Жаңалықтар

Ардагерлер – ел кеңесі

Қарағанды қаласында ардагерлер қозғалысының 35 жылдығына және Жеңістің 77 жылдығына арналған облыстық ардагерлер кеңесінің ІІ пленумы өтті. Күн тәртібіне екі мәселе қойылды: Президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» Жолдауы аясындағы облыстың ардагерлер ұйымдарының міндеттері, сондай-ақ, «Ардагерлер ұйымы» ҮЕҰ-ның алдағы IX съезіне VIII съезд делегаттарының өкілеттіктерін ұзарту.

Пленумға «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақтықожа Ізмұхамедов, облыстық ардагерлер ұйымдарының мүшелері мен басшылары, соғыс ардагерлері қатысты.

Жиында облыс әкімінің орынбасары Ербол Әліқұлов жиналғандарды мерейтоймен құттықтап, соғыс және еңбек ардагерлерінің еліміздің өсіп-өркендеуіне сіңірген еңбегіне тоқталды.

– 35 жыл ішінде бұл бірлестіктер айтарлықтай күшейді. Ұйым соғыс және еңбек ардагерлерінің қажеттілігін, өтінішін және өмірлік маңызды мүдделерін қанағаттандыруға атсалысуда. Аға ұрпақ өкілдері қоғамдық өмірге белсене араласып, жас ұрпақты руРхани, адами тұрғыда тәрбиелеуге өз үлестерін қосуда. Сонымен қатар, Отан игілігі үшін жасаған істерімен бізді шыдамдылық пен табандылыққа үйретеді, өмірлік тәжірибелерімен, ақыл-кеңестерімен бөліседі. Сондықтан, ардагерлермен әрбір кездесу біз үшін маңызды. Қарағанды облысында 24 Ұлы Отан соғысының ардагері тұрады және олардың әрқайсысына 1 млн. теңгеден материалдық көмек көрсетіледі. Сонымен қатар, мұндай қолдау бюджеттен тыс қорлар есебінен болады, – деді ол.

Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оралды Төреғожин Мемлекет басшысының Жолдауы мемлекеттің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды кезең, жарқын оқиға екендігіне тоқталды.

– Президент саяси, әлеуметтік және экономикалық өмірде халық талап етіп отырған ауқымды реформаларды ұсынды. Ардагерлер кеңесінің мақсаты – Жаңа Қазақстанның жаңа жағдайында жастарды тәрбиелеу. Қоғамымызда бейбітшілік пен тыныштықты сақтау, ұлтаралық достықты нығайту. Осы мақсатта «ауғандық» жауынгерлердің, тәжік-ауған шекарасындағы ұрыс қимылдарына қатысушылардың, Чернобыль атом электр станциясындағы апатты жоюға қатысушылардың ұйымдарымен бірлескен жұмыс туралы меморандумдар жасау жоспарлануда, – деді кеңес төрағасы.

Ресми кездесуде «Құрмет» төсбелгісімен Балқаш қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тайтөлеу Жұманов, облыстық кеңестің мәдениет, спорт және ұлтаралық қатынастар жөніндегі комиссиясының төрағасы Хамит Көрікбаев, сондай-ақ Теміртау қаласы ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Валентин Аносов марапатталды. Пленумның он екі қатысушысына «Қарағанды облысының Құрметті ардагері» атағы берілді, оның ішінде екі соғыс ардагері Бүркіт Есжанов пен Николай Расказимов бар.

Пленумға қатысқан 99 жастағы Бүркіт Есжанов бейбітшілік және мемлекетіміздің өркендеуін тіледі.
Сонымен қатар, жиында облыстық ардагерлер ұйымының 2021 жылғы 9 қыркүйектегі конференциясында Қазақстан Республикасы ардагерлерінің VIII съезіне сайланған 9 делегаттың IX съезге қатысу өкілеттігі ұзартылды.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button