Руханият

Қарағандылық оқушылар Абай оқуларынан жүлделі оралды

Жақында Абай мен Шәкәрімнің туған жері, қазақ әдебиетінің алтын төрі Жидебайда ХХІІІ республикалық Абай оқулары өткен болатын. Сол өлкеде өткен байқауда қарағандылық өрендер жүлделі орындар иеленіп, мәртебемізді биіктетті.

Абай оқуларынан қарағандылықтар жүлделі оралды
Сурет облыс әкімдігінің сайтынан

«Абайдың ақын шәкірттері» аталымында №61 мектептің 10 сынып оқушысы Ақшархат Эшкулова Шәкәрімнің 111 өлеңі мен 3 поэмасын жатқа айтып, I орын иеленсе, «Абайдың қара сөздері» аталымында 8-сынып оқушысы Нұрғасыр Изат 39 қара сөзін жатқа оқып, II орын иегері атанды. Дәл осы мектептің 9-сынып оқушысы Алина Наурызбаева «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» номинациясында һәкімнің 171 өлеңі мен 3 поэмасын жатқа айтып, II орынға лайық деп танылды. Ал, «Көңілім әнді ұғады» аталымы бойынша Бұқар жырау ауданы Ы.Алтынсарин атындағы мектептің 9-сынып оқушысы Еркежан Қайратова ақынның әндерін тамылжыта шырқап, II орын алды. Сүйіншілі хабарды облыстық білім басқармасының басшысы Гүлсім Қожахметова өзінің фейсбук парақшасында бөлісіп, өнерлі өрендерді дайындаған ұстаздарына айрықша алғысын жеткізді.

– Біз Абай атамыздың, Шәкәрім бабамыздың байқауына ғана қатысқан жоқпыз. Қасиетті жер саналатын Жидебайдың топырағын бастық. Тарихи өңірмен таныстық. Сол үшін ерекше қуаныштымыз, – дейді Алина есімді жеңімпазымыз. Расымен, байқауда бақ сынаған оқушыларымыз Абайдың туған топырағына табан тигізіп, тәу еткендері үшін де олжалы.

Қасымхан ҒАЛЫМ.

Басқа материалдар

Back to top button