Жаңалықтар

Волейбол алаңы – кентке тарту

Президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ өзінің халыққа арнаған Жолдауында елімізде бұқаралық спортты дамыту туралы айтқан болатын. Қарағанды облысында бұқаралық спорт жылдан-жылға қарқынды дамып келе жатқанын жақсы білеміз. Сондай бұқаралық сипат алған спорт түрлерінің бірі – волейбол.

Шет ауданына қарасты Ақадыр кентіндегі Ю.Гагарин атындағы мектеп-лицейінің жанынан салынған волейбол алаңының ашылу салтанаты өтті. «Балалар жылы» аясында іске асып отырған шараға аудан әкімі М.Мұхтаров бастаған әкімдік өкілдері мен кент тұрғындары қатысты. Шара барысында аудан басшысы кент жастарының бұқаралық спортпен айналысуына мүмкіндік беретін заманауи волейбол алаңын салып берген «КазСолар 50» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне алғысын айтты. Волейбол алаңының лентасын қию құрметіне аудан әкімі М.Мұхтаров, кенттегі еңбек ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Алпысбаев және «КазСолар 50» ЖШС-нің өкілі Б.Рақымжановтар ие болды.

Құттықтау тілектер соңы өнерпаздардың әсем әндеріне ұласып, мектеп оқушылары жаңа волейбол алаңында өзара шағын сайыс ұйымдастырды. Айта кетелік, аталмыш алаң кенттегі «КазСолар 50» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен жергілікті әкімдік арасындағы меморандум аясында, демеушілік негізінде кәсіпорын қаражатына салынған.

Мүсіркеп СЕЙДАХМЕТ.

ШЕТ ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button