Руханият

Жер астында жүз жыл

Алдымызда кеншілер күні келе жатыр. Жыл сайын осы мереке қарсаңында кеншілеріміз жайлы бір ой толғап қалатын әдетіміз бар.

Әулетімен кеншілер атанып, елімізге әйгілі болғандардың бірі – Мұстафиндер отбасы екендігі белгілі. «Қазақстан» шахтасында еңбек ететін бұл үлкен отбасы мүшелері өздерінің мамандықтарын мақтан тұтады. Егер олардың еңбек өтілін қосып есептейтін болсақ, жүз жылдан асып кетеді екен. Сондықтан да Мұстафиндер әулеті бір ғасырдан астам уақытын жер астында өткізіп келе жатыр деп айтуға толық негіз бар.

Қазіргі әулеттің кеншілер жолын аталары Қазақстан Мұстафин бастаған екен. Ол кісі де осы «Қазақстан» шахтасында жиырма жылдан астам тер төккен. Ол сонау қол еңбегі бел алып тұрған, әлі техника онша жетіле қоймаған соғыстан соңғы жалдары жер астына түсіпті. Соған қарамастан ол кездегі жарысқа белсене араласқан, еңбек озаты атанған, еңбегінің нәтижесін көріп, ел құрметіне бөленген. Ол кезде Отанымыздың үшінші көмір ошағы атағын жоғары ұстап тұрған шағы еді. Көмірді мол өндіріп, экономикамызды көтеруге жеке үлес қосу жолындағы жарыстың кеңінен өріс алған кезі болатын. Әкесінің ел алдындағы абырой-беделі әсер етті ме, балалары да кенші болуға бел буып, Қазақстан Мұстафиннің төрт ұлы – Қайрат, Қанат, Жанат және Болатжан да жер астына түсті. Сөйтіп, олар тек «Қазақстан» шахтасында жұмыс істеп қана қойған жоқ, кеншілер әулетінің атын шығарып, кеншілер дәстүрін бұрынғыдан да аспандатып, кен қопарып, «қара алтынды» жер бетіне шығару ісіне деген мамандыққа құрметті бұрынғыдан да арттыра түсті.

Балалары болса, әкесінің мамандығына деген құлшынысын қалт жібермей қадағалап, олар да сондай кенші болуға талпынды. Сөйтіп, кеншілік кәсіп олардың отбасылық мұрасына, дәстүріне айналып кетті. Әкесі балаларын еңбекке үйретті. Бір үзім нанның адал еңбек, маңдай термен келетіндігін өзінің ісімен дәріптеді. Әкесінің жолын жалғастырған Қанат болса, енді өзінің ұлдарын осы арнаға салды. Өзінің еңбек жолын балалары Ардақ пен Арман жалғастырғанда қуанышында шек болған жоқ. Немерелеріне аталарының аруағы риза болатындығына бек сенімді болды.

«Қазақстан» шахтасында отыз жылдан астам еңбек еткен төрт ағайындының ортаншысы Қанат Қазақстанұлы әулет басшысына, барлығының қамқоршысына айналды. Шахтерлік кәсіпті өмірлік серік еткен Қанаттың барлық өмірі осы кәсіпорынмен байланысты болды. Әуелі кен өндіру машиналарын жөндеу учаскесінде еңбек жолын бастаған ол біраз уақыттан соң кен өндіру, көмір шығару учаскесіне ауысты. Қайрат болса конвейерлік көлік учаскесінде істесе, Жанат өндіру учаскесінде 25 жыл тер төкті. Болат 24 жылдан бері үшінші учаскеде тазалау забойының жұмысшысы. Қазір енді балаларына жиендері мен інілерінің балалары да келіп қосылды. Қазір үлкен ұлы Ардақтың шахтадағы жұмыс өтілінің өзі он жылдан асып кетті. Бұл күнде тәжірибелі кенші ретінде бригада басқарып жүр.

Қанат Қазақстанұлының негізгі міндеті өндіру учаскесіндегі кешенмен жұмыс. Мұнда ол кешенді орнынан жылжытады, секциялардың жұмысын басқарып, оларды қадағалап отырады. Алғашқы кездері қиын болғаны рас, тәжірибелі кенші болуы үшін талай үйренуіне тура келген. Оның үстіне ол кезде әлі жаңа техниканың келе қоймаған кезі. Ескі кешеннің жүргенінен тұрғаны көп болады. Сондықтан да жекелей жоспар жасап, үйренгенінің арқасында оның үзіліссіз жұмысын жолға қоя білді. Ол үшін де біраз оқып-үйренуі қажет болды.

Шахтадағы еңбекті жер үстіндегі еңбекпен салыстыруға келмейді. Оның үстіне жердің асты да әр қилы. Ол әрқашан тегіс, самаладай жарық бола бермейді. Ой-шұңқыры да, лава мен штректердің аласа-биік жерлері де көп болады. Кейбір жерлерден тіпті, еңбектеп өтуге де тура келеді. Ең бастысы, қай жерде жұмыс істесең де өте жауапты болу қажет. Көмір кенішінің шахталары қалжыңды көтермейді. Оның қауіп-қатері өте орасан және ол күтпеген жерден, кез-келген уақытта болуы мүмкін. Соған орай қауіпсіздікті мұқият сақтап, әрқашан абай болуды естен шығаруға болмайды. Сонымен бірге тек өзіңді ғана ойламай, маңайыңда адамдар бар екендігін де ұмытпау қажет. Бұл жерде келісе жұмыс істеудің маңызы зор. Қатерге басыңды тіге жүріп отбасыңа аман-есен оралуың қажет. Бұл әрбір кеншінің есінде болар қағида. Қанаттың әкесі де балаларын осылай үйретті. Қазір оның өзі де балаларына осыны үнемі естеріне салып отырады.

Үлкен ұлы Ардақ еңбек жолын конвейерлік көлік учаскесінде конвейер жөндеуден бастаған екен. Оған учаскеде жұмыс істеу ұнайды. Өйткені, онда бригада, ұжым болып жұмыс істейді. Осындай еңбек қызықты болып көрінеді. Содан кеншілерді оқытатын орталықта оқудан өтіп, өзінің көңілі соққан жұмысқа ауысып алыпты.

Жасынан техниканы ұнататын Ардақ «кен істері» мамандығын игеріп алады да, әскер қатарында болып, азаматтық борышын өтеп қатқан соң мамандығы бойынша орналасып, жұмысын жалғастырады. Лавада жұмыс істеуге талпыныс пайда болады. Бұл жерде де техникамен жұмыс істейді. Қайда еңбек етсе де адал, өз ісін жетік білетін жігітке бригадир болуды сеніп тапсырды. Енді оған тек өзі үшін ғана емес, басқалары үшін де, жас кеншілердің оқып-үйренуіне де жауап беруі қажет. Ол ұжымды басқара жүріп, өзі де еңбек биігінен көрінуде. Сол үшін де оны бригада мүшелері ғана емес, учаске, бүкіл шахта ұжымы құрмет тұтады.

Осындай ұжымды кеншілер әулеті жыл сайын келетін өздерінің кәсіби мерекелерін асыға күтеді. Олар өздерінің мамандықтарын мақтан етіп, Мұстафиндер әулетінің дәстүрін әрқашан жоғары ұстауға тырысады.

Сүйіндік ЖАНЫСБАЙ,

Қазақстанның Құрметті журналисі,

ҚР ақпарат саласының үздігі.

Басқа материалдар

Back to top button