Жаңалықтар

Ержан ХАМИТ: “Сайлау белсенділікті талап етеді”

Биылғы күз саяси оқиғаларға толы. Алдымен, Мемлекет басшысының дәстүрлі Жолдауын тыңдадық. Онда, биыл өтетін Президент, Мәжіліс және мәслихат сайлаулары туралы айтылды. Өтетін уақыты да белгіленді. Ата Заң өзгертіліп, референдум нәтижелері шықты. Билік пен қоғам жаңа ережелер бойынша өмір сүріп, жұмыс істеуі тиіс. Сондықтан да, бұл сайлау – өте маңызды. Осы орайда AMANAT партиясының «Жастар рухы» Жастар қанаты Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Ержан Хамитті әңгімеге тарттық.

– Ержан Болатұлы, AMANAT партиясының кезектен тыс XXIV съезіне қатысқан делегаттардың бірісіз. Қандай ой түйдіңіз?

– Иә, AMANAT партиясының кезектен тыс съезіне 1200-ден астам делегат қатысты. Партия төрағасы Ерлан Қошанов Президенттікке үміткер ретінде Қасым-Жомарт Кемелұлын ұсыну туралы ойын білдіріп, делегаттар оны бір ауыздан қолдады. Кейін Президентімізді қолдау бойынша халықтық коалицияның форумы өтті. Онда 20-дан астам саяси және қоғамдық ұйымдар өкілдері қатысты. Түрлі партиялардың өкілдері сөз сөйлеп, Қасым-Жомарт Тоқаевты кандидат ретінде ұсынды. Бұл халықаралық саясатта ешқандай жаңалық емес. Көптеген елдің Президенттері халықтық коалиция арқылы сайлауға түсіп жатады. Барак Обама, Реджеп Эрдоған сынды көшбасшылар осылай сайлауға түсіп, билікке келген. Біздің халықаралық дәрежедегі салмағы бар, білікті басшыны Президенттікке ұсынғанымыз дұрыс деп ойлаймын. «Теңізде дауыл тұрғанда кемеде капитан ауыстырмайды» демекші, маңайымыздың тыныштығы кеткен тұста, ұлттық мүддені ойлап Президентті қолдағанымыз дұрыс.

– Жалпы, жастардың көзқарасы қандай? Саяси жаңалықтардан хабары бар ма?

– Бұл реформалардың, еліміздегі саяси науқанның жастарға тікелей қатысы бар. XXI ғасыр жастары жалтақ емес. Өз көзқарасы мен пікірі, таңдау еркіндігі бар. Кейбір аға буын өкілдері секілді бұғып қалмайды. Ол заман өткен. Заманауи, жаңашыл жас буын өсіп келеді. Ұлттық құндылықтарды да естен шығармау керек. Біз жастар жарқын еліміздің болашағының өзімізге тиесілі екенін түйсінеміз. Президентіміз жасап жатқан реформалар жастардың талап-сұранысын ескеруде. Еліміздегі саналы жас азаматтар осы өзгерістердің нәтижесін көруі үшін соған лайықты еңбек етуі тиіс. Біз қалағандай өзгерістерге қол жеткіземіз десек, қазіргі реформалардың айналасына шоғырланып, сайлауға қатысып, азаматтық танытуымыз тиіс. Бұл сайлау баршамыздан белсенділік талап етеді.

– Жыл басынан бері елдің қоғамдық-саяси өмірінде көптеген өзгеріс орын алуда. Солардың қайсысын ерекше атар едіңіз?

– Президентіміздің көңілден шыққан бастамасының бірі – Ұлытау облысының құрылуы. Халық үшін де, сол өңір үшін де өте пайдалы. Дамуына оң әсер етеді. Жуырда Қарағандыға сапарында Президентіміз Қарағанды-Жезқазған тас жолын тез арада жөндеуді бастау керектігін айтты. Конституцияның шамамен 80%-ы өзгеріске түсіп отыр. «Мықты Президент. Ықпалды үкімет» деп атап өтті. Алдағы уақытта Президент өкілеттілігін бір реттік мерзіммен 7 жылға дейін ұзартылуы – халықтың көңілінен шыққан шешім. «Билік жаңарып тұруы және жастар келуі керек. Билік бір адамның қолында ұзақ уақыт болуы – қате. Билік монополиясы елдің дамуына кері әсер етеді. 7 жылда кез келген бастаманы жүзеге асырып, әр Президент мүмкіндігін толық көрсетуге жеткілікті уақыт» деген еді Мемлекет басшысы. Сол үшін осы реформаны қолдауымыз қажет.

– Қоғам «ашықтық» режиміне негізделуі тиіс. Бұл жайлы не ойлайсыз?

– Президентіміздің қоғам белсенділерін тыңдауы және олардың пікіріне құлақ асуы – қуанарлық жайт. Бұл өзі айтқан «Естуші мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес келеді. Қазіргі жиындарға қоғам белсенділері мен блогерлерді шақырып, халық арасында жүрген азаматтарды тартуы халықпен диалог орнатудың бір үлгісі, елге жақын болудың бір тәсілі шығар. Яғни, алдағы уақытта тек қана депутаттық корпус арқылы емес, елмен етене жақын болу арқылы да елдің дамуына үлес қосуға болатынын көрсетті. Өткен қиындықтарға мойымай, жұмыла жұмыс істеп алға басатын, дамитын уақыт келді.

– Әңгімеңізге көп рахмет.

Сұхбаттасқан Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button