Жаңалықтар

«Қазаққа жақын жүрсін дейміз»

Біз мемлекеттік тілді үйретуді бала жастан, яғни, балабақшадан бастауымыз керек. Соның жарқын үлгісі Топар кентіндегі «Ақерке» бөбекжайы. Мұнда 34 ұлт өкілі білім алады. Таза қазақ тілінде. Бірақ, сіз Топарда басқа балабақша жоқ шығар деген ойда болсаңыз, қателесесіз. 3 балабақша бар тағы. Ата-аналар аталған бөбекжайға өз еріктерімен беріп отыр бүлдіршіндерін.Балабақша 2008 жылы ашылыпты. 5 топта 125 бала мемлекеттік тілде білім мен тәрбие алып отыр. Мұнда орыс, неміс, башқұрт, беларусь, украин, татар, корей, молдаван, болгар балалары бар. Ата-аналары балаларын осы шаңыраққа тапсыруға құштар. Неліктен?

– Жалпы, біз Қазақстанда тұрғандықтан мемлекеттік тілді жақсы меңгеруіміз керек. Баламыздың болашағы үшін осында беруді ұйғардық. Тілді үйренсін, қазақ мәдениетін бойына сіңіріп өссін деп шештік. Міне, соның нәтижесі де бар. Үйде байқаймыз. Екінші баламызды да ойланбай бердік. Мұндағы тәрбиешілер өз балаларындай қарайды, – дейді Надежда Сахарова есімді ана.

Балабақша директоры Айзат Назированың айтуынша, өзге ұлт өкілдерінің барлығы «балаларымыз қазақ тілін білсе екен» деп береді. Әйтпесе, кентте орыс тілді балабақшалар да бар екен. «Мұндағы балалар ерекше бауырмал. Тез тіл табысып кетеді. Тәрбиешілеріміз қазақша ән айтқызып, биге үйретеді. Ұлттық тәрбиеге баса назар аударамыз. Үлкенді сыйлау, құрметтеу, ата-анаға қолғабыс ету секілді құндылықтарды үйретеміз. Сондықтан, болар бізге балаларын беруге құштар», – дейді Айзат Әбеуғалиқызы.

Қасымхан ҒАЛЫМ.

Басқа материалдар

Back to top button