Жаңалықтар

Шина зауытына маман қажет

Сарандағы салынып жатқан KamaTyresKZ шина зауытының құрылысы аяқталуға жақын. Осы орайда, «Еліміздегі баламасы жоқ зауытта істейтін маман бар ма?» деген сұрақ сізді де ойландырғаны анық. Бірақ, зауыт басшылары бұл мәселеге ертерек қамданып, күні бұрын шешіп қойған. Яғни, былтыр Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжінен шина өндірісі мамандықтары бойынша оқытатын курс ашып арнайы оқытқан. Оқуды тәмамдағандарды Ресейдің Нижнекамск қаласындағы шина зауытынан тағылымдамадан өтуге де жіберген-тін. Міне, осы мамандар жаңадан ашылғалы жатқан зауытқа келіп, өнеркәсіп саласын алға сүйреуге атсалысады.

Жаңа зауыттың құрылысы «Saran» республикалық маңызы бар индустриялық аймақта жүргізілуде. Үкімет бұл зауытты тұрғызу үшін 125 млрд. теңге құйған. Алдағы уақытта жеңіл, жеңіл жүк және жүк машиналарымен қатар, арнайы техникалардың шинасын өндірмек. Дайын өнімдерін Ресей, Қырғызстан, Иран мен Пәкістанмен қатар ел аумағына саудалайды. Келісім де жасалған. Ал, зауыт басшылығы «жылдық өнімнің көрсеткішін 3,5 млн. дана шинаға жеткіземіз» деп мәлімдеді. 3 қабаттан тұратын зауыттың бас штаты жартылай пайдалануға берілген. Ғимарат бұған дейін қолданыста болған. Тек толық күрделі жөндеуден өткізіп, дайын бөлмелерін ғана іске қосқан. Бірінші қабатында 400 мыңнан астам гектарға салынып жатқан құрылыстың шағын макеті мен Нижнекамскте алғашқы оқудан өткен түлектер сол жерде өздері жасаған шина қойылған.

– Зауыттың құрылысы бітпесе де жұмыскерлерді қабылдап жатырмыз. Әрине, мұндай сала мамандары елде тапшы. Сондықтан, жұмысқа ертерек алып, оларды 20 мамандық бойынша зауыттың бюджетінен Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжінде оқытудамыз. Оқуды тәмамдағаннан кейін тәжірибе жинау мақсатында Нижнекамскке жібереміз. Бізде бос орындар әлі де көп. Осы уақытқа дейін 9 лек қабылдадық. Енді келер айдың басынан тағы да жұмысқа адам тартамыз. Зауыт ашылғанға дейін мамандарды дайындап қою шарт, – деді KamaTyresKZ компаниясы директорының көмекшісі Виталий Дедов. Зауыт тек шина өнімін өндірумен ғана айналысқанымен бұл жерге электромонтёр, электрослесарь сынды мамандық иелері де қажет-ақ. Ал, елімізде бұл мамандықтарға оқытатын оқу орындары баршылық. Аталмыш оқу орындарын бітірген жандардарды да жұмысқа қабылдауда. Бүгінде зауытқа 200-ден астам жұмыскер қабылданыпты. Болашақта 1000-нан астам адам жұмыс істейді деген жоспар бар.

– Хабарласып, жұмыс жайында сұрайтындар көп. Қазір жұмыспен қамту орталықтарымен тығыз қарым-қатынастамыз. Жергілікті жердегі ЖҚО-на барып сұрасаңыз, барлығын түсіндіреді. Барлық ақпаратпен бөліседі. Содан кейін біздің жауапты мамандарымызбен кеңесуге жібереді. Жұмысқа қабылдау, қабылдамауды кездесу барысында шешеміз, – деді Виталий Дедов.

Ербол ЕРБОЛАТ.

Басқа материалдар

Back to top button