Бас тақырып

Ербол ҚАБДЫҒАЛИҰЛЫ: “Мемлекеттік қызметкердің сөзі – өтімді, ісі – кесімді болуы керек”

Мемлекеттік қызмет қоғамдық өмірдің экономика, мәдениет, саясат, әлеуметтік сала сияқты барлық ішкі жүйелерінің қызмет етуін қамтамасыз ететін маңызды институт десек, соңғы 30 жылда елімізде мемлекеттік қызметтің ұлттық моделі қалыптасты деп айтуға толық негіз бар. Демек, жыл сайын мемлекеттік дамудың басты қозғаушы күші ретіндегі мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талап та жоғарылай беретіні сөзсіз. Ал, қатардағы қызметкерден бастап, жоғары лауазымды басшыға дейін өзінің ролін сезініп, жүктелген функционалдық міндетін адал атқарғанда ғана мемлекеттік аппаратқа деген сенім арта бермек. «Бүгінгі мемлекеттік қызметшінің келбеті қандай, мемлекеттік қызметтің ашықтығын қамтамасыз ете алдық па?» деген сауалдарды Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктің Қарағанды облысы бойынша департаментінің басшысы, әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Ербол ЖОЛДАНҒАРҒА қойған болатынбыз…

 

– Ербол Қабдығалиұлы, егемендік алған тұста ел алдындағы мақсат-міндеттерді сауатты жүзеге асыра алатын мемлекеттік аппаратты қалыптастыруға ден қойылды. 1992 жылдан бүгінге дейін мемлекеттік қызмет бірнеше даму кезеңін өткерді. Соған орай мемлекеттік қызметтің Қазақстандық моделі қалыптасты деуге негіз бар ма?

– Осы жылдарда мемлекеттік қызмет жүйесінде бірқатар реформалар жүргізілді, олар мемлекеттік трансформациясы мен мемлекеттік басқару жүйесінің қалыптасу процестерімен тікелей байланысты. Бүгінде дәйекті реформалар нәтижесінде меритократия, тиімділік және қоғамға есеп беру қағидаттарына негізделген модель жасалды. Одан бөлек, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының бірінші бағытын іске асыру щеңберінде кадрларды даярлау және ілгерілету жүйесі жетілдірілді, дербес басқарудың заманауи құралдары енгізілді. Мемлекеттік қызметшілердің сапалық құрамы артқанын да айту керек. Нәтижесінде, мемлекеттік аппараттың сапалық құрамы артып, меритократия қағидаты мен кадр тұрақтылығын сақтау көрсеткіштері біршама жақсарды. Еңбекақы төлеудің жаңа жүйесі ішкі тұрақтылықты және бәсекеге қабілеттілікті қамтамасыз етуге, мемлекеттік қызметке неғұрлым білікті және талантты мамандарды тартуға мүмкіндік берді.

– 2015 жылдың соңында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» қабылданған Заңға сәйкес мемлекеттік қызмет жүйесі аралас «позициялық-мансаптық» модельден «мансаптық» модельге көшкенін айтады деректер. Осыдан соң мемлекеттік қызметке қабылдау төменгі лауазымдардан басталды. Конкурстар институты енгізілді. Бұл мемлекеттік қызметтің ашықтығын қамтамасыз ете алды ма?

– Мемлекеттік лауазымдарға орналасудың конкурстық негізін енгізу мемлекеттік қызметке тең қолжетімділікке қатысты азаматтардың конституциялық құқықтарының іске асырылуын қамтамасыз етті. Бұл, тиісінше білікті әрі құзыретті мамандарды іріктеуге мүмкіндік берді, сондай-ақ, кандидаттарды тағайындауда бәсекелестік кәсібилікті арттыруға ықпал етті. Мәселен, жүргізілген сауалнамаға сәйкес, мемлекеттік қызметшілердің 95%-ы жұмысқа қабылдау рәсімін ашық және әділ деп санайды, ал 92%-ы жұмысқа талантты және білікті қызметкерлер қабылданатынын атап өтті. Республика бойынша өткен 5 жылда бір орынға конкурс 42%-ға ұлғайды. Сондай-ақ, конкурстық рәсімдерге байқаушылар қатысатынын да ескерген жөн. Бұның барлығы мемлекеттік қызметке іріктеудің ашықтығын қамтамасыз етуге, тиісінше жалпы мемлекеттік қызметтің ашықтығына елеулі үлес қосатыны анық. Дегенмен, заман талабына сай іріктеу жүйесін одан әрі жетілдіре түсу қажет. Осыған байланысты, халықаралық тәжірибені зерделеу негізінде әкімшілік-мемлекеттік қызметке іріктеу құралдарын дамыту шаралары қабылдануда. Нәтижесінде мәтіндік ақпарат және санмен жұмыс істеу қабілетіне тестілеуді қамтитын, құзыреттіліктер бойынша сұхбат және т. б. жаңа тәсілдер әзірленді. Бұл ретте, іріктеу процесінің ашықтығы мен клиентке бағдарлануы конкурстық рәсімдерді толық цифрландыру арқылы қамтамасыз етілетін болады.

– Халықтың өмір сапасы мен әл-ауқаты мемлекеттік қызметшіге тікелей байланысты. Демек, олардың жұмысты қалай атқарғанына біз тікелей тәуелдіміз десек те болады. Бірақ өкініштісі сол, қоғамда мемлекеттік қызметшіге деген теріс көзқарас қалыптасқан. Бұл өз кезегінде олардың тиісті жұмыстарын лайықты атқаруға кері әсері болуы мүмкін ғой…

– Мемлекеттік қызметті атқару қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенім белгісі екендігі бәрімізге мәлім. Халыққа қызмет ететін адамдардың адалдығы және әділдігі, жұмысына деген жауапкершілігі, қоғам мен азаматтардың сенімін туғызуы – әрбір мемлекеттік қызметкердің міндеті! Дана халқымызда «Билігі мықты елдің – тірлігі мықты болады» деген сөз бар. Осыған орай, қашан да жүгі ауыр билік міндетінің ауқымды және мақсатының биік болары барлық мемлекеттік қызметшілердің әрқашан да жадында болуы керек. Халық тарапынан мемлекеттік органдардың қызметіне қатысты кейбір көңіл толмаушылықтардың бары жасырын емес. Осы кемшіліктерді жою – біздің алда атқарар қызметіміздің басты бағдары. Ол үшін ашық, әділ, адамға бағдарланған мемлекеттік аппаратты қалыптастыруымыз қажет. Дегенмен, мемлекеттік қызметшілер де конституциялық құқықтары мен бостандықтары бар, тең құқықты қоғам мүшелері екенін ұмытпауымыз керек. Оларды қоғамнан бөлектеп, бәріне бірдей кір келтіру дұрыс емес. Өйткені, өз міндеттерін абыроймен атқарып жүрген қызметшілер аз емес. Сондықтан, мемлекеттік қызметтің оң имиджін қалыптастыру мақсатында билік пен қоғам арасындағы ашықтықты, диалогты дамыту керек.

– Жалпы, мемлекеттік қызметкер халықпен жұмысы барысында мемлекеттік қызметкердің әдебі сақталмай қалатын кездерін естіп-біліп жүреміз. Осыған байланысты ойыңыз?

– «Ұлық болсаң, кішік бол» дейді дана халқымыз. Сондықтан, мемлекеттік қызметшілер азаматтармен қарым-қатынаста әдептілік таныту, дөрекілік, қадір-қасиетін кемсіту, әдепсіздік және бейәдеп мінез-құлық фактілеріне жол бермеу, өздерінің әрекеттерімен және мінез-құлқымен олардың тарапынан сынға себепкер болмауы тиіс. Бұл ретте, қызметтік әдеп нормаларын сақтамағаны үшін тәртіптік жауапкершілік көзделген. Халқымызда «Сын түзелмей мін түзелмейді деген нақыл сөз бар. Сондықтан, сынның да объективті және шынайы болуы орынды. Егер мемлекеттік қызметші әлде бір әдепке сай емес іс-әрекеті арқылы сынға ұшырап жатса, ондай жат мінез-құлық барлық мемлекеттік қызметшілерге тән деген сөз емес. Алайда, бүгінгі таңда мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талаптар күшейіп отырғанын естен шығармаған абзал. Кез келген сын мемлекеттік қызметтің беделіне кері әсерін тигізеді. Сондықтан, мемлекеттік органдар өздеріне қатысты сыни мақала немесе әлеуметтік желілер арқылы пікір жарияланғанда оны теріске шығару тәжірибесін кеңінен қолданғаны дұрыс.

– Өкініштісі, мемлекеттік қызметтегі бірқатар басшылар өз саласы туралы қарапайым сұрақтардың өзіне жауап беруге қиналып жатады. Ал, «Жаңа Қазақстанды құру үшін мемлекеттік қызметшілердің білімі де, біліктілігі де сай болуы керек. Қызметшілеріміз соған лайықты ма, мүмкін қайта даярлаудан өткізу керек шығар?

– Мемлекет басшысы билік пен халық арасында ашық қарым-қатынас орнатуды көздеп отыр. Әрбір мемлекеттік қызметші атқарған жұмысын халыққа ашық, түсінікті түрде жеткізуі қажет. Мұң-мұқтажын айтқан қарапайым қауымға тиісінше жауап беру де мемлекеттік қызметшінің әдебін білдірсе керек. Мемлекеттік қызметкердің сөзі – өтімді, ісі – кесімді, адамдарға жұғымды болуы керек. Бүгінде қысқа мерзімді перспективада мемлекеттік қызмет жүйесін қайта жүктеу, оның ішінде мемлекеттік қызметте адами капиталды дамыту жөніндегі міндеттер пысықталуда. Атап айтқанда, оқытудың өзекті және талап етілетін тақырыбын қалыптастыру бойынша шаралар қабылдау, дағдарыс жағдайларында халықпен жұмыс істеу дағдыларына оқытуды енгізу, сондай-ақ, мемлекеттік қызметшілерді қашықтықтан оқыту курстарының санын ұлғайту қарастырылуда.

– Президенттік жастар кадр резервінің жасақталуы туралы айтсаңыз…

– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Мемлекеттік қызмет істері агенттігі 2021 жылы Президенттік Жастар кадрлық резервіне екінші іріктеу жүргізеді. Жоба өмірлік мақсаттары мен қағидаттары қоғамға қызмет етуге бағытталған талантты, болашағы зор және өршіл жастар, өз саласындағы кәсіпқойлар арасынан мемлекеттік аппарат үшін топ менеджерлердің кадрлық резервін қалыптастыруға бағытталған. Бұл жобада жеңілгендер болмайды. Біреу абсолютті жеңімпаз болады және резервке алынады. Біреу финалға жетпейді, бірақ бәрібір бірегей тәжірибе, жаңа білім алады, өзін тексереді және міндетті түрде кері байланыс алады, өзіне қандай құзыреттер жетіспейтінін, өз тәжірибесін, білімі мен дағдыларын қайда жетілдіру керектігін түсінетін болады. Бұл кейде жеңістен гөрі қымбат…

– Ербол Қабдығали, сұқбатыңызға рахмет!

Әңгімелескен Салтанат ІЛИЯШ.

Басқа материалдар

Back to top button