«Негізгі міндет аймақтық қауіпсіздікті нығайту»
Президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ Өзбекстан қаласы Самарқандта өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің шағын құрамдағы отырысына қатысты. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Мемлекет басшысы Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевке қонақжайлығы мен Самарқандтағы ШЫҰ-ның кезекті саммитін жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін алғыс айтты.
Қазақстан Президенті ШЫҰ өзінің әмбебаптығы мен өзара ынтымағының арқасында қазіргі заманның ең өзекті мәселелерін шешуге елеулі үлес қоса алады және қосуға тиіс деп есептейді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Шанхай ынтымақтастығы ұйымына қатысушы елдердің қорғаныс ведомстволары мен арнайы қызметтері арасында әскери-саяси ынтымақтастықты арттыруды ұсынды.
«Ұйым қызметін одан әрі жетілдіріп, ШЫҰ кеңістігінде және одан тыс жерлерде негізгі үрдістерді болжау ісін күшейту маңызды. ШЫҰ қызметі оның жарғылық құжаттарында көрсетілген негізгі қағидаттардың өзектілігін айқындады. Олар: экстремизм, терроризм, сепаратизм секілді «үш зұлымдыққа» қарсы күрес, мемлекеттердің егемендігі мен территориялық тұтастығын қорғау, ішкі істерге араласпау», – деді ол.
Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев ұйымның негізгі міндеті аймақтық қауіпсіздікті нығайту болып қала беретінін айтты.
«Аталған өзекті салада бірлесе қызмет етуді көздейтін бұрын қабылданған құжаттарды іске асыруды жалғастыру қажет. Сондықтан қорғаныс ведомстволары мен арнайы қызметтер арасында әскери-саяси ынтымақтастықты арттыруды ұсынамын.
Осы ретте ШЫҰ-ның Орталық Азия өңірлік ақпараттық үйлестіру орталығымен арадағы қатынастарды нығайту маңызды рөл атқара алады.
Ұйымның ақпараттық кеңістігін қорғау инфрақұрылымын құру үшін киберқылмыспен күрес мәселелерінің өзектілігі арта түседі», – деді.
Қасым-Жомарт Тоқаев азық-түлік және энергетикалық қауіпсіздік мәселелеріне де арнайы тоқталды.
«ШЫҰ мемлекеттері – әлемдегі ең ірі ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруші әрі экспорттаушы елдер. Біз ШЫҰ аймағында да, одан тыс жерлерде де ауыл шаруашылығы өнімдерінің саудасын кеңейтуді ынталандыруымыз керек. Мемлекеттеріміздің халықаралық азық-түлік өндірісі мен жеткізу тізбегінің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуге қатысуы әлемдік азық-түлік нарығындағы тұрақтылықты сақтауға көмектеседі», – деді Президент.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы су ресурстарын игеру мен ұтымды пайдалануға көбірек көңіл бөлу қажеттігін айтты.
«ШЫҰ-ның Энергетикалық стратегиясын бірлесіп әзірлеу жаһандық және өңірлік энергетикалық тепе-теңдікті қамтамасыз етуге ықпал етеді. Біз сондай-ақ, Жаңартылатын энергия көздері саласындағы ынтымақтастық бағдарламасын қабылдауды өзекті деп санаймыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Кездесуде Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Үндістан Премьер-министрі Нарендра Моди, Қытай Төрағасы Си Цзиньпин, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Пәкістан Премьер-министрі Шахбаз Шариф, Ресей Президенті Владимир Путин және Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон сөз сөйледі.
Өз тілшімізден.