Аймақ

26 қазанда «Үлгілі отбасы» байқауының облыстық кезеңі өтеді

Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен 2022 жылдың 26 қазанында «Үлгілі отбасы» облыстық байқауы өтеді. 

 

Байқаудың мақсаты – облыстық құндылықтарды дәріптеу, ұлттық тәрбиені жаңғырту, өткен күн мен бүгінгі күнді ұштастыра отырып, асыл мұрамыз болып сақталған ұлт қазынасын ұлықтау, ата-аналардың бала тәрбиесінде ұлттың тарихи құндылықтарын ұстанып, үлгілі отбасы болатындығына көз жеткізу, қоғамға үлгі болатын отбасыларды насихаттау болып табылады.

Байқауға Қарағанды облысы аумағында тұратын отбасылар (бұдан әрі – Үміткерлер) қатыса алады.

“Үлгілі отбасы” байқауына отбасы мүшелерінің еңбекте, спортта, шығармашылық, зияткерлік, ғылыми жетістіктері бар, сондай-ақ қоғамдық пайдалы қызметке қатысатын (волонтерлік, қайырымдылық, меценаттық, тәлімгерлік және т.б.) жанұя қатысады (кемінде 5 адам: атасы не әжесі, әкесі мен анасы, 2 баласы).

Байқауға үміткер отбасылар өзін-өзі ұсыну жолымен, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың ұсынуы бойынша қатыса алады.

Байқау 2 кезеңнен тұрады:

I кезең – іріктеу кезеңі (аудандық, қалалық);

ІІ кезең – қорытынды кезең.

Іріктеу кезеңінде үміткерлер өтініммен қоса, жеке басын куәландыратын құжаттарды ұсына отырып, 3 минуттан аспайтын таныстыру бейнеролигін ү.ж. 18 қазанға дейін Ұйымдастырушыларға (til-qazyna@mail.ru эл. поштасына) жолдайды.

Бейнероликте әр отбасы өзінің отбасын белгілі бір өнер түрі арқылы таныстыруы тиіс. Мысалы: бір отбасы ұлттық киім үлгісі бойынша қазақ дәстүрін насихаттай отырып, өз отбасын таныстырады және дәстүрлі ән орындауы мүмкін. Ал екінші отбасы Алаш арыстары образын келтіре отырып, өз отбасын сахналық қойылым арқылы таныстыруына болады.

Қазылар алқасының шешімі бойынша іріктеу кезеңінен өткен үміткерлер қорытынды кезеңге жіберіледі.

Қорытынды кезең 3 бөлімнен тұрады.

1-бөлім: Шағын мемлекеттің бұлжымас заңы.

Бұл кезеңде «Шағын мемлекет», яғни отбасы «Үлгілі отбасы» болуға не үшін лайық екенін көрсететін кейсі немесе Заңын қорғап шығады. Бұл заң қазақ ұлтының құндылығын жан-жақты көрсететіндей отбасының бұлжымас заңы болуы шарт. Әр отбасыға 1 минут уақыт беріледі.

1-мысал. Біздің отбасы тек қазақ тілінде сөйлейді. Біздің балаларымыз, немере, шөберелеріміз қазақ балабақшасы, қазақ мектептері, қазақ бөлімінде оқиды. Бұл ұстаным өзгерген емес. Өз тілің сенімен бірге өмір сүру үшін, өзге тіл білу үшін.

2-мысал. Біздің отбасы қазақтың тарихи тұлғаларын жатқа біледі. Өйткені аптасына 1 рет біздің үлкен атамыз қазақтың тарихын терең көрсететін танымдық сағат өткізеді. Отбасымызбен бәріміз жиналып, «Атаның танымдық сағаты» жиынын тыңдаймыз. Тарихи тұлғаларға қарызбыз, оларды насихаттауға парызбыз.

Дәл осылай 1 минутқа сәйкес келетін отбасының құндылығын көрсететін кейс қорғалады. Қорғау барысында әрбір қағиданың шын екенін көрсететін бейне немесе фотоматериалдар LED экраннан көрсетіледі. Бұл бөлім қорытындысы бойынша ұпай саны төмен 5 отбасы келесі бөлімге жіберілмейді.

2-бөлім: Шағын мемлекеттің мәселесі.

Осы кезеңге өткен 6 отбасыға ситуациялық тапсырмалар беріледі. Яғни әр отбасында болатын шағын мәселелер экранда 5 түрлі ою-өрнек (қошқармүйіз, құстұмсық, түйетабан, қосалқа, ботамойын өрнектері, яғни бұл өрнектер мәселенің салмағын, тапсырманың күрделілігін сипаттайды) арқылы көрсетіледі.

Қатысушы отбасы осы мәселені шешуі тиіс. Әр тапсырмаға 2 минут уақыт беріледі. Алғашқы бөлімдер бойынша жоғары ұпай жинаған отбасы таңдауды бастайды. Мәселен, Қошқармүйіз таңдалынды. Ішінде берілген жағдай мынадай:

1-жағдай. Әкесі мен анасы, енесі баласын орыс мектебіне бергісі келеді, себебі баланың тілі You-Tube сынды арналардың әсерінен орысша шыққан. Баласы қиналмас үшін орыс мектебіне береміз деген шешім қабылданады. Ал атасы болса, бұл шешімге түбегейлі қарсы.

Атасы немересін қазақ мектебіне беруге қалай көндіреді?

Қандай шешім қабылданады?

Бұл тапсырманы атасы шешуі керек, отбасы жұмылып, мәселеден шығу жолын іздейді. Осындай типті жағдаят тағы да 6 отбасыға жеке-жеке беріледі. Бөлімнің тапсырмасы бейнематериал түрінде немесе сурет түрінде LED экраннан көрсетіледі. Осы бөлімде ұпай саны төмен 3 отбасы келесі бөлімге өтпейді.

3-бөлім: Ақтық сайыс.

Жеңімпаз отбасын анықтау үшін Ақтық сайыс өткізіледі. Соңғы сайыста 3 отбасы танымдық сұрақтарға жауап береді. Бұл бөлімде 3 топқа ортақ 5 cұрақ қойылады. Сұрақтар қазақ ұлтының мәдениеті, әдебиеті, тарихы, дәстүрі, тіліне қатысты болады. Бұл бөлімде бұған дейін жинаған ұпай санына үшінші бөлім бойынша ұпай саны қосыла отырып, қорытынды көрсеткіш бойынша І, ІІ, ІІІ орын жеңімпаздары анықталады.

Байқауға қатысушы отбасылардың өнерін бағалау және жеңімпаздарды анықтау үшін қазылар алқасы құрылады. Қазылар алқасының құрамы тіл мен әдебиет, мәдениет, тарих салаларының білікті мамандарынан, ғалымдардан, зиялы қауым өкілдерінен кемінде бес адамнан тұрады. Қазылар алқасының құрамы төрағадан және оның мүшелерінен тұрады.

Байқаудың жеңімпаздары мен жүлдегерлері қазылар алқасының ашық дауыс беру қорытындысы бойынша анықталады. Қазылар алқасы мүшелерінің дауыстары тең болған жағдайда, төрағалық етушінің дауысы шешуші болып табылады. Қазылар алқасының шешімі хаттама түрінде ресімделеді, оған қазылар алқасының барлық құрамы қол қояды. Байқаудың марапаттау рәсімі салтанатты түрде өткізіледі.

Байқау жеңімпаздары ұйымдастырушы бекіткен жүлде қоры мөлшерінде арнайы дипломдармен және сыйлықтармен марапатталады.

І орын – 650 000 теңге (біреу);

ІІ орын – 400 000 теңге (екеу);

ІІІ орын – 200 000 теңге (үшеу);

Ынталандыру – 70 000 теңге (бесеу).

Байланыс телефондары: 87472574696, 87019530937.

Басқа материалдар

Back to top button