Жаңалықтар

Айлардың сұлтаны

Айлардың сұлтаны саналатын Рамазан да келіп қалды. Осы ретте ораза ұстаушылардың көкейінде көп сауал туады. Оразаның тәртібіне байланысты. Көбі интернет желісінен, имамдардан жауап іздеп жатады. Ал, біз жиі қойылатын сұрақтарға алдын ала жауапты тізбектеп шықтық. Мейірім айындағы дұға-тілектеріміз қабыл болсын, қадірлі оқырман…

Оразаны не бұзбайды?

1. Ұмытып ішіп-жеу оразаны бұзбайды. Бірақ ұмытқан адам есіне түскен кезде жеуді дереу тоқтатуы керек;
2. Аузына келген қақырықты жұту;
3. Түкірік немесе мұрынды тарту арқылы бір нәрсенің тамаққа кетуі;
4. Құлаққа су кіру, бұлық ағу;
5. Темекі түтіні немесе топырақ, шаң, ұнның тозаңы, қардың ұшқыны, жауынның тамшылары тамаққа еріксіз кірсе, ораза бұзылмайды;
6. Тістердің арасында қалған тамақ қалдықтары ноқаттан кішкене болса, оны жұту оразаны бұзбайды;
7. Еріксіз ауыз толы құсу немесе оның ішке қайта кетуі оразаны бұзбайды;
8. Қан алдыру немесе сүлік салдыру;
9. Көзге дәрі тамызу;
10. Мисуак немесе тіс пастасын қолдану оразаны бұзбайды. Бірақ пастасы ішке кетіп қалса бұзылады. Ең абзалы таң намазы кірмей тұрып тістерді жуу;
11. Тіс жұлдыру оразаға кедергі жасамайды. Бірақ жұлдырған уақытта ауыздағы қанды яки дәріні жұтпау шарт;
12. Ауыз бен мұрынға су алып шайқау оразаны бұзбайды. Бірақ тамаққа кетпеуін қадағалау қажет;
13. Душқа жуыну, теңізге, көлге түсу оразаны бұзбайды. Бірақ, су жұтып қоюдан сақтануы керек.

Оразаны не бұзады?
1. Әдейі бір нәрсені жеп-ішу;
2. Темекі шегу, насыбай ату, дәрі ішу, құрамында нәрлі заттары бар укол қабылдау;
3. Cебепсіз қорек немесе қоректік қасиеті бар барлық заттарды біле тұра әдейілеп жеу оразаны бұзады;

Мұндай жағдайларда каффарат оразасын ұстау қажет. Каффарат – рамазан айының оразасын себепсіз, біле тұра бұзып жіберсе, екі ай ораза ұстауды, оған шамасы келмесе, алпыс кедейді тамақтандырып, тойғызуды айтады.

Сәресіде оқылатын дұға:
«Нәуәйту ән асумә саумә шәһри Рамаданә минәл фәжри иләл мағриби халисан лилләһи таъалә. Уа би сауми ғадин науайту мин шахри рамадан».

«Таңертеннен кешке дейін Алланың разылығы үшін Рамазан айының оразасын ұстауға ниет еттім».

Ауызашарда оқылатын дұға:
«Аллаһуммә ләкә сумту уә бикә әәмәнту уә‘аләйкә тәуәккәлту уә‘ала ризқикә әфтарту уә саумәлғади мин шәһри Рамадана нәуәйту, фәғфирлии мәә қаддамту уә мә аххарту».

«Я, Аллам! Сенің ризалығың үшін ораза ұстадым. Сенің берген ризығыңмен аузымды аштым. Саған иман етіп, саған тәуекел жасадым. Рамазан айының ертеңгі күнінде де ауыз бекітуге ниет еттім. Менің өткен және келешек күнәларымды кешіре гөр!»

Ашық дереккөздері негізінде әзірлеген

Қасымхан ҒАЛЫМ.

Басқа материалдар

Back to top button