Автокөліктерді жеңілдетілген несиемен беру бағдарламасына тағы 10 млрд. теңге бөлінді
Мұны Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне қарасты «Өнеркәсіпті дамыту қорынан» мәлімдеді. Аталған бағдарламаға жоспар бойынша 100 млрд. теңге қарастырылған. Алғашқы 90 млрд. теңге осыдан үш ай бұрын бөлінді.
Қор дерегінше, 4 пайызбен берілетін автонесие бағдарламасына қатысушы «Еуразиялық банкке» – 35 млрд, «Банк Центр Кредитке» – 27,5 млрд, «Халық банкке» – 22,5 млрд және «Forte Bank»-ке 15 млрд. теңге бөлінген. «Бүгін қалған 10 млрд. теңге бөлінді», – делінген ұсынылған мәліметте.
«Өнеркәсіпті дамыту қорының» ақпаратына қарағанда, автокөлік сатып алуға ең көп өтніш Алматы (7 031), Нұр-Сұлтан (5381), Шымкент (4 664) қалаларынан түскен. Қарағанды облысы бойынша өтініш саны – 2 109. Осылайша 17 өңірден көлікке несиеге өтініш бергендер тізімінде Қарағанды аймағы төртінші тұр.
Деректерге сүйенсек, бүгінге дейін жеңілдетілген шарттармен несиелеу бағдарламасы бойынша 10 015 қазақстандық көлік алған. Жалпы, 4 пайызбен теміртұлпар алуға ниетті 31 538 қазақстандықтан өтініш түскен.
Өз тілшімізден.