Руханият

Картинада өмір тұр…

«Мұхиттағы өмір» картинасында су астындағы тіршілік иелері бейнеленіпті. Балықтар, медузалар мен түрлі жәндіктер. Көргенді бірден өзіне таратады. Бояуы қанық әрі шынайы көріністі «гуаш немесе түрлі бояулармен салынған» деп ойлайсыз. Бірақ, сурет бояулармен емес, киіз басу технологиясымен жасалған. Облыстық бейнелеу өнері музейінде «Шахтинск квартеті» деп аталатын ерекше көрме ашылды. Линогравюра, гратография, киіз басу технологиясымен салынған туындылар қойылып, көпшілік назарына ұсынылды.

  Бұл туындының авторы – суретші Елена Нивиденская. Осы жұмысқа 1 апта уақытын арнаған. Әрине, бұл технологиямен сурет салу – басқаларына қарағанда әлде қайда күрделі. Бұдан бөлек, автордың осы тектес салынған портреттері де музейге қойылған.

Киіз басу технологиясымен жұмыс істеу – оңай емес. Әуелі жүн қажет түске боялады. Одан кейін қатты қағазға салатын дүниенің нобайын түсіріп, боялған жүнді қатты қағазға бекітесіз. Бәрі біткеннен соң рамкаға салынады. Өз басым осылай салуды 6 жыл бұрын бастағанмын. Қазір қолым үйреніп, еркін меңгердім. Ең қиыны қатты қағазға жүнді желіммен емес, пинцетпен бекітесің. Барлық уақытың сонымен кетеді. Бірақ, дүниең шынайы әрі сапалы шығады. Өз басым көбіне портрет салғанды жақсы көремін. Осы технологиямен портрет салсаңыз – тіптен ерекше. Ұлым 1 жаста болғанда еңбектеп жүргенін суретке түсіріп алып едім. Кейін қарап отырсам, сәтті шыққан сурет көрінеді. «Бұдан неге киіз басу технологиясымен портрет жасамасқа» деген ой келді. Сөйтіп, жұмысымды бастап кеттім. Портретті салуға 1 апта уақытым кетті, – деді суретші.

Көрмеге Жаңабек Жұмабеков, Елена Нивиденская, Ерсін Темірғалиев, Наталья Сайгушева сынды танымал суретшілердің 60-тан астам жұмысы қойылған. Қазіргі таңда олар Шахтинск қаласының А.Исмаилов атындағы балалар көркем-сурет мектебінің мұғалімдері. Талай жылғы еңбектерін көпшілікке таныстыру мақсатында бірігіп көрме ұйымдастырған. Өңірде саусағынан өнер тамған суретшілер көп. Алайда, мұндай ерекше түрмен сурет салатын жандар ілуде біреу. Өнер иелерін қолдау мақсатында облыстық бейнелеу өнері музейінің басшылығы шараға мұрындық болып, қолғабыс еткен.

Бұған дейін көрмеге Шахтинск өнер мектебі балаларының туындылары қойылған. Ал, сол балаларды тәрбиелеген, өнерге баулыған – осы ұстаздары. Мұндай ұстаздардан керемет шәкірт шығатыны, әрине, заңдылық. Төрттіктің жұмысын көріп, өзім таңқалып та, тамсанып та қалдым. Кәсіби суретшілердің туындылары көрмеге қойылғанына қуаныштымын, – деп ақжарма тілегін білдірді облыстық музейдің директоры Бибігүл Құдабаева.

Мұнда қойылған туындылар әр бағытта салынған. Солардың ішінде акрилмен салынған туынды – «Қасым Аманжолов – ауылда». Авторы – жас суретші Ерсін Темірғалиев

Туынды былтыр ақынның 110 жылдық мерейтойына арнайы салынды. «Қыран қанатты Қасым» деген байқаудың болатынын естіп, «Неге қатыспасқа?» деген ой келді. Ол кісінің тарихын ел жақсы біледі. Өмірі мен өлеңін ұштастырып, жақсы туынды шығару керек. Ойлана келе, осы туындының нобайы ойыма оралды, – деді ол.

Ақынның басынан небір оқиғалар өткен. Соны көрсету үшін суретші картинаның артқы планына қою-қанық қызғылт, қара түсті көп қолданған. Ал, алдыңғы планда ақынның жас кезіндегі бейнесі. Үстіндегі киімін ақ түске бояп, «басты қаһарман» ретінде көрсеткен. Қолына скрипкасын ұстаған жас бейне. Ақынның түрлі аспаптарда ойнайтыны ел жақсы біледі. Ал, солардың ішінде жанына жақыны – скрипка екен. Бұны бірі білсе, бірі біле бермейді. Автор осындай дүниелерді негізге алыпты. Сонымен қатар, автордың музейде линогравюра бағытында салған туындылары да бар.

Мына бір туындымда Бұқар жырау бабамыз бейнеленген. Әр жағында бейнеленген – Далба тауы. Яғни, бабамыздың туып-өскен мекені. Бабамыздың бейнесі бізге беймәлім. Бірақ, сол бейнені өзім жасап шықтым. Домбырасын шертіп, туған жеріне көз тастап тұр. Салған суретімді кішірейтіп, жан жағын қызылға боядым. Бұлай істеуімнің де өзіндік себебі бар. «Бабамыздың жатқан жеріне туған жерінен қызыл тас әкеліп қойылған» деген мәлімет бар. Сол қызыл тасты негізге ала отырып, туындыммен ұштастырғым келді, – деді автор.

Линогравюра бағытында жұмыс істеу де оңай емес. Әуелі, салынатын дүниеңнің нобайы сызылады. Содан барып оны линолеумға «пвх» клейімен жабыстырып, арнайы кескіштерімен сызық бойы алынады. Бұл процесс біткен соң, үстінен қара бояу жағылып, станоктан өткізіледі. Жасайтын дүниеңнің нобайы мен форматы, қиындығы мен кесуіне байланысты уақытың да ұзара береді екен. Ал, автор осы туындысын жасау үшін 1 апта уақытын арнаған.

Ербол ЕРБОЛАТ.

Басқа материалдар

Back to top button