Жаңалықтар

Арқа спортының қарашаңырағы

Серік ЕЛЕУОВ, Дмитрий КАРПОВ, Ислам БОЗБАЕВ, Серік СӘПИЕВ сынды спорт саңлақтарының қанатын қатайтқан, «Чемпиондардың ұстаханасына» айналған Әлия Молдағұлова атындағы облыстық мамандандырылған олимпиадалық резервтегі мектеп-интернат-колледжінің іргесі қаланғанына – 50 жыл толып отыр. Осы бір тарихи оқиғамен қатар, мектеп-интернат-колледжінің 11-сынып түлектеріне мектеп ғимаратында аттестат табыстады. Ал, 11 «а» сынып оқушысы, жеңіл атлетикадан «спорт шеберіне үміткер» Алиса НЕВЕНЧЕНКО «Алтын белгі» иегері атанды. Түлектерге аттестатты табыстау салтанатты жиынынан кейін кеншілер мәдениет сарайында AMANAT партиясы Қарағанды облыстық филиалының атқарушы хатшысы Бекзат АЛТЫНБЕКОВТЫҢ қатысуымен мерекелік кешке ұласты.

Ұядан ұшты шәкірттер қанат қомдап

Ғимарат 1971 жылы Қазақ КСР Министрлер Кабинетінің шешімімен спорттық бағыттағы №3 жалпы білім беретін мектеп-интернат болып құрылып, 1988 жылы Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың есімі берілді. Міне, содан бері 50 жылдан астам уақыт өтті. Мектеп-интернат талай саңлақтарды самғатқан облыс спортының қарашаңырағына айналып үлгерді. Осы уақытқа дейін Әлем, Азия, Еуропа, Олимпияда чемпиондары мен Халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері шықты. Өткенге көз жүгіртсек, еліміз Тәуелсіздік алғаннан бастап мектеп-интернат-колледжінің 35 тәрбиеленушісі 6 жазғы, 3 қысқы Олимпиада ойындарына қатысқан. Ал, ғимарат өз жұмысын бастағалы бері 9 тәрбиеленушіге КСРО және ҚР «Еңбек сіңірген спорт шебері» атағы беріліпті. Бүгінде сол саңлақтарымыздың ізін басып, жас ұрпақ өсіп келеді.

1990 жылы осы мекемеге жас маман болып келдім. Сол уақытта ақыл айтып, жол сілтеген ұстаздарым мен бапкерлерімді көріп қуанып тұрмын. Биыл тағы да түлектерді ұясынан ұшырғалы отырмыз. Қос қуанышты бөлісуге келгендеріңізге мың алғыс. Негізі, мерейтой былтыр тойлануы керек еді. Індеттің таралуына байланысты шегерілген-тін. Жас түлектерге сіздердің жолдарыңызды берсін. Елдің дамуы – жастардың қолында. Ал, сол жастарды тәрбиелеу – сіз бен бізге артылған міндет. Сондықтан, оларға дұрыс жол көрсетіп, бағытын айқындап беру шарт. Ертең орнымызды басатын да осылар, – деді облыстық мәслихаттың хатшысы, мектеп-интернат-колледждің директоры Ерден Халилин.

Биыл білім ордасынан 67 түлек қанат қақты. Сонымен қатар, 2019 жылы ашылған «Спорт жаттықтырушысы-оқытушы» мамандығы бойынша 30 студент алғашқы түлектері атанды. Оның ішінде, 1 «Алтын белгі» және 5 қызыл диплом иегерлері бар. Аттестат табыстау салтанатты жиынына ата-аналардан бөлек, әр жылғы мектеп түлектері жиналды. Мектептің ардагер ұстаздары да арнайы шақыртылды.

Баршаңызды мерекемен құттықтаймын. Шәкірттеріміз біз берген тәлім-тәрбиені бойына сіңіріп өсті. Әрқайсысы қазір өз алдына үлкен мектеп. Шәкірттеріміз өмірде өз орынын тапқаны – еңбегіміздің ақталғаны. Жас түлек – жолдарың ақ болсын! Өмірдің ащысы мен тұщысы, ағы мен қарасы қатар жүреді. Осы таңдаудан жаңылмай түзу жолға түсулеріңе тілекшімін, – деп тілек білдірді ардагер ұстаз Бижамал апай.

Бүгінде мектеп-интернат-колледжінің жаңа ғимаратында білім алушыларға барлық жағдай жасалған. 13 кабинет соңғы үлгіде жабдықталған. Оның ішінде, мамандандырылған химия, биология физика мен ағылшын тілі кабинеттері бар. Зертхана, медициналық пункттері мен кітапхана, шеберхана заманауи техникаларға толы. Сонымен қатар, заманауи талапқа сай 310 орынды жатақханасы да жұмыс істеп тұр.

Мектебіме, бапкерлер мен ұстаздарыма қарыздармын. Спорт мектебі тек спортқа ғана баулып қоймай, өмірге деген көзқарасымды да өзгертті. Нағыз спортшы, жауынгер ретінде тәрбиелеп шығарды. Ешқашан берілмеуді үйретті. Бапкерлеріміз бен ұстаздарымыз бізге тәрбиеленуші емес, өз баласындай өсірді. Бізге жақын болды. Сондай кісілердің тәрбиесін көріп өскендіктен болар, өмірден өз орнымды таптым. Қасиет сіңген қарашаңырақтың табалдырығынан шыққан түлектер де осал болмайтыны анық. Жеңісті де жемісті күндерің көп болсын, – деді қарашаңырақтың 1974 жылғы түлегі, Қарағанды техникалық университетінің техника ғылымдарының профессоры Әділ Сұлтанұлы.

Шара соңында түлектер қарашаңырақта 50 жыл қызмет атқарған ұлағатты ұстаз Сағынтай Аққожиннің иығына оқалы шапан жапты. Сонымен қатар, спорт интернатының түлегі, марқұм Боранқұл Нұрпейісовтің қарашаңырақ пен бокс спортына сіңірген еңбегі орасан еді. Мерейтойда ағамыз арамызда болмаса да ұлы Бейбарысқа мерейтой қарсаңында жарыққа шыққан «Саңлақтарды самғатқан алтын ұя» кітабы мен 50 жылдық мерейтойлық медалін табыстады. Айта кетейік, бұл кітапты мерейтой қарсаңында 50 жылда түлеп ұшқан түлектері бірлесіп құрастырған. Мұнда есімі елге етене таныс қарашаңырақ түлектері мен бапкерлерден бастап жұмыс істеген барлық ұжым енген.

Салтанаты жарасқан ұлы той

Түлектерге аттестат табыстау салтанаты Кеншілер мәдениет үйіндегі мерекелік кешке ұласты. Салтанатты шара барысында қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Әсия Нығметоваға «Еңбек даңқы» құрмет белгісі табысталды.

Мектеп интернат-колледждің – тарихы терең, дәстүрі бай. Әлемге аты мәлім талай спортшымыз осы қарашаңырақтан шыққан. Ел абыройын асқақтатып, көк байрағымызды әлемдік ареналарда тік көтеріп жүр. Осының бәрі қарашаңырақтың берген тәлім-тәрбиесінің арқасы. Сондықтан, бұл – Арқа жұртына ортақ той. Қарашаңырақ әлі талай қазақ жастарының маңдайындағы жұлдызын жағады. Ал, мұндай білікті мамандар әлі талай Әлем, Олимпиада чемпиондарын дайындап шығарады. Біздің тараптан қашан да қолдау бар, – деді Бекзат Қомарұлы.

Мектеп – ұстахана. Ал, ұстаз – ұста. Қай салада болмасын шәкірт тәрбиелеу – жауапкершілігі зор, бейнеті мол шаруа. Әрі қызық-қуанышы да қатар жүретін игі іс. Міне, осы уақытқа дейін талай спортшының бағын жандырған – осындағы мамандардың еңбегі. Салтанатты шарада ұжымның қызметкерлерін мәдениет және спорт Министрлігінің Құрмет грамотасы, облыс әкімінің Алғыс хаты және облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы мен облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасымен марапаттады.

«Елу жылда ел жаңа» демекші бүгінде Қарағанды спортының аяқ алысының қандай екенін көріп отырсыздар. Бұл білім ордасы тек спорттың қарашаңырағы ғана емес, үлкен тәрбиенің қарашаңырағы. Өсіп келе жатқан жас ұрпақ осы уақытқа дейін жеткен жетістіктерді жалғастырып, қазақ спортына үлкен үлес қосатынына сенімдімін, – деді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Темірхан Абылаев.

Кеш барысында ән шырқалып, күй шертілді. Толассыз тілек айтылды. Әлбетте, мектеп-интернат-колледжінің ұжымы мұндайға әбден лайық. Ал, білім ошағының заман талабына сай жұмыс істеп тұрғаны – болашаққа деген сенімді нығайтады.

Ербол ЕРБОЛАТ.

Суреттерді түсірген А.МАРЧЕНКО.

Басқа материалдар

Back to top button