Жаңалықтар

Сарсаңға салған көлік салығы

Жасыратыны жоқ, жауапсыздығымыздан ба, салғырттығымыздан ба, көлік салығын уақытылы төлеуді жолға қоя алмай келеміз. Темір тұлпарды тақымдаған әр азамат саналы түрде 1 сәуірге дейін салық төлеуі тиіс болған. Екі жарым айдай уақыт өтті, қашып жүргендер көп дейді тиісті орган. Нақты санды сөйлетсек, облыста 37 291 көлік иесі 1 млрд. 255 млн. теңге берешек екен.

«Ережені бұзған адам айып төлейді, ал ережеге бағынған адам салық төлейді», – дейді Лоуренс Питер. Иә, біздің елде салықтың 12 түрі болса, оның ішіндегі «жыры» көбі – осы көлік салығы. Азаматтардың дені баяғыда сатып жіберген көліктерінің салығы өз атына келетініне шағымданады. Біз Қарағандының мемлекеттік кірістер департаментінен сұрап білдік, дәл осындай себеппен 3000-ға жуық азамат салық төлеуден бас тартып отыр. Неге? Көлік тұрмақ, қаңқасы да жоқ машинаның жыл сайынғы шығынын біз неге өтеуіміз керек дейді. Бірақ, бұл көліктер тіркеуде тұр. Тиісті орган өкілдері іздеп баққанын, шынымен жоқ екеніне көз жеткізген. Жоғарыда атап өткен департаменттің өндірістік емес төлемдер басқарма басшысының міндетін атқарушы Сапарбек Қашқынбай Үкімет азаматтардың уәжіне құлақ асып, жақын арада кешірім жариялайтынын жеткізді.

Иә, бұрын көлігі бар көпшілік темір тұлпарының салығын әр жылдың аяғына қарай төлейтін. Былтыр 10 желтоқсанда Салық кодексіне енгізілген өзгерістерге байланысты көлік салығын төлеу мерзімі биылғы жылдың сәуір айына ауысты. Былайша айтқанда уақыты созылды. Жоғарыда көрсеткеніміздей, керек қылмай жүргендер көп. Биылғы жылдың есебі бойынша 5 млрд. теңгедей салық есептеліпті. Оның бүгінгі уақытта 3 млрд.8 миллионы төленген.

Егер берешектен құтылмасаңыз, береке таппайды екенсіз. Қарызыңызды жылдап төлемей қашсаңыз, іс сотқа жіберіледі. Шешімге сай борышкердің есепшоты бұғатталады, шетелге шығуға тыйым салу секілді түрлі шаралар қолданылады. Ол аз десеңіз, көлігіңізді айып тұрағына, өзіңізді қамауға алады.

– Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 669-бабына сәйкес, сот шығарған шешімді орындамағандарға айыппұл салынып, немесе 5 тәулікке дейін қамауға алынады. Бұдан бөлек салық төлемдерін уақытылы жүргізбеген тұлғалардың меншігіндегі автокөліктерді арнайы аукционға да қоюы мүмкін. Сондықтан, халықты осындай келеңсіз жағдайларға жеткізбеуге және салықты мерзімінде төлеуге шақырамыз, – дейді Мемлекеттік кірістер департаменті өндірістік емес төлемдер басқарма басшысының міндетін атқарушы Сапарбек Амангелдіұлы.

Өңірде осы мақсатта жұмыс жүргізіліп жатыр. Полиция қызметкерлері, сот орындаушылары және салық комитетінің өкілдері жер-жерде рейд өткізуде. Мәселен, жақында ғана Саран қаласының бір азаматын тоқтатып, көп жылғы берешегін өтеуді талап етіпті. Көнбеген кейіп танытқанымен, эвакуатор шақыртып, енді айыппұл тұрағына әкеткелі жатқанда әлгі азамат ертеңге дейін уақыт беруін өтініпті. Ертеңінде уәде еткеніндей 500 000 теңге берешегін өтеген. Иә, салық төлеуден қашсаңыз, бірнеше мәрте шығынға ұшырайды екенсіз. Салық мамандарының айтуынша, эвакуаторға, айыппұл тұрағына және сот орындаушының шығынын салыққа салғырттық танытқан азаматтан өндіріліп алынады. Бұл, әрине қомақты берешегі барларға қолданылатын шара.

Сонымен, кейінгі үш жылда 6000-ға жуық үлкен берешегі бар, салықтан жалтарғандар анықталған. Департамент арнайы шара қолданғандықтан жартысы салық қарызын төлеген. Біздің өңірде 4-5 миллион берешегін төлемей жүрген азаматтар да бар екен.

Иә, көлік салығы көпшілікті сарсаңға салып тұр. Тіпті, бірнеше жыл бұрын көлігін сатып жіберсе де, салығы бұрынғы қожайынының атына келеді. Неге десеңіз, көлікті тек сенімхат арқылы ғана сатқан. Енді не істеу керек деген сауалымызға салық маманы былай жауап қайырды:

«Әкімшілік полиция комитетінен көлік тіркелген-тіркелмегені жөнінде анықтама алған жөн. Сол анықтаманы өзіңіз тұратын аумақтық мемлекеттік кірістер (салық) органдарына апарып көрсету керек. Егер атыңызда көлік шынымен де тіркелген болса, салық қызметкерлері төлемді алып тастайды. Болмаса, E-Salyq Azamat мобильді қосымшасын жүктеп алып, «Салық әмияны» айдарында орналасқан салық салу нысандары бөлімін таңдау керек. Онда «түзету» деген бар. Осы түзетуге қажетті мәліметті енгізген жөн», – дейді Сапарбек Амангелдіұлы. Маман жүрмейтін, жарамсыз көлікті де меншік мүлкі ретінде есептен шығарып тастау керектігін, егер есептен шығарылмаса, оған да салық есептелетінін еске салады. Сонымен қатар, спикеріміз көлік салығынан қашатындардың көбі – қозғалтқыш көлемі үлкен көліктің иелері екенін айтады.

Салықтарды уақытылы төлемеген жағдайда, өсім есептеледі. Қысқасы, берешектен құтылмай, береке таппайсыз. Біз де сөзімізді қорытындылай келе өсімпұлсыз берешегіңізден құтылуды құлаққағыс етеміз.

Қасымхан ҒАЛЫМ.

Басқа материалдар

Back to top button