен объектіні иесіз деп тану туралы сот отырысы өтті. Содан кейін ол мемлекет балансына ауыстырылды. Сауда-саттық жүргізіліп, жылыжай бізге сенімгерлік басқаруға берілді. Өткен жылдан бастап жөндеу жұмыстарын бастадық, әйнектер орнаттық, жылыту жұмыстарын жүргіздік, жұмыс орындарын құрдық. Осылайша, жылыжай қалпына келтірілді, – дейді Әлия Жұматаева.

Кәсіпкерлер сегіз адамды жұмысқа орналастырған. Бірінші кезекте олар северин сортының бес мың қияр бұталарын отырғызды. Жылытылатын жылыжайдың жалпы ауданы мың шаршы метрден асады. Бұтадан орта есеппен 4 кг өнім жинау жоспарлануда, бір жыл ішінде жылыжай қызметкерлері 70 тонна қияр жинамақшы.

– Бізде экологиялық кәсіпорын бар. Көкөністерге нитратты қолданбаймыз. Жылыжайда тамшылатып суару жүйесі жолға қойылған. Өнімді Қарағанды және Нұр-Сұлтан қалаларында сатамыз.

Ал, қызметкерлердің орташа жалақысы 110 мың теңгені құрайды. Қосымша ақы ретінде 10 мың теңге, егер қызметкерлер белсенді жұмыс жасаса, көтерме ақы да төлейміз, – дейді кәсіпкер Әлия Жұматаева.

2023 жылдың 8 наурызына қарай 25 мың қызғалдақ өсіру жоспарлануда. Қазіргі ауа райы қияр өсіруге аса қолайсыз, ал мұндай температура гүлдер үшін қолайлы екен. Алдағы уақытта кәсіпкерлер жылыжайда павлония өсіруге арналған тәлімбақ жабдықтамақшы.

Павлония – өте әдемі ағаш, теректің баламасы. Бір жылда үш метрге дейін бой көтереді. Бізде 500 шаршы метр бос алаң бар. Тағы бір жылыжайды үздіксіз цикл үшін жабдықтауды жоспарлап отырмыз: біреуінде өнім егетін болсақ, екіншісінде келушілер демалады, – дейді кәсіпкер.

Өз тілшімізден.

АБАЙ ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button